"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IV том, "Құз-қияда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IV том, "Құз-қияда"

Massaget.kz порталы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" роман-эпопеясының қысқаша мазмұнына doodle анимациялы видеосаммари дайындады. Видеожоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

Назарыңызға IV томдағы "Құз-қияда" тарауын ұсынамыз.

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қайтқанда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Қат-қабатта"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Жолда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Шытырманда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Бел-белесте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Өрде"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қияда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, Тайғақта

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том,  "Жайлауда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, "Еңісте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Оқапта"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Асуда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Тарауда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Биікте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Эпилог"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Абай аға"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Кек жолында"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Қарашығын"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Өкініште"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Қақтығыста"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Қоршауда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IV том, "Түн-түнекте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IV том, "Құз-қияда"

Құз-қияда

Биыл жасы жиырма беске жеткен Дәрмен махаббат шұғыласына, сүйіспеншілік жалынына жанасып көрмеген-ді. Ол достарының арасына достыққа, ынтызарлыққа делдал болғанды сүйетін. Сол ретте Әбіш пен Мағрипа арасында туған сезімге қуанған болатын. Жаз ортасында Керегетастағы ноғай аулына Әбіш соңғы рет күйеушілеп барғанда жиырма күндей қызықты күндері өткен. Осы думанды кездері Мағрипаның құрбысы Мәкенді көріп ұнатқан. Топ ортасында іркілмей ән салатын әнші әрі ақын Дәрменге Мәкен де бір көргеннен ғашық болған. Екеуін іштей ұғыстырған Абай әндері еді. Бірақ шыншыл, аңқау, адал жастар жүрегін оңай ашылысуға қатал бір жай жетектеді.

Мағрипа ұзатылардан үш күн бұрын жастар сейіл құрып ауыл сыртына шықты. Осы кезде олардың тобына жуан денелі, шоқша сақалды жасы үлкен кісі келіп: «Осында Мәкен бар ма? Анау тұрған Мәкен бе?! Бері қарай жүр!» деп әмір ете сөйледі. Мәкен бұл кісіні таниды екен. Баяу басып қасына тақады. Салқын үнді жүргінші Мәкен басына әлек әкелген. Ол Дайыр дейтін Мәкеннің әмеңгері болатын. Қыздың әкесі тірі шағында оны Оразбайдың кенже інісі Қайырға айттырған. Былтыр жігіт аттан құлап мерт болады. Бірақ жасы қырықтан асқан Дайыр: «Інім өлсе, жесірім тірі, әмеңгері өзім бармын. Осы күзде ұзатуға қам-қарекет етсін» деп бұйрық жолдаған. Жасы үлкен Дайырға тұрмысқа шығу Мәкеннің ойында болған емес.

Сол Дайыр Мәкеннің Абай жастарымен сауық құрып, оның Дәрменмен арасы жақын екенін сырттан болжап біледі. Осы кеште қызды айыптайтын шақты іздеп, не пәлеге болса да ұшырастыруға келген. Енді ол Мәкенмен екі-үш сөзге келместен: «Үйіңе қайт! Аз күнде келемін де аламын!» деп бұйрығын да, байлауын да бір-ақ айтады. Дайырдан бұл сөзді естіген Мәкен наразылығын жасыра алмай: «Ақырмаңыз! Мен сіздің әйеліңіз болғам жоқ, болам деп жүргем жоқ!» дей беріп еді Дайыр оны басынан қамшымен тартып-тартып жібереді. Шыр еткен қыздың дауысын естіп Дәрмен келіп киліге кетеді. Анадайдан Әбіш те жетеді. Әбішті аңғарған Дайыр: «Сенгенің Абай шығар. Абай түгіл Құдайды пана тұтсаң да жерге қағармын» деп шапқылай жөнеледі. Осы жағдайдан соң екі жас оңай ашылысып, қапысыз табысады. Олардың бүгінгі бұлтты тағдыры осылай басталды. Көп уақыт өтпей Дәрмен Мәкенді Семейге алып қашты.

Дәрменнің Абайға суыт жүріп келген себебі осы. Абай бұл сырды Әбіштен естіген болатын. Сондықтан таңғалмады. Сабырлы түрде Дәрменге арғы бетке, Әбішке баруын айтты. Сыртқа шыққан Дәрменді Мәкен, Кәкітай, Мұқа, Әлмағамбет, Әбділер күтіп тұрған еді. Олар іңір қараңғылығында Ертіске тақау көшелерді бойлап жөнелісті. Осы топтың алдындағы ең үлкен бөгет Ертіс суы еді. Ар жаққа өткізетін паром тоқтап қалған. Қашқын жастарды Абайдың тапсырмасымен арғы бетке Сейіл қайықшы өткізуге келісті.

Іңір қараңғылығында бұлардан бөлек тағы да қарбаласқан жандар бар. Ол он шақты жолдасын ертіп Мәкенді қуып келе жатқан Дайыр еді. Дайырлар тобы Дәрменнің Абайға соқпай кетпейтінін біліп, бірден Құмаштың үйіне барады. Бірақ сырттан өзі танитын Мәкеннің көк жорғасын көре алмағасын, күзетші жігіттен сыр тартып, болған жайды біліп алады. Құмаштің үйінен аттанысымен Дайыр Сейсеке байдың үйіндегі Оразбайға кісі шаптырады. «Қолынан келер көмегі болса енді қам қылып көрсін» деп сәлем жолдайды.

Болған жайға қаныққан Оразбай бұлқан-талқан боп ашуланады. Қалаға белгілі байлар Сейсеке мен Есентайды Абайға жұмсайды. Есентай Абайға келіп: «Ыбырай не айтасың, жастар айыпты, жазасы қандай болады?» дейді. Абай шапшаң жауап беріп, жастардың айыпты екенін, ақтамайтынын айтады. Есентай Оразбайдың сәлемін жеткізіп, екі жастың ортасына түспеуін сұрайды. Өздері екі жасты мойнына арқан салып сүйреп, ескі жолмен қатаң жазалайтынын білдіреді.  Абай қатты ашуланып: «Ол заман өткен. Оразбай істеп көрсін жауыздығын! Жерге қағатын күш бар екенін ұмытпасын. Енді шық та жүре бер!» дейді. Есентай үн қатпастан есікке қарай беттейді.

Дәрмендер тобы арғы бетке өтісімен қаладағы Затон жұмысшыларына тартты. Затон жұмысшылары дейтін грузчиктер тобы шетінен балуан денелі, досқа адал жігіттер болатын. Бір кездері Әбді осы Затонда жалданып істеп, олардың арасынан дос тапқан. Дәрмен де Семейге келген сайын осы Затон жұмысшылары арасында думан құратын. Олардың сеніп келе жатқаны Әбен үйі еді. Әбен мен әйелі Айша бұларды қуана қарсы алды.

Қонақтар үйге отырысымен-ақ, Кәкітай Абайдың хатын алып Әбішке кетті. Абай қысқа ғана жазыпты. Мен саған міндет артам, алда үлкен шайқас тұр деп ескертіпті. Енді Әбіш бірден Мәкеннің атынан ұлыққа екі арыз жазып, Даниярдың трашпеңкесімен Мәкенге қол қойдыруға алып кетеді. Оған Кәкітай мен Мағрипа да ереді. Бұлар Әбен үйіне келгенде Дәрмен ояу жатқан еді. Әбіш келе сала осы келісінің салмақты себебін түсіндіреді. «Әлім келгенше екеуің үшін аянарым жоқ!» деп Дәрмен мен Мәкенге дем бере сөйлейді. Арызының жайын айтып екі қағазға Мәкеннің өзіне «Мәкен Әлімқызы» деп жазғызып, қолын қойғызады.

Келер сәскеде Әбеннің үйіне ойлаған үлкен қауіп келіп қалды. Түнімен әр көшені, әр үйді тінтіген Дайыр мен Қорабайлар оларды тапқан еді. Жау ниеттілерді алғаш болып есік алдында самауыр қайнатып жүрген Айша байқаған. «Ал жандарым, жетіп қалды кеселдер!» деуге ғана шамасы келіп, ауыз үйдің есігін бекітіп үлгерген. Есіктің екі бетіне тұра қалған Әбен мен Әбдінің бірі жуан шоқпармен, екіншісі қысқа кіндік темірмен қаруланып алды. Есікті сындырып Дайыр мен Қорабай бірінші кіргенде Әбен Дайырды қолынан ұрды, оның қамшысы ұшып түсіп, оң қолы салдырап қалды. Осы кезде зіл шоқпармен Әбдінің соққысы тигенде Қорабайдың оң иығы сынғандай сытыр етті. Әбен, Мұқа, Әбді ожарланып қамшыдан басқа қаруы жоқ жігіттерді оңай сыртқа қуып шықты. Дәрмен болса осы төбелестің арасында Әлмағамбетті атқа мінгізіп, «Әбішке жет!» деді.

Бұл уақытта Әбіш пен Кәкітай түндегі арызын алып, ояз кеңсесіне кіріп шыққан. Енді окружной сотқа Әбіш кіріп, Кәкітай сыртта тосып қалған. Алқынып шапқан Әлмағамбет Кәктіайды көріп тоқтап, «Ойбай, жандарың болса жетіңдер. Қаптады ғой, қырып жатыр Затонда!» деп аптығып сөйлейді. Биік басқышпен жүгіре жөнелген Кәкітай болған жайды Әбішке жеткізеді. Поручик дәрежесіндегі офицер киімін киіп, қылыш асынған Әбіш қасына Әлмағамбет пен Кәкітайды алып Затонға жетеді. Бұлар үлкен сұмдықтың үстінен түседі. Әбеннің үйінде соққыға жығылып Әбен, Айша, Мұқа қалыпты. Үй іші ойран болып, қора есігі қирап жатыр. Сәл ғана есін жиған Айша: «Паромға жетіңдер! Кеткендеріне көп болған жоқ. Қырық-елу саудагерді қаптатып, қырғын жасап кетті» деді де қайтадан есінен жаңылды.

Кәкітай мен Әлмағамбетті осында қалдырған Әбіш паромға ұмтылды. Бұл келгенде паром жағадан кетуге айналыпты. Әбіш паромшыға орысшалап: «Қайтар, тез қайтар!» деп бұйрық етті. Паромға секіріп мінген ол қасына Семіз сары дейтін стражникті шақырып алды. Оған: «Мынау паром үстінде Затонда болған разбойдың айыпкерлері кетіп барады. Мен қазір бірнеше көмекші полицейді жеткіземін. Саған артылған міндет паромды жібермей ұстап тұр. Бұйрық беруші военно-полевая артилерияның поручигі Ускенбаев! Ұқтың ба?!» дейді. «Так точно-с, Ваше благородие, господин паручик!» деген Семіз сары өзінен дәрежесі үлкен Әбішке жол беріп өткізді.

Әбіш осы бетімен уезд начальнигі Маковецкийдің кеңсесіне кірді. Ол отырмастан қалт тұра қалып барлық болған жайды айтып шықты. Уезд начальнигі үшінші участкенің становой приставы Старчакты алғызып, қасына бес полицейді ертіп тезінен паромға жетуге бұйырды. Ондағы басты айыпкерлерді, арыз беруші Мәкен Әзімқызы мен Дәрменді уезд кеңсесіне шапшаң жеткізуді тапсырады.

Паромда қалған Дайыр мен Қорабайлар тобы Семіз сарыға ақша беріп, жылы сөйлеп паромды арғы бетке өткізбекші болады. Бірақ стражник күндегі парасын алмай көнбей қояды. Онымен дауласып тұрғанда паромға сатыр-сұтыр басып бір топ балуан денелі жігіттер келеді. Бұлар шетінен күшті Әбеннің достары, Затон грузчиктері еді. Бағана Айша соққыға жығылғанда Әлмағамбетке Сейітті тап деп тапсырған. Сейіт Әбеннің үйіне келіп, болған жайға қанығып, қасына өзіндей алып денелі сегіз-тоғыз жігітті жинап паромға келген беті еді. Ол келе сала: «Қайда қанішер Қорабай?!» деп анадайдан айқайлайды. «Әкеңнің құны бар ма?! Мен – Қорабай!» деп алдынан шыққан оны Сейіт сақалынан ұстап: «Мә, ендеше Қорабай болсаң!» деп аузынан қойып-қойып жібергенде Қорабайдың күрек тістері сынып түседі. Осы екен, паром үсті төбелеске айналды. Бағана Әбен үйіне Дайырлар қайта шапқанда Әбен мен Әбдіні қатарынан ұрып құлатқан Дондағұл дейтін Семейге аты шыққан балуан бар еді. Ол Қорабайдың соққыға жығылғанын көріп арбадан Сейітті жоям деп секіріп түседі. Осы кезде кең кеуделі қара сақалды Жайнақ дейтін грузчик оның үлкен ұрыс бастарын сезіп қалған. Сейіт екеуінің қайқайта соққан соққысының бірі Дондағұлдың білегінен, екіншісі көк желкеден тиген. Қатар соққыға төзе алмаған Дондағұл арба астына өкіре құлап, тырайып қалды. Грузчик жігіттердің бір-екеуі Дайырды тауып алып, әбден езгілеп ұрды.

Осы кезде паромға жеткен Старчак сөзге келместен Дәрмен мен Мәкенді бөліп алды. Содан кейін Дайыр мен Қорабайды да жағаға шығартты. Грузчиктер сазарған қалпы үйлеріне қайтты. Паром қалың жанжалқой саудагерлерді алып жылжып кете барды. Уезд начальнигі Дайыр мен Қорабайдың ісіне қанып, оларды бір айға каталашкаға жапты. Сосын Әбішті қабылдаған. Әбіш қасына Дәрмен мен Мәкенді ерте кірді. Маковецкий қыздан арыздың жайын сұрады. Мәкен қалада ұлық бар деп, әділдік іздеп келгенін жеткізді. Уезд начальнигі бұрын мұндай дау сахараның өз заңы, шариғат жолымен шешіліп келгенін айтып: «Енді бұдан былайғы тексеру, шешу сот арқылы жүзеге асады» деді.

Осыдан соң ояз начальнигіне Оразбай, Шәрібжан халфе мен Сейсеке бай келеді. Маковецкийдің бұлармен сөзі қысқа болды. Ол: «Бұл істі мен шешпеймін. Сот шешеді» дейді. Оразбай болса қанын ішіне тартып сұрланып: «Тергеу ұзаққа созылады. Мейлің өзің шеш, мейлі сот шешсін. Бірақ анау бүлік қыз бен жігітті айырсын. Бөлек тергеңдер» дейді. Оразбайдың бұл сөзі Маковецкийге орынды көрінеді. Осы арыз бойынша округ соты Мәкенді Дәрменнен айырып сенімді адам, тайный советник Әлімбек Сармановтың үйіне жібереді. Осыдан соң екі жастың тілдесуі мұң болады. Сарманов аса қатал адам, Дәрмен мен Мәкенді сот біткенше тілдестірмей қояды.

Осы күндерде Түркістанның әскери округінен поручик Ускенбаев Ғабдырахым турасында бұйрық та келіп жеткен болатын. Бұйрықта Әбіш Верный қаласындағы әскери артиллерияда арнаулы қызмет етуі айтылыпты. Бұл кезде Абай мен Баймағамбет те Үлкен Семейге көшкен. Дәрмен мен Мәкен ісі Әбішті ғана емес Абайды да ұзақ әлекке салған. Соңғы шақта оның мұңы ауырлап, қоюлана түскен. Осындай кезде іштегі дертін қағазға жазып тастайтын. Кейінгі кезде жазу өнеріне тыңнан бір үлгі «Қара сөзді» қосқан. Енді Әбіш жүруі жақындап, оны Абай күн сайын қасына алады. Кешті  мәжіліс құрып, бірге өткізеді. Баласымен ойы бір жерден шыққанына, әсіресе Әбіштің Дәрмен мен Мәкен ісінде көрсеткен үлкен қайратына қуанады.

Әбіштің кетуіне байланысты жастар Кәкітай үйінде арнаулы кеш өткізді. Оған Дәрменнен бөлек Өтегелді, әнші Әлмағамбет, Айша мен Әбен, Мұқалар қатысты. Шайларын іше бергенде үйреншікті дос Павлов та келіп қосылды. Бұл жиынның тыңдағаны Дәрмен өлеңі мен әндері болды. Дәрменнің әнінде өксік лебі естіледі. Сорлы ғашық біресе алғаш сырын ашқан шаққа кетеді, біресе серт еткен тәуекел жайын айтады. Оның бұлай жырлауына себеп бар еді. Көп күндер өтсе де Мәкеннен бірде бір хабар келмеген. Тас қамаудай Әлімбектің үйіне Дәрменнің де хаты жетпей қойған. Дәрмен соларды жырлағанда көп қауым: «Алар хатыңды, тілегің жетер!» деп оған басу айтады.

Әбіш сентябрьдің аяғында Алматыға аттанды. Содан бері айлар өтті. Январь жетті. Мәкен болса ел-жұрттан жырақта төрт айын өткізді. Тек соңғы айдың ішінде Әлімбек тілмаштың татар әйелі шанамен окружной соттың тергеушісі Злобинге апарды. Мәкен Маковецкийге айтқан сөздерін айнымай қайталады. Ол тергеу болғалы да бір ай өтіп, енді міне Мәкенді әнеу күнгідей басына шапан жамылдырып сотқа әкеліп кіргізді. Соттың алдында қаптаған адам көп екен. Мәкен жыпырлаған бұқараның көпшілігі қыр қазағы, Тобықтылар екенін аңғарған. Ол асыл аға, Абайды көре алмады. Дәл соттың есігіне кіре бергенде Әлмағамбет: «Жасқанба, жалтақтама Мәкен! Абай ағаң осында. Жоқшың да қасыңда!» деп аса қажет сөзді жеткізді.

Мәкен сот алдында жасқанбай сөйледі. Сот бастығы Дайырдан қашып, Дәрменмен неге көңіл қосқанын сұрады. Мәкен болса Дайырға қайтқаннан өлгенді артық көретінін, Дәрменнен айрылмақ ниеті жоқ екенін ұзақ баяндады. Оның ашылып сөйлегеніне таңданған сот бастығы: «Мына қыздың тілі тапқыр, сөздері орынды екен» деп сүйсінді.  Ақырында патшалық законга сүйенген округ соты Мәкеннің басына азаттық берді. Шақарұлы Дайырдың талабын теріс деп тапты. Қыздың таңдаған адамына тұрмысқа шығуына рұқсат етті. Ал қыздың қалың малы сияқты дауды екі жақ келісіп шешсін деген байлау айтты.

Абай сот бұйрығын естігенде ажарланып ерекше қуанды. Қасындағы Кәкітайларға: «Жауыздықпен кездесу, табандасу әмісе осылай аяқталсайшы!» деп айтып қалды. Абай Әлімбекпен сөйлесіп Мәкенді Дәрменге жіберді. Қалың мал жағын өтеп беруге Абайлар жағы келісті, қарсы жақтың дегеніне оңай көнді. Оразбайлар жағы әлі ұзақ дауласамыз деп тұрған еді. Абайдың көнгіштігіне таңғалды. Артынан пәлеге тоймайтын әдетімен айып тіледі. Абай өз атынан екі тоғыз айып атады. Сөйтіп, Оразбай, Дайырларды қанша қақап тұрса да тез қақалтып, оңай тоқтау салды. Осылайша Абай мен жастарды ұзақ айлар бойына Семейдің тұрғыны еткен сұлу жүз, сезімді жүрек Мәкен дауы аяқталды.

Бұл уақытта Дәрмен Әбен үйінде азаптанып отырған болатын. Ол Мәкенді бүгін келеді деп ойламаған. Қызды алып келген Кәкітай оны төргі үйге, Дәрмен қасына кіргізіп жіберіп, өзі сыртта қалып қойды. Дәрменді көрген бойда Мәкен құшағына ұмтылды. Дәрмен мұның жүзіндегі салқын жасын жұта берді. Екі жас осылайша Әбіш күйеушілеп барған жаз ортасынан кейін қайтадан қапысыз табысты.

Massaget