"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Қақтығыста"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Қақтығыста"

Massaget.kz порталы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" роман-эпопеясының қысқаша мазмұнына doodle анимациялы видеосаммари дайындады. Видеожоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

Назарыңызға IІІ томдағы "Қақтығыста" тарауын ұсынамыз.

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қайтқанда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Қат-қабатта"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Жолда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Шытырманда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Бел-белесте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Өрде"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қияда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, Тайғақта

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том,  "Жайлауда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, "Еңісте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Оқапта"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Асуда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Тарауда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Биікте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Эпилог"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Абай аға"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Кек жолында"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Қарашығын"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Өкініште"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Қақтығыста"

Қақтығыста

Бұл тарау Әбіштің  жазда еліне қайтуымен басталады. Ол қаралы жиынның үстінен тап болады. Себебі өткен қыстың басында Оспан қайтыс болған еді. Жаратылысында алып денелі Оспан ауру дегенді білмейтін. Тек соңғы уақытта қатты семіріп кеткен. Әбіш келгенде ағайын, тілеулес бауырлар Оспанның жылына аза тұтып жатқан кез еді. Еркежан, Зейнеп, Торымбалалар ерін жоқтағанын түгел ауыл көреді. Әсіресе, әнші Зейнеп жанынан жоқтау шығарып айтқанда сырттан келіп балалар да тыңдайды.

Әкесінің қасында болған Әбіш оның үлкен уайымда екенін көреді. Бұл күнде сақал-шашының ағы молая түскен Абайда да өзгеріс байқалады. Ол өте аз сөйлейді. Осы қазаның салдарынан ұзақ жалғыздық ойына кеткендей. Әбіш келгелі үш күн өтседе Абай онымен еркін сөйлесе алған жоқ. Бата оқыршы ағайынның ортасында өзі отырады. Әбіш те осы жұрттың ортасында. Тек үшінші күні оны Дәрмен сыртқа алып шығып кетеді.

Күн батуға тақаған кезде екі жас сыртта сейіл құрып жүріп, Дәркембайға сәлем беруге барады. Дәркембай есік алдында ағаш жаңқалап отыр екен. Ол Әбіштен: «Оқуың бітті ме?» деп сұрайды. Әбіш болса тағы бір жыл оқып, кейін қызмет алатынын, бабы қалай болса сол жаққа сапар шегетінін айтады. Дәркембайдың: «Оқығандарың жақсы. Бірақ қызмет қуып шетке кететіндерің жаман. Елге неге жарықтарыңды төкпейсіңдер?» деген сөзі Әбішті ойландырып тастайды. Шынында да ол соңғы кезде ел ішіне келіп жастарды орысша оқуға тәрбиелеуге ниеттеніп жүрген. Оны бірақ ешкімге, тіпті әкесіне де айтпаған еді.

Осыдан соң шай ішуге олар Дәркембай отауына кіреді. Шай үстінде Дәркембай Әбішке Оразбай, Тәкежандар Абайға қарсы үлкен қастық ойластырып жатқанын, осы жолда Базаралыны өздеріне серік етпекші болғанын ұзақ баян етеді. Ел жата қайтқан кезде Әбіш пен Дәрмен осы жайларды ұзақ әңгімелеседі. Бұдан соң Әбіш Мағрипаны сұрайды. Дәрмен бойжеткеннің оған ынтық екенін, бірақ жіпсіз байланып отырғаны ағайындарын қинайтынын айтады. Содан соң: «Тым болмаса осы жазда Мағрипаға серт беріп, қызды айттырып кетпесең ұзақ қинауға саласың. Оны ойламасаң болмас» дейді. Бұған Әбіш қарсы жауап қатпай күрсіне береді.

Арада көп күндер өтіп, күз түседі. Егін орақты күтіп қалған мезгіл болатын. Жатақтағылар бидай сарғайып піссін деп отырған. Оған кедей балалары шыдамай күнде бидай теріп келуді әдетке айналдырған. Бүгін сондай балалар – Асан, Үсен, Рахымтайлар етектеріне бидай толтырып қайтып келе жатқанда салқар көшке тап болады. Көштің қазақ көшіне ұқсамайтынын, келе жатқан орыстар екенін көргесін айналып өтуге тырысады. Мұны байқаған бір орыс шал алдарынан шығып, бидайларын алып, орнына сухар-нан береді. Осы кезде арба астынан орыс әйелдері шығып: «Сють бар, сють бар?» деп қазақшалап сүт сұрайды. Оларды жас балалар сүт беру үшін ауылдарына ертіп әкеледі.

Жатақтағы ауылға келгендер обоз басшылары – Афанасьич, Федор, Сергей атты қарттар еді. Әйелдер тобын көштегілер «Мать Дарья» деп атайтын әйел бастап келеді. Олар сүт сұрап орнына ақша береміз дейді. Сонда Базаралының әйелі Өдек, Дәркембайдың әйелі Жаңылдар: «Сүтті тегін алыңдар, қонақсыздар» деп берген ақшаларын алмайды. Жомарт кедейдің бұл ісіне обоздағылар риза болады. Бір-бірін түсінбеген екі жақ қолымен ымдасып, күле береді. Кейін Афанасьич бастаған қарттар Базаралыға келіп, орысша тілдесіп өздерінің Жетісуға бара жатқандарын, жолды білмегесін адасып кеткендерін айтады. Бекеттегі үлкен жолға бастап баратын адам сұрайды. Жатақтағылар арасынан орыс көшін бастап баратын болып Қаңбақ келіседі.

Базаралы жалғыз марқасын сойып, орыстарды қонақ етеді. Олар өз кезегінде жатақтағылар еккен бидайды көріп, егіншілердің кемшіліктерін айтады. Дәркембай бұл кезде Базаралының үйінде болған жоқ-ты. Егін басында жүрген. Сол уақытта ол өздеріне қарай қалың жылқының жайылып шыққанын байқайды. Содан кейін жас жылқышыға барып: «Шырағым, мына жақын жерде көп кедейдің болымсыз егіні бар. Түнде жылқылар егінге түсіп кетпесін. Осыны бар жылқышыға айта бар» деген. Жас жылқышы бұл тілекті Әзімбайларға жеткізеді. Сазара отырып тыңдаған Әзімбай түнде жылқыларды өзім өргіземін деп ауылға кетіп қалады. Жақын маңдағы бар бай балаларын: «Жылқыға барайық, сауық етеміз» деп жинап әкеледі. Түнде олар қалың жылқыны егінге қарай қаптатып, өздері жатып қалады.

Таң атысымен Қаңбақ өрістегі атын іздеп жүріп, егінді таптаған сұмдыққа кезігеді. Осы кезде бидайды көздеуге шыққан Дәркембай да келе жатыр екен. Болған сұмдықты Қаңбақтың зарынан бірден түсініп, ауылға қарай шабады. Олардың сөзін тыңдаған Базаралы: «Жетті зарың!...Есіңді жи кедей!... Жылқы егіннен шықпай тұрып, отыз атты ноқталап әкеліңдер. Алпыс үйдің екеуіне бір аттан. Не аянар жан қалды?!» деп Абылғазыдай жігіттерге бұйыра сөйлейді.

Бұл кезде әдейі кеш оянған Әзімбайлар тобы жатақтағылардың отыз атты алып кетіп бара жатқанының куәсі болады. Артынша жақын маңдағы Ырғызбай жылқышыларын шақырып алып, жиыны қырық шамалы қолмен жатаққа аттанады. Ауыл үстіне келіп: «Жылқыны не деп аласың?...Кімді басынасың?» деп айқайлайды. Алдарынан шыққан Абылғазы: «Есе бересіңдер ме? Арыз айтқызасыңдар ма?» дей беріп еді, оған жауап ретінде: «Мә, саған есе!» деп Әзімбай қамшымен салып қалады. Сол-ақ екен төбелес басталып кетеді. Абылғазының «аттан» деген сөзінен кейін, әр үйдің тасасында сойылдарын сайлап отырған көп кедей жан-жақтан: «Ұрып таста, ұрып таста!» деп жауға беттейді. Осы сәт орыстар да көмекке жетеді. Намыскер егіншілер жаудың бетін тықсырып, бес жуан баласын ұрып түсіреді. Мұны көрген Әзімбай аз тобымен қашып құтылады.

Осыдан кейін Афанасьич пен Базаралы ақылдасып «потрава» куәлік-акт жасайды. Обоздағылар егіннің бітік шыққанын, оны байдың мың жылқысы қалай таптағанын жазып, қол қойып береді. Копиясы бар екі қағазды бере тұрып Афанасьич мұның біреуін қаладағы ұлыққа жіберіп, біреуін үнемі қолда ұстауды тапсырады. Кешке қарай екі жақ қимай айрылысып, көш Жетісуға жол тартады. Енді бай ауылдарының тыныш қоймайтынын ойлаған егіншілер шұғыл кеңес өткізіп, екі түрлі байлау жасайды. Алдымен қаладағы ұлыққа крестьяндар атынан жазылған арызды жолдайды. Содан соң Абайға кісі шаптырып болған жайды баяндайды.

Осы кезде Ырғызбайлар тобы да жиын өткізіп, ертеңіне түс болмай Ақбердіні кедей ауылына жібереді. Базаралы, Дәркембай, Абылғазы ақылдасып жылқыларды қайтармайтынын айтады. Бұл сөзді естісімен Ырғызбайлар шапқылап түні бойы қол жинайды. Олардың соғысқа анық дайындалып жатқанын білгесін Абай ашуланып Мағаш, Ерболдарға қарап: «Тұр, барыңдар! Осы маңдағы кедейге сәлімімді жеткізіңдер. Ертең сәскеге шейін тайлы-тұяғы қалмай жатаққа жетсін. Менің қасыма жиылсын. Көреміз Ырғызбай көп пе, ел көп пе?!» деп бұйыра сөйлейді.

Ырғызбайлар тобы жиыны жүз елудей болып атқа қонып, жатаққа қарай беттейді. Өгіз, түйе мінген кедейлер тобы жауын күтіп тұрады. Осы кезде екі жақтың да ойында жоқ бір оқыс көрініс туады. Тапталған егін жақтан дәл жүз атты шауып шыға келеді. Оларды бастаған Абайды танып бар кедей жамырап қуанысып кетеді. Қарсы жақтағылар да: «Мынау Абай ғой...дәл өзі...» деп қалады. Бұл кезде Абай ат үстінен Тәкежандарға қарап: «Қайт қоразданбай! Сен Ырғызбай болсаң мұнда қалың ел. Болмаса Құнанбай баласы алдымен менімен соғысасың» дейді. Абайды көргесін Тәкежан артындағы қалың Ырғызбай жасқанып, еріксіз шегіне береді. Абай соны аңғарып, ызғарлы жүзбен: «Әй, Ырғызбай, мына ел өліспей беріспейді. Кейін қайт та үш кісі жібер. Сөзге кел» дейді.

Алыстау серпіліп барып ақылдасқан Тәкежандар ымыраға келу үшін Ысқақ, Ақберді, Шұбарды жібереді. Үшеуі де жүзбе-жүз келгенде Абайдан ығып жүретін туыстар болатын. Абай қасына Дәркембай мен Дәрменді алып қалған кедейлерді кейін серпілтеді. Екі жақ кешке дейін дауласады. Бұл күні Абайлар айтқан сөзінде бекініп, отырып алады. Сонымен кеш батарда келіскен байлау бойынша отыз ат кедейлер аулында қала береді.

Келесі күні Ырғызбайдың атқа мінерлері жиылып Оспан жылының кеңесін өткізеді. Жиында Тәкежандар келер адамның қарасы мол екенін, сол үшін Оспан малынан бөлек Құнанбай балалары да сойыс, беріс мал әзірлейді дегенді айтады. Осы кезде Әбіш кеңеске араласып, көп малды шашу ысырап деп қалады. Тәкежан Әбіш қалада көп оқып орыстанып кетті дегендей кешіріммен қарап: «Шырағым, бұл ата жолы. Бұндай жолда мал шығыны орынды. Оны шариғатымыз да құптайды» дейді. Сонда Әбіш: «Мал шығыны атақ үшін емес игілік үшін қажет. Тым болмаса шығындайтын малды жоқшылық жүдеткен жатақтағыларға берген дұрыс» дейді. Әбіштің бұл сөзіне Тәкежандар қарсы дау айтып кетеді. Абай болса үндемей, бала сөзіне риза болады.

Арада жеті-сегіз күн өткесін Дәрмен мен Әбішке тілдескелі Өтегелді келеді. Ол Әбіш елге келгелі Мағрипаға бір ауыз сөз қатпағанын, Мағрипаның көңіліне бір белгісіздік батып жүргенін, Ноғай аулындағы жеңгелер қынжыла бастағанын айтады. Әбіш: «Жалғыз Мағрипаға айтатын сырым бар, сонымен дидарластырыңдар?» дейді. Үш күннен соң жастарды Өтегелді Мұсаның қонақ үйінде ұшырастырады. Мағрипаның қасында жеңгесі ғана бар екен. Ол шай үстінде алда әлі қанша оқитынын, қайда қызмет істейтінін Әбіштен сұрайды. Бұл бір жағынан Мағрипа білмекші болған сұрақтар еді. Екі жақ осылай алғашқы кездесудегі бөгелісті оңай жеңеді. Біраздан соң Өтегелді мен Дәрмен «ат-мат» деп сыртқа шығады. Жеңге де ыдыс-аяқ әкеткен боп өз бетімен кетеді.

Оңаша қалғанда Әбіш Мағрипаға бұрылып: «Бір көруді өтініп ем, қабыл алғаныңызға алғыс айтамын» деп қобалжыған үнмен сөз бастайды. Мағрипа үндемейді. Тек, сәл қысылып, жігіт жүзіне жалт етіп бір көз тастайды. Әбіш болса Мағрипаға былтыр бір көргеннен ғашық болғанын, бірақ ата-анасына құда болыңдар деуге арада бөгет бар екенін, бүгін ешкімге айтпаған сырын ашуға келгенін айтады. Осы кезде қыздың жүзі аппақ боп кетеді. Ол ішінен: «Сырым дегені – басқа адамы бар. Сүйгені бар. Ондай болмауы мүмкін бе? Мұндай жігітті сүйерлік жас мен ғана ма? Бөгетім дегені – сонымен байласқан серті бар ғой!» деп ойлайды. Әбіш болса, қинала: «Сырым дегенім менің науқасым» дейді.

«Қандай науқас?!» деп шапшаң бірінші рет сұрақ қойғанда Мағрипаның жүзі қайтадан ду етеді. Ол Әбішке ден қоя қарап қалады. Осы кезде Әбіш Петерборда доктор айтқан мәслихатты баян етеді: «Былтырдан бері менің өкпеме науқас ілінген. Докторлар алатын жарыңызға қауіп деп үйленуге рұхсат бермей отыр. Ауру жұқпалы, өлсем бірге ала кетемін. Сізге айтар шыным да сырым да осы» деп тоқтайды. Мағрипа болса жүзіне қан жүгіріп, көздері жалт-жұлт ойнап: «Сізден айрылған күні мені де ажал бірге ала кетсін» деп ыстық кесек жасын төгіп жібереді. Әбіш қыздың сүйген жанының қандайлық таза екенін көреді. Енді жылап қалған оны шапшаң құшақтап, жасты көзінен, суланған жүзінен қалайша сүйгенін аңғармай қалады. «Жақында Оспан ағамның жылы беріледі. Содан соң ауылдарыңа құда түсе менің жақындарым келеді. Сіз менің енді ең қадірлі адамымсыз» дейді. Екі жас осылайша қапысыз табысады.

Massaget