Жақсылық Қазымұратұлы. Менің "Түнгі сарыным"

Жақсылық Қазымұратұлы. Менің "Түнгі сарыным"
Фото: Аслан Тілеген, Жақсылық Қазымұратұлы, shaimaran.kz

2007 жыл, күз, қараша...

Үрімжі. Қаланың қабағы қарауытып тұр. Түстіктен ескен суық жел сүйекті қариды. Орталық көшені бойлап ілбіп келемін. Бағытым кітап дүкені. Мұнда келгеніме тым ұзақ болған жоқ. Қаланың ұңғыл-шұңғылын әлі жыға танып үлгермедім. Ұшар басына қарасаң, бас киімің жерге түсетіндей биік ғимараттарға, иінтірескен көліктерге, арлы-берлі сабылысқан адамдарға қызықтап қараймын. Міне, жол жиегінде сақалы күмістей ұйғыр шал дутар шалып отыр. Бастапқыда тізерлеп отыр екен десем, жоқ, тізесінен төмен тұсы жоқ екен. Тоқымдай көрпешеге қонып алып, дутарын беріле тартып жатыр. Дутардың зарлы үнін кейде көліктің ащы дауысы көміп кетеді. Бірлі-жарым адамдар аялдап, жерде жатқан бөркіне тиын-тебен тастап өтіп барады. Мен сәл іркіліп тұрдым да, жүріп кеттім.

Сәлден соң кітап дүкеніне де жеттім. Әлде үш, әлде төрт қабатты еңселі дүкен. Қай кезде келсең де кісі аяғы үзілмейді. Қазақша кітаптар бөлімі – екінші қабаттың оң жақ бұрышында, бұрыш дегенім болмаса, ат шаптырымдай алаңқы. Биік-биік сөрелер сірескен кітаптар. Бұл жерде сізге ешкім кедергі келтірмейді, адамдар бір-біріне сыбырлап сөйлейді, аяғының ұшымен жүреді. Тіпті, кітап сатып алмай-ақ, қалағаныңызды сағаттап осында оқуыңызға да болады. Мұнда бұған дейін де бірнеше рет келгенмін. Кітаптардың көбісіне көз үйреніп қалған. Сонда да шетінен сүзіп, бір-бірлеп қарай бастадым. Бір кезде көкшіл мұқабалы кітапқа көзім түсті, “Мұрат Шаймаран, “Түнгі сарын” деп жазылыпты. Авторын бірден тани кеттім. Жаңылмасам, “Іле жастары” дейтін әдеби журналдан топтама өлеңдерін оқығам. Әсіресе, Ли Байға арнаған өлеңі есімде қалыпты. “Түнгі сарынды” қуана бас салдым. Кітаптың бірінші бетін аштым. Бұйра шашты, қою қасты, қой көзді жігіт ағасының суреті тұр. Көз шанағына тұнған ой теңізі ағысын ішіне бүгіп бүлкілдеп қайнап жатқандай сезілді. Кітапты ары қарай асығыс парақтай бастадым. “Ұран от болып жарқылдап” дейтін алғысөзін бір деммен оқып шықтым (авторы Серік Қауымбайұлы). Шынымды айтсам, көп кітаптан кездестірмеген өзгеше лепеске жолықтым. Бірақ мұны да қанағат тұтпай өлеңдерін оқи бастадым. “Тырналар”:

“Жеткенін күздің естіртіп,
Тырналар қайтса тырлаулап,
Кеудемде жатқан ескі үміт,
Түсетін еді бір аунап”, – ғажап, бұрын бір жерден оқыған өлең сияқты жаныма сондай жақын, кітап бетінен бұрқырап тараған жылылық тамыр-тамырыма тарап барады.

“Студент сағынышы”:
“Қысқы кеште, пеш түбінде,
Ұршығыңды иіріп.
Отырсың ба, жаным апа,
Көздеріңде мұң ұйып…”

Жып–жылы құшаққа еніп, маужырап барамын, әр өлеңді оқыған сайын кеудемде үміт оты тұтанады. Бастабында көбелектің қанатындай жеңіл ырғағымен елітіп алған отты жырлар енді бірте-бірте қорғасындай ауырлап, тереңіне тартып барады. Жоңғардың апайтөс даласы, жылтылдап жанған от, қара түнде мүлгіген тораңғы, меңірейген топ-топ жыңғыл, қырда кісінеген жылқы дауысы, суық түнде шатқалда ұлыған бөрінің зарлы үні. Тұлпардың тұяғының дүбірі, қайыршының күбірі... Бәрі-бәрі елітіп, елтіп, жанымды баурап әкетті.

Қаланың тағы бір сұрғылт күні батып, көз байлана бастады. “Түнгі сарынды” қолтығыма қысып тысқа шықтым. Жарқырай жанған көше шырақтарынан ығысқан қою қараңғылық үй-үйдің бұрыш-бұрышынан сығалайды. Ызғырық әлі тебітіп тұр. Келген ізіммен қайтып барамын. Бойым тоңази бастады. Санамда шынымен де “Ұран от болып жарқылдап”, қанат біткен қиялым тым алыстарға сұңқылдап ұшып барады. Манағы қайыршы шал отырған жерге жеттім. Ешкім жоқ, кенет құлағыма дутардың мұңлы да ащы үні естілді. Қырда жылқы кісінегендей болды. Меңіреу шатқалдан бөрі ұлығандай сезілді. Жоңғардың апайтөс даласындағы кәрі тораңғы селт ете қалды... Мынау қала, анау дала айғай-шудан, даңғаза ойдан қашып барып, қою түннің құшағына бойын жасырып, әлдебір сарынға елітіп жатқандай көрінді.

Жіті басып жатақханаға жеттім. Біреу ұрлап кететіндей “Түнгі сарынға” асығыс атымды жаздым. “17.11.2007” деп қосып қойдым. Сол күннен бастап бұл кітап менің сырласыма айналды. Әр өлеңін, дастан, поэмаларын бірнеше қайыра оқып шықтым. “Ит” секілді бірнеше өлең, поэмаларды қойын дәптеріме көшіріп те алдым. “Ақталу”, “Арман”, “Хафизге шағыну” сияқты өлеңдерін топ ортада талай рет шабыттанып оқып жүрдім. Менің көкірегімде көкжиегіне көз жетпейтін “Түнгі сарын” дейтін кеңістік ашылды. Ара-тұра ақынның өмірі, тіршілігі туралы ойлап, қиялдап қоямын. Ондайда кітаптың бірінші бетіндегі бұйра шашты, қою қасты, қой көзды жігіт ағасының суретіне қараймын, қараймын да күрсінем.

Үрімжіге көктем келді. Қыс бойы суық жел қарыған қаланың көшелері бусанып, табиғаттың бойына жан кіре бастады. Мен де оқуымды аяқтап, ауылға қайтуға дайындалдым. Вокзал... Арлы-берлі ағылған адамдар легі, құжынаған көліктер нөпірі. Вокзалға кірер тұстан дутар тартып отырған ұйғыр шалды көрдім. Мақамды әуез мың құбылады. Кейде көзін тарс жұмып алып, басын шұлғып жібереді де, дутардан маздап шыққан зарлы әуенге қарлығыңқы дауыспен ән қосады...

Автобус ақырын жылжыды. Терезе сыртында Үрімжі қалып барады. Ойыма:

“Аттанып кетермін мен ертең,
Таңдарым нұсқаған жол маған.
Әрі жат, әрі ыстық бұл өлке,
Сондайсың сен маған”, – деген өлең оралды. Манағы дутаршы шалдың қарлығыңқы дауысы алыстан талып естілгендей болды. Айтпақшы, М.Шаймаран осы Үрімжіде туған. Алғаш қаз тұрып осы топырақты басып, мынау әлем-жәлем дүниеге уыздай бала көңілімен осы мекенде қараған. Енді, міне, төл перзентінің тұңғиық жырлары Үрімжі аспанында әуелеп тұрғандай. Анау дутардың мұңлы әуенінде, қарлығып шыққан ұйғыр шалдың үнінде, бұрыш-бұрыштағы қайыршылардың әр адам өткен сайын жылт етіп оянатын үмітінде, кешке майханадан алабұртып шығып аппақ айға күмілжіп қарап тұрған бозбала ақынның аласатқан көңілінде, адамдардың аңсар арманында, жүрек бұлқынысында, жан айғайында “Түнгі сарын” бүршік атып бүрлеп жатқандай сезілді. Кейін, біраз жылдан соң ол өзінің туған қаласына “Шет қалып барасың-ау, шерлі қалам” деген өлең арнады. Онда:

“Демін тартып бір сәтке тынған ғалам,
Суреттей кір саусаққа былғанбаған.
Боғда шалдың оранып шалғайына,
Бүк түсіп жатыр менің туған қалам.

Парағын ақтара ма жыл-шежіре,
Оқи ма сараңы мен дүмшесіне.
Телміріп талай тұрғам анау маңда
Ұйғырлардың қып-қызыл күлшесіне.

Мен жоқпын, сен де жоқсың енді маған,
Тағдырын Алатауға берді балаң.
Кедейдің жылуы жоқ шекпеніндей,
Шет қалып барасың-ау, шерлі қалам”, - деп жырлады. Дәл осы сәтте әнеубір дутаршы шалдың зарлы үні оның құлағының түбінен талып естіліп, қарлыққан дауысы жүрегін жұлмалағанына шүбәсіз сендім...

Аз уақыттың ішінде мен де Үрімжіге тез бауыр басып кетіп едім. Міне, қайтып барамын. Тек, “енді Алматыға жетсем” деген арман ғана жанымды жұбатады.

***

2008 жыл, күз. Алматы.

Жүрегіме жақын сенің есімің,
Әкем десем, анам десем несі мін.
Жарқыраған көк тасында көшеңнің,
Ізі қалған Сәкен бәтінкесінің…”, - деп басталатын Т.Айбергеновтың өлеңі тіл ұшына орала береді. Әр нәрсеге тамсанамын, әр нәрсеге таңданамын. Асқар Алатауға, көркем Көктөбеге аса бір ынтық сезіммен құмарта қараймын. Неге екенін білмеймін, Алматы маған ақындар ғана өмір сүретін, әр тұрғыны тебіреніп өлең оқитын шаһардай сезілді. Тіпті кейде кең көшені басыма көтеріп айғайлап өлең оқығым келетін. Ақын-жазушылардың төбесін көрсем, не істерімді білмей тыпыршып кететінмін. Алғаш Т.Молдағалиев, М.Шаханов ағаларымызға сәлем беріп, қолтаңбасын алғанымда қуаныштан кірпігіме лып етіп жас үйірілгенін айтсам, сенбейтін де шығарсыз.

Қазан айы орталап қалған кезде ҚазҰУ-дың дайындық факультетіне оқуға түстік. 10-жатахананың 302-бөлмесі ауылдан бірге келген жас жазушы Мейіржан Әуелханұлы екеумізге бұйырды.

Мен Алматыға келе сала екі ақынды іздестіре бастадым. Біріншісі –Мұрат Шаймаран, екіншісі – жас пері Қайсар Қауымбек. “Түнгі сарынның” авторын іздеуім орынды, әрине. Ал Қайсардың әдеби басылымдарда жарияланған өлеңдерін және бір альманахқа басылған топтама жырларын оқып, атына сырттай қаныққам. Өзімнен екі-үш-ақ жас үлкен жігіттің дәл мынадай жыр жазғанын іштей қызғандым әрі қызықтым. Танысып-білісуге құмарттым. Мұрат ағаның ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде оқытушы, Қайсардың филология факультетінде студент екенін білгенімде, оларға бір табан жақындағаныма қуандым.

Күндер өтіп жатты. Алматының таңнан-таңға созылатын сібірлеген сары жауыны басылар емес. Жауыны аздау өңірден келген соң ба, маған бұл қатты ұнады. Кейде, тіпті, бөлменің терезесін ашып, сіркіреген жауынға қарап дауыстап өлең оқимын:

“Жасқа малар самырсындар кірпігін,
Ақ қайыңдар қалар дүр-дүр сілкініп.
Талай болды-ау тамшы күтіп тұрғалы,
Менің ескі лашығымның жыртығы…”

Менің жаным да әлденені аңсап күтетін секілді. Нөсер астында үн-түнсіз мелшиіп тұрғым келетіні несі екен?

Жауыннан кейінгі құлпырған табиғатқа тамсана қараймын. Терезенің тұсындағы қайыңның сарғыш жапырағына тұнған тамшыларға қызыға көз тастаймын. Көкірек тұсым “таңғы шықтай мөлдіреген махаббат, таңғы шықтай тез өлді…” деп сыздайды. Жеңіл күрсінемін. Сөйтем де, Мұрат Шаймаран туралы ойланамын. “Ол кісі Алматыға келгелі қандай өлеңдер жазды екен?” деп іштей тамсанамын.

Бір күні Мейіржан бөлмеге мұртынан күліп, мәз болып келді. Қолтықтаған біраз кітабы бар. Кірген бойда “Мұрат Шаймаранды көрдім”, - деді. Мен отырған орнымнан ұшып тұрдым. Дәл қазір тап сол ақынның өзі есіктен кіріп келетіндей жүрегім тулай жөнелді. Сөйтсем, Мейіржанның Жәнібек дейтін нағашы ағасы журфакта оқитын. Мұрат ағамен оны осы Жәнібек таныстырыпты. Үшеуі Қалибек Хакімнің 120 жылдығына арналған еске алу кешіне, Ғ.Мүсірепов театрына барыпты. Мейіржан осы әңгімені айтқанда сәл мақтанып: “Мұрат аға бізді машинасымен алып барды”, - деді. Мен қылт етіп қызғана қалдым, мұны байқаған Мекең: “жақында тағы жолығам, сені ертіп барайын”, - деді сөзін жалғастыра. Бірақ Мұарт ағаға жолығудың реті келмеді.

Алматыны қақтап емген қара суықтың беті қайтып, жапалақтап қар жауып, қыс басталды. Жап-жасыл шыршалардың желкесіне қонған аппақ қарға қызыға қараймын. Тұтас дүние томсарып, айналаға момақан тыныштық орнады. Бұл кезде Алматыға алғаш келгендегі асау көңіл сәл жуасып, сабасына түскен. Көңілді белгісіз салқындық кіреукелеп, Алматы ақындар ғана өмір сүретін, әр тұрғыны тебіреніп өлең оқитын шаһар емес екеніне көзім жете бастады. Содан да болар, көңілім қоңылтақсып, ауыр-ауыр күрсінетін болып алдым. Жатақхананың артындағы дәу қара ағаштың түбінде иттің ұясы болушы еді, сондағы сары қаншық күздің соңын ала күшіктеген, қазір күшіктері де аяқтанып қалыпты, ұлпа қардың үстінде асыр салып, бір-бірін тістеп, қашып ойнап жүр. Күшіктердің қамсыз өміріне қарап күлдім. Іле жеңіл күрсіндім...

Алматыға көктем келді. Сай саладан қардың суы сарқырап ағып, аз уақыттың ішінде дүние түрленіп сала берді. Әлгі күшіктер ұясынан ұзап шығып, жатақхананың алдына, төменгі күре жолдың жиегіне дейін тамақ іздеп барып-келіп жүрді. Өздерінің тұрқы да өсіп, жонданып, жұмырланып келеді екен.

Көктемнің осындай жайма-шуақ күнінде Мұрат Шаймаранмен жолығудың сәті түсті. Бұл – 2009 жылдың наурызы еді. Қарашаңырақ ҚазҰУ-дың 75 жылдық мерейтойына орай, студенттердің арасында мүшәйра ұйымдастырылды. Мен осы мүшәйраға қатысып жүлделі орынға іліктім де, Студенттер сарайындағы концертке қатысатын болдым. Мұрат ағамен осы концерттің дайындығында жолықтым. Ол кісі студенттерді дайындыққа алып келіпті. Сыртта темекі тартып тұр екен. Имене басып қасына келдім де, төменшіктеп амандастым. Сәлемімді жылы қабылдады, бірақ аса мән бермеді. Темекісін құшырлана тартып, қасындағы кісілерге әңгімесін жалғастыра берді. Түрі “Түнгі сарындағы” суретіне мүлде ұқсамайды. Бұйра шашының қайраты сәл қайтып, ақ бурыл тара бастапты. Қоңыр түсті үлкен көзілдірігін қайта-қайта қозғап көтеріп қояды. Темекіні жиі тартады екен. Мен бұдан ары тұра беруді ыңғайсыз сезіндім де, қоштасып ішке кірдім. Мұрат ағаны көргеніме қуанып, жатақханаға желпініп қайттым.

Ертесі күні ол кісімен қайта жолықтым. Бұл жолы да жылы амандасты. Арнайы ала барған “Түнгі сарынды” ұсынып, төменшіктеп қолтаңба сұрадым. Қоңыр түсті үлкен көзілдіріктің арғы жағындағы қой көзі оқыс жарқ ете қалды. Менен мұны күтпеген секілді. Жұлым-жұлымы шығып әбден тозған өз кітабын қолына ұстағанда ірі денесі қозғалақтап кетті, іштей толқығанын сездім. Тіпті, қатты таңғалған сияқты, ұзақ уақыттан бері ешкім дәл бұлай кітабын алып келіп қолтаңба сұрамаған-ау?! “Жақсылық інім, шығармашылығыңа табыс тілеймін, өміріңе табыс тілеймін. Ағаң М.Шаймаран”, - деп “табыс” деген сөзді екі қайталап қол қойды. Әлі де толқып тұрғанын байқадым. Кітапты өзіме қайта беріп жатып: “өзің де ақынсың ау, ә?” - деді. Мен еш қымсынбай “иә” дедім, осы сенімді жауаптан соң “Кәне, бір өлең оқышы” дейтін шығар деп үміттеніп едім, тіпті іштей оқи жөнелуге дайын тұрғанмын, жоқ бұл кісі өйтпеді, жүзінен ешқандай артық әсерлену немесе сүйсінудің белігісі де байқалмады, тек: “жарайсың, жаз, жаза бер”, - деді. Әлдебіреулер қасымызға келді де, әңгімеміз осы тұстан үзілді. Мен Мұрат ағаның телефон нөмірін жазып алып, хабарласып тұратынымды айтып қоштастым. Көңіліме қанат бітіп жатқханаға желпініп қайттым, кітаптағы қолтаңбаны сипап-сипап қоямын, оны Мейіржанға көрсетіп мақтанғанша асығып келемін.

Уақыт жылыстап өтіп жатты. Ақыры өлеңдерімді Мұрат ағаға апарып көрсетуге бекідім. Ол кезде қазіргідей компьютердің тілін білмеймін, жазуы жақсы бір қызға өтініш айтып, тәуір деген 6-7 өлеңімді ақ параққа көшіртіп алдым. Алдымен жұмысында бар-жоғын білейін деп телефон шалдым, арғы жақтан таныс дауыс естілді, сәлем беріп, өзімді таныстырдым. “О, Жақсылық қалайсың? Амансың ба, хабарсыз кеттің ғой”, - деді, дауысы манағыдан сәл көтеріңкілеу, көңілділеу естілді. “Хабарсыз кеттің ғой” деген сөзін жаныма жақын тартып, арқаланып кеттім бе, “аға, қайдасыз, сізге жолығайын деп едім”, - деп қойып қалдым. “Кел, жұмыстамын, қайтайын деп отыр едім, сені күтейін” - деді. Мен табаным жерге бірде тиіп, бірде тимей журфактың оқу ғимаратына жүгіріп жеттім. Мұрат аға ол кезде деканның тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болатын. Кабинетінің есігін ақырын қақтым да, рұқсат күтпей-ақ кіріп бардым. Шағын кабинеттің төр жақ терезе алдындағы орындықта отыр екен, мені көрген жерден: “Жақсылық қалайсың?” - деп, орнынан тұрып, маған қарай жүрді. Сәлем беріп те үлгермедім, әрі мынадай емен-жарқын ілтипатты күтпегендіктен бе, сәл іркіліп барып қолымды созып амандастым, салалы саусақтарымен кішкентай алақанымды мытып ұстап, бауырына тартқанда кең құшағына көміліп кеттім. Амандығымды, оқуымды сұрап құрақ ұшып жатыр. Бір кезде ретін тауып, өлең алып келгенімді айтып, қағазымды бердім, дауысым естілер-естілместей бәсең шықты. Қағаздың бүктеуін жазып: “жазуың жақсы екен” деді. Бетім дыз ете қалды. Ештеңе айтпадым. Өлеңдерді бір шолып шықты да: “асықпай оқып шығайын, маған қалдырып кет”, - деді. Мен басымды изедім. Сәлден соң сыртқа шықтық, дала ала көлеңкеленіп, кеш батып қалыпты. Артқы жақтағы жатаған шыршаның түбіне келіп темекі тартты, алакөлеңкелеу жарықта темекінің көкшіл түтіні анық көрінді. Бір-екі рет сораптап тартқанда-ақ бір темекі таусылды. Екіншісін тұтандырды. Ұшындағы шоғы жыл-жылт етіп екінші темекі де тез өшті. Біз оны-мұны айтып сәл тұрдық та, қоштастық.

Осы кездесуден соң, Мұрат ағамен байланысым жақындай түсті. Жиі жолығып тұрдық. Кейде Мейіржан екеуміз барамыз. Ол кісі де жатаған шыршаның түбінде темекісін тарта отырып түрлі әңгімелер айтады. Біздің де сұрағымыз таусылмайды. Әңгіменің негізгі ауаны әдебиет, өнер, “Түнгі сарын” төңірегінде болады. Кейде өз өлеңдерін өзіне жатқа оқып береміз, ондайда едәуір қуанып, желпініп қалады. Бір күні осындай әңгіме арасында: “сендер неге журфакқа оқуға тапсырмайсыңдар?” - деді. Біз елең ете қалдық, негізі Мейіржан филологияға дайындалып жүр, ал менің математикам нашар болғандықтан ол жаққа тапсырудан жүрексінетінмін, Мұрат ағаның мына сөзі үміт отын тұтатты. Журфакқа қалай тапсыратынымызды, емтиханның қалай болатынын сұрап білдік, Мейіржан қашанғы сабырлы мінезіне салып “ойланайын аға” - деді, мен сол жерде-ақ елп етіп: “журфакқа тапсырамын”, - дедім. Өйткені басқа жол да жоқ еді.

Мұрат ағаға өлеңдерімді апарып бергеніме де біраз уақыт болды. Одан бері де бірнеше рет жолықтық, бірақ ол туралы ештеңе айтпады. Бір жолы кабинетінде отырғанымызда өлеңнің жайын суыртпақтап сұрап едім, үстелінің тартпасын ақтарыстырып өлеңдерімді алып шықты да: “жарайсың, жаз, жаза бер”, - деді де, өзіме қайтарып берді. Көңілім сәл суып қалды, қағаз да суып-суық болып сезілді. Не “өлең оқы” демейді, не оқыған өлеңіне: “жарайсың, жаз, жаза бер” дегеннен асырып ештеңе айтпайды. Мен тіпті осы топтама өлеңдерімді бір басылымға жариялап беретін шығар деп те үміттенгем. Шынымды айтсам, сәл өкпелеп қалдым. Кейіннен ол кісіні тереңірек танып, жанының қыртыс-қатпарын түсінген соң, мұның мәнісін білгендей болдық. Қаламгердің жалғыз мақсаты – жазу екенін Мұрат ағаның өмір жолына қарап сезіне бастадық.

Бір күні Мейіржан: “Мұрат ағадан сұхбат алатын болдым, Қытайдағы қазақтардың “Сен – қазақ” дейтін сайтына жариялаймын”, - деді. Тіпті сұрақтарын да дайындап қойғанын, ертең алып барып беретінін айтты. Мен іштей таңғалдым әрі Мейіржанның батылдығына сүйсіндім. Ол кезде Мейіржан екеуміздің жұбымыз жазылмайтын, қайда барсақ та қосақталып жүреміз. Ертесі Мұрат ағаға да бірге бардық. Журфактың астындағы буфеттен көтеріліп келеді екен, алдынан шығып амандастық, қасында шашы тып-тықыр, иегінің астында түймедей ғана сақалы бар, көзілдірігін танауының үстіне кигізе салған қара жігіт бар. Мұрат аға ол кісіні: “Қойшыбек Мүбәрак деген мистик жазушы ағаларың” деп таныстырды. Атын сырттай білетінбіз, жамырап амандастық. Мейіржан Мұрат ағаға сұрақтарын берді, сол жерде тұрып оқып шықты да: “журфакқа тапсыратын-ақ баласың, әлі де ойлан”, - деді. Сәлден соң сабағы бар екенін айтып қоштасты, Мейіржанға сұрақтармен толық танысқан соң өзі хабарласатын болды.

Көп кешіктірмей Мейіржанның сұрақтарына жауап берді. Біз ойлағаннан әлдеқайда бітімі бөлек, ойы терең тұшымды жауаптар жазыпты. Мейіржан дауыстап оқып шықты, сұхбаттың кей тұстарында ішкі ой ағысымыз түйілгендей, іркіліп-іркіліп қалдық. Ең қызығы, сұхбатқа қосып өлеңдерін де беріпті. Кезек-кезек бас алмай оқыдық. Міне ғажап, менің көптен бері көңілімді көлеңкелеп, жанымды жегідей жеп жүрген сауалдардың жауабы самсып алдымнан шыға келді. Алғашқы оқыған өлеңім “Түсіме ылғи арғымақтар кіреді”:

“Тентек ұлдың үкімін сен айт, елім.
Маған жел де жете алмайды-ау, әй, тегі.
Алматының көне көшелерінен,
Жұлдыздай боп ағып өтсем қайтеді?!”, - өлеңнің дәл осы тұсына келгенде өз-өзімнен тебітіп, тақымымды қысып қойдым. Ары қарай “Алматы” дейтін өлең:
“Жалаңаш жалаулар, ұр да жық ұрандар,
Және де тұмандар, тұмандар – Күмәндар.
Шаң басқан балағын шәкене қазақтар,
Ғаламның сиқырын білетін Сығандар.

Кірлеген Кіндіктер, ісінген Кеуделер,
Лыпасыз әсемдік көшеде сенделер.
Қиқулы заманның, тойымсыз құшақтың,
Рахатын мастана жырлайтын теңгелер”, - жүрегім атқақтап аузыма тығылды. Жалғастырып оқу үшін терең тыныс алдым, әлде күрсіндім. Менің жоғалған армандарым, адастырған жолдарым, сөнген үміттерім мына өлеңде маздап жанып тұр, бірақ соншалық суық, соншалық салқын.
“Қол жайған бөбектер, иесіз төбеттер,
Жарқын күн! Бір саған апарар жоқ өткел.
Атақты ақынның көшесі бойында,
Бір тілім нан үшін өртенген өзектер…”
Өлеңнің әр тармағы жаныма шым батып, жүрегімді шымырлатып барады. Етегіңе орала кететін сыған әйелдің кірқожалақ балалары, жүрегіңнің басына мұз болып байланып, тұлабойыңды қалтыратып қаритын бір кездегі асқақ арман, жатақхана артындағы қара ағаштың түбіндегі иесіз күшіктер. Бәрі-бәрі көз алдымнан сырғып өтіп жатыр. Өлеңнің құдіреті, жырдың мұраты дегеніміз осы болар.
“Қаңғырған бұлақтар, қартайған емендер,
Еменге асылып өлетін Өлеңдер.
Қайғының шарасын шайқаған шайырлар,
Шайырлар – жүректер, жүректер – шемендер…” дәл осы шумақты оқығанда көз жасым ішіме құйылғандай кеуде тұсымды жылы ыстық ағыс қарып өтті:
“Жазылмас жараның тапсам деп бір емін,
Мойныма бұршақ сап, Алладан тіледім.
Булыққан төсімде бүлк етіп жатырсың,
Алматы – о менің жаралы жүрегім”, - бәрі айтылды, іштегі шер-шемен ақтарылып төгілді, жеңілдеп қалғандай болдым. Бірақ мұнан кейінгі “Элегия” дейтін өлең жаныма тіпті де ауыр тиді.

“Ақшамы нән қаланың, сірә, суық,
Тұрды Төбет аштықтан бұратылып.
Тұрды Төбет бойында қара жолдың,
Мұң ұялап жанарға бұла тұнық...

Тұрды төбет бар ойы қалмау құлап,
Табылар ма тасбауыр жолдан қуат?
Тұрды Төбет тұмсығын көкке білеп,
Ұлығысы байқұстың келді-ау, бірақ...

Талақ етіп салқын күн, түнді ғаріп,
Өлім биін биледі мың бұралып.
Аштық па, әлде, ашу ма аласатқан,
Доңғалаққа ол өзін ұрды барып…”, - көз алдыма жол бойында көлікке соғылып өліп жатқан иесіз төбет елестеді, жатақхананың артындағы, кәрі қарағаштың түбіндегі күшіктердің біреуі емес пе екен деген үрей сап ете қалды, балконға жүгіріп шығып қарағым келді, бірақ батпадым... Кенет құлағыма ыңырана қыңсылаған Төбеттің дауысы естілді. Әлі де жаны шықпай қиналып жатыр-ау. Әлгі дауыс тіпті менің ішімнен шыққандай сезілді. Иә, ішімде кәдімгі Төбет ыңырана қыңсылайды. Ақыры оны да өлтіріп тындым. Шарасыздықтан күрсіндім.

Сол күні осы өлеңдердің біразын қойын дәптеріме қөшіріп алдым.

Алматыға жадырап жаз келді. Көктемгі нөсер жауыннан соң, дүние сілкініп оянды. Бұлақ сылдырлап, құрақ сыбырлап, табиғат түрленіп түлей бастады. Бұл кезде Мұрат ағаға тіпті де жақындап, күн құрғатпай жолығып тұрамыз. Мейіржан да, мен де журфакқа оқуға тапсыратын болдық. Ақыры емтихан күні де келіп жетті. Мұрат аға шығармашылықтан толық балл жинауымызға көмектесті. Онан соң қазақ тілі мен Қазақстан тарихынан кешенді тестілеуге қатыстық. Құдай қолдап күзде екеуміз де оқуға түстік.

Алматыға сары ала көйлек киіп күз келді. ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің студенті атанғанымызға шүкіршілік айттық. Жаңа орта, жаңа өмір басталды. Мұрат ағамен енді күн сайын жолығамыз, кей күндері буфетке апарып шай алып береді. Сөйтіп жүргенімізде бір күні үйіне шақырды. Біраз уақыттан бері жанында бірге жүріп, бойым үйренісе бастаған сияқты еді, мына сөзін естігенде әлі де бір қорқыныш сезімі лып етіп бетіме шыға келді. Неге екенін білмеймін ағамның үйіне баруды қаншалық қалап тұрсам да, сәл тартынып, имендім. Бірақ бас тарпадым.

Мұрат ағаның көлігімен Алматының аяқ тұсындағы “12 декабрь” деген ауылға келдік. Күн ұясына батқанымен, ауа сәл қапырық. Оның үстіне, ыстық желемік соғып тұр. Көлік жатағандау жер үйдің алдына келіп тоқтады. Жеңгеміз жылы қабақпен күтіп алды. Кешкісін аулаға шығып отырдық. Ыстықтың беті қайтып, күздің салқын желемігі шығып тұр. Бозамық бұлттың астынан айдың сұлбасы ағараңдайды. Мұрат аға жастық кезін, өткен-кеткен өмірін есіне алып, Алматыға қалай келгенін, ҚазҰУ-де қалай оқытушы болғанын айтып кеңінен көсілді. Әдетінше, жиі темекі тартты. Кейде көз алдындағы темекінің қою түтініне қарап сәл үнсіз отырып қалады. Будақ-будақ түтін құйрығын бұлаңдатып аз тұрады да, ауаға сіңіп жоқ болады. Ол кісі осыны қызықтағандай қайта бұрқыратып темекісін тартады. Көз алдындағы будақтаған түтіннің ішінен әлдене іздегендей үнсіз отырады да, үзіліп қалған сөзін жалғайды. Қараңғылық қоюлана түсті. Үйден кешкі асқа шақырған жеңгеміздің дауысы естілді. Тек сол кезде ғана денемнің сәл тоңазып қалғанын сезіндім.

2010 жылы көктемде Дүниежүзі қазақтарының “Атажұрт” баспасынан Мұрат ағаның кітабы шығатын болды. Бұл жаңалыққа ол кісі мәз болып қуанып: “Атажұрт” баспасына Ақберен Елгезек бауырым редактор болып келіпті, “кітабыңызды шығарайық”, - дейді. Атын қалай қоямыз?” деп ағынан жарылды. Ақыры “Еркін аспан өлеңі” деген атқа тұрақтадық. Кітап шыққан соң баспа біраз данасын Мұрат ағаның өзіне беріпті. Студенттеріне, жақын інілеріне қолтаңба жазып үлестірді. Маған:

“Жігіт едің қосатын мыңға мыңды,
Еліктейтін ініңе тұлғаң үлгі.
Таста батыр бос жүріс бұлғағыңды,
Көп қыздардың ішінен келін тап та,
Тапсырып бер “Қарала сырмағыңды””, - деп жазып берді. Қаумалап тұрған студенттердің бәрі қарқылдап күліп, мәз болдық.

Екінші курстың соңында “Қарала сырмақ” дейтін кішкентай кіташпа шығаратын болып, Мұрат ағадан алғысөз жазып беруін өтіндім. Бірден келісті, аз уақыттан соң “Қазақ өлеңіне жақсылық келді” деген шағын бірақ өте мәнді алғысөз жазды, қазір ойласам, сондағы асыра лепес інісінен күткен үміті екен.

Бұдан кейін де Мұрат ағаммен өмір жолымыз ажыраған жоқ. Кейіннен отбасымызбен араласып кеттік. Бірақ бұл шағын жазбаның арқалайтын жүгі – “Түнгі сарын” турасында және ол кісімен қалай танысқаным, өлеңдерін алғаш оқыған кездегі әсерім жайлы сөз қозғау болғандықтан тақырыптан көп ауа жайылып кетпеуге тырыстық. Тек, бір оқиға есіме оралып отыр. 2013 жылдың көктемі болса керек. Түнге қарай телефоным шыр етті. Мұрат ағаның нөмірі, тұтқаны көтеріп амандасып үлгергенімше, “тыңда бала” деген дауыс саңқ ете қалды. Мен “тыңдап тұрмын”, - дедім. Өлең оқи жөнелді. Бастапқы кезде дауысы сәл көтеріңкі шықты да, ары қарай жұмсара түсті. Өлеңнің кейбір жерінде үні бәсеңдеп барып, оқыс көтеріледі. Кейде майда қоңырланып, қоңыраудай күмбірлейді. Бір кезде дамылдады. “Болды бала”, -– деді де, тұтқаны қойды. Мең-зең күй кешіп отырып қалдым. Шынымен өлең оқыған Мұрат аға ма? Иә, сол кісінің өзі. Бірақ мұндай сәт одан кейін қайталанған жоқ.

Мұрат ағаға арнап екі өлең жаздым. Екеуін де оқып қуанды. Мен ойымдағыдай болмағанын айтып ақталып едім: “жоқ, жақсы өлең, кейіпкері соншалық қана болып тұр ғой”, - деп жеңіл күлді. Бұл әзілді түсінбегенімді білді де: “Тұманбай аға Қадыр ағаға өлең арнапты, бір жолы жолыққанда Тұмағаң: “Қадыр, саған қандай мықты өлең арнадым оқыдың ба?” - деп мақтау күтіпті. Қадыр ағамыз қашанғы мінезіне салып: “өлеңнің кейіпкері мықты болып тұр ғой” деген екен, Ал, сенің өлеңіңнің кейіпкері соншалық қана болып тұр ғой”, – деп жеңіл жымиды. Екеуміз де рақаттанып күлдік.

Қолыма “Түнгі сарынды” алдым. Санамда әбден жатталып қалған өлеңдердің бірнешеуін оқыдым. Сондай ыстық, сондай аяулы таныс сезім тамырымда бүлік етті. Иә бұл менің “Түнгі сарыным”!

26.05. 2019 Алматы

Т. Раушанұлы