"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Абай аға"

Massaget.kz порталы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" роман-эпопеясының қысқаша мазмұнына doodle анимациялы видеосаммари дайындады. Видеожоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

Назарыңызға IІІ томдағы "Абай аға" тарауын ұсынамыз.

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қайтқанда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Қат-қабатта"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Жолда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Шытырманда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Бел-белесте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Өрде"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қияда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, Тайғақта

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том,  "Жайлауда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, "Еңісте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Оқапта"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Асуда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Тарауда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Биікте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Эпилог"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IIІ том, "Абай аға"

Абай аға

Күздің бұлыңғыр күнінде, Ералы жазығында көш келеді. Көшіп келе жатқандар Абай аулы мен көрші ауылдар. Абайдың қасында бір топ аттылар бар. Олар жас өнерпаз достары – Көкбай, Шұбар, Ақылбай, Мағаш, Дәрмен, Кәкітайлар. Бұлардың артында Ербол мен Баймағамбет бір бөлек келеді. 

Көштегі топ шетінен ақын болғандықтан өлең шығарудың алуан үлгілерін ойлап тапқан. Оның бірі — бір шумақ жырды төрт ақын бір-бірінен іліп айтатын дәстүр. Енді бір кезекте Мағаш ат үстінде тұрып Ақылбай мен Кәкітайға қарап төрттіктің алғашқы жолын бастады:

«Күз жетті ме, батыр-ау, неге тоңдым» – дегенде Ақылбай іле жөнеліп:

«Тоңғаның рас, бозарып түсің де оңды», - дейді.

Бағаналы бері осындай айтыста Кәкітайға есесі кеткен топ, оған қарап сен жалғастыр дейді. Кәкітай да іркілмей:

«Бірің тоңып, бірің оң, жұмысым жоқ,

Ойына түк кірмейді Кәкітай шоңның», - деп қатты күледі.

Ақылбай, Мағаш, Дәрмендер Кәкітайға қазақта «шоң» дейтін сөз жоқ деп дауласып қалады. Баймағамбет пен Ербол да Мағаштарды қостап ешбір ертегі-жырда «шоң» дейтін сөзді кездестірмегенін айтады. 

Бұлар барлығы кеп Абайдан төрелігін сұрайды. Сонда Абай күліп: «Қазақта Шоң деген кісі аты бар. Кісі болғанда да шешен адам. Бұл сөз Ұлы жүз, Үйсін ақындары ырғақтарында кездесіп отырады. Түбі қазақтың сөзі емес, қырғыздікі болар деп топшылаймын. Кәкітай сендерді мықтап жеңіп кетті. Оның тоңдым, оңдым дейтін ұйқасқа айтқан шоң-ы өлеңге ажар беріп тұр» дейді. Абайдың зілсіз әзіліне бәрі мәз боп күліседі.

Осыдан кейін топтан озып кеткен Абай кішкене бір төбешікке қарай бұрылады. Сонда ғана барлық аттылар томпайып жатқан ескі моланы көреді. Бұл ескі моланың тарихын ешкім білмеуші еді. Оны Абай айтып береді. "Бұл жерде жатқандар — қос ғашық Еңлік пен Кебек. Жүз жыл бұрын екеуін махаббаты үшін осындағы көбіміздің атамыз Кеңгірбай ат құйрығына байлап өлтірген" дейді ол. Үнсіздіктен соң Абай айналасындағыларға қарап: «Еңлікті буындырған арқан түйінінде көп шер бар емес пе? Осы моланың сырын ел-жұртқа жаятын шақ жетті. Қызығатының бар ма?» деп сауал тастайды. 

Дәрмен мен Шұбар «мен жазам, жоқ мен жазам» деп таласып қалады. Дауға араласқан Ербол екеуінде де қаршыға барын, алдағы бір топ дуадаққа кімнің қаршығасы бірінші түссе, жырды сол жазатынын айтады. Жігіттер осыған келісіп, екі қаршығаны бірдей ұшырады. Дуадақты Дәрменнің құсы іліп, жырды сол жазатын болады.

Осы кезде алыстан бір атты суыт жүріп Абайлар тобына келеді. Бұл Әбді дейтін Жігітектің кедейі екен. Ол: «Біз мына Шүйгінсудағы жеті ауыл Жігітекпіз. Осымен үшінші жыл Әзімбай пішендігімізді тартып алып отыр. Оған тоқтау бар ма?» деп Абайға шағым айта келіпті. Абай Мағаш пен Дәрменге барып Әзімбайды тоқтату керек екенін айтады. 

Мағаштар жеткенде Әзімбайдың сегіз орақшысы жеті ауылдың пішендігін кеміріп, жеп келеді екен. Мағаш кеп елді жылатпай, оруды тоқтатуын сұрайды. Сонда Әзімбай ақырып: «Тоқтамайды бұлар, орыңдар» деп әмір етеді. Орақшылар тоқтамағасын ат үстінен секіріп түскен Әбді бір орақшының алдына тұра қалады. Мағаш ентелеп кеп Әзімбайға қарап: «Мені Абай жіберді. Зорлығыңды қостамаймыз. Мына жұртпен келісіп, шеш» дейді. Әзімбай Абайды айтқасын тартынып қалады. Сонда да көпке қарап: «Абай айтса айтсын. Абай ағам болса, Тәкежан әкем. Әке бұйрығын орындаймын» деп атын тебініп кетіп қалады. Қалған топқа Жігітектің қарты Келден байлау айтады. Ол «Орақшылар орсын, үйсін маясын. Біз кейін тасып аламыз да, орақшыларға ақысын береміз» дейді. Барлығы осыған келіседі. 

Мағаш пен Дәрмен Әйгерімнің киіз үйінде көзілдірікпен кітап оқып отырған Абайға кеп, болған жайды айтады. Абай іштен тынып, ойланып қалады. Бір кезде: «Жігітектің пішенді тасып аламыз дегені дұрыс. Орай сол ғана. Мынау елдің дәл бұл ісін аяқсыз тастауға болмайды. Тәкежанмен сөйлесейін» деп байлау жасайды. 

Ертесі қонақүйде Көкбай, Ербол, Мұқа, Баймағамбеттер Еңлік пен Кебек жайын әңгіме етеді. Ербол бұл оқиғаны жақсы біледі екен. Ол Кеңгірбай байламын Тобықтының аздығынан амалсыз болған іс деп айтады. Мағаш, Дәрмен, Кәкітайлар да жыр жайын өзара сөз етіп, «Абай ағам шындықты жаз» деді. Ол қай шындық, шындық деген немене?!» деп өзара дауласып қалады. Абайдың өзі айтқан шындығын өзіне шешкізбек болып, жиын Әйгерім отауына беттейді. 

Жас достары Абайға шындық жайлы ойларын айта бастағанда үйге Жұман дейтін мылжың мен баласы Месқара кіріп келеді. Оның аңдып келгені Әйгерім отауындағы жас тайдың былқылдап пісіп жатқан еті. Ел арасында осылай Абайдың сөзін тыңдағансып, түстік жеп кететіндер көп еді. Жұман сондайлардың анық өзі болғасын Абай іркілмей өмір жайлы, хақиқат туралы ойларын ортаға салды. «Ақын айтса, өмір шындығын айтсын делік. Өлең өмірдегі болып тұрғандарды ғана айтпай, оған шешу айтсын. Сынасын. Мүбада, сіз өткен заманның Кеңгірбайын, ел әкімін рауаят етпек болсаңыз, соған салыстырып осы күндегі заман шындығын сынап-мінеп айтыңыз» деді. Абайдың бұл сөзін үй ішіндегі жастар зор ықыласпен тыңдады.

Келелі кеңес дін, философия, орыс өнеріне ауысып, ұзақ жалғасты. Біраз уақыттан соң Жұманның көптен күткен қазаны түсіріліп, ас та келді. Ас үстінде Жұман Базаралының айдаудан қашқанын әңгімелеп берді. Бұл хабарға бәрі: "Япыр-ау, Базекем тірі екен ғой. Сау жетсе қуаныш қой мынау" деп елеңдесіп қалды. Абай жас достарына бұрылып: «Менің қуанышымды, тілеулестігімді Семейге барып Базаралыға жеткізіңдер!» деді.

Базаралының қашып келгені рас. Оның дәл биыл қашып келуінде де бір қисын бар болатын. Басты себебі биыл алғаш рет Құнанбай балаларының арасынанан ешқайсысы болыс боп сайланбауы. Базаралы өзін айдатқан Тәкежан, Шұбарлар болыс боп тұрса бұлай істеуге бекінбес еді.  Ал олардың болыстықтан құлауына Оспанның да кінәсі бар. 

Бұл істің басы өткен жылы көктемде басталған. Болыс сайлауының алдында ел атқамінерлерінің аңғарын түймек болып, Шұбар жүз шақты ірі байды Оспан үйіне жинаған. Оспанға жүз қаралы атқамінерді күту аз шығын болған жоқ. Солардан ақысын алам деп ол жиын ортасына келген Дәрменге:  «Тілеуіңді берсін Дәрмен! Осы Абай екеуіңнің бай манаптарды сынаған өлеңдерің бар ма? Болса айтып мыналардан шайымның ақысын әперші» дейді. Дәрмен де іркілмей парақорларды сынаған ұзақ өлеңін бастайды. Билер тобы үнсіз қалады. Бұл өлең тіпті Оразбайларға ұнамайды. Ол салқын қабақпен: «Осы заман... бұзылғалы тұр-ау» деп қалады. Мұны естіген Оспан: «Уа, Оразбай, не дауың бар? Жақсы болсаң саған айтылған сөз емес. Жырдың ішінен өзіңді көрсең, өз обалың өзіңе. Мүрдем қап!» деп сақылдай күледі.  

Жиыннан күн еңкейгенде сыртқа шыққан Оспан қорық айналасында қаптай жайылып жүрген ерттеулі аттарды көреді. Жүз қаралы ат қысқа деп сақтаған қорығын ойсыратып жеп бара жатыр.  Оспан бұған шыдай алмай өзінің зор денелі малайы Сейтқанды шақырып: «Мыналар тарасын. Тарамаса аттарын қуып қораға тық» деп әмір етеді. «Шаш ал десе бас алатын» содыр Сейтқан рубасылардың аттарын қуып қораға әкеледі. Осы кезде күтпеген оқыс іс болады. Күшті аттар қора есігінен секіріп кіріп жатқанда ердің қастары маңдайшаға соғылып, шетінен сынып түсіп қалады. 

Онсыз да іштей наразы боп жүрген Оразбай, Жиренше, Күнту, Бейсенбі, Абыралы, Байғұлақтар мына оқыс көрініске куә болып, ашуланып, Оспанмен қоштаспай, Шұбарға да шырай бермей аттанысып кетеді. Ауылдан тай шаптырым жер шыққасын Оразбай: «Құнанабай балаларының қорлығы өтті-ау! Асқан екен» деп қалады. Бәрінің ішіндегі қыжылы осы болатын. Топтан бөлініп шыққан жеті бай Кеңгірбай зиратының басына барып, алдағы сайлауда бүкіл елді Құнанабай балаларына қарсы әзірлеуге серт етеді.

Сонымен үш айдан соң Құнабайдың үлкен аулы отырған Пұшантайда сайлау өтеді. Сайлау алдында биыл мен болайын деп болыстықты аға-інілерінен Оспан сұрап алған. Құнанбай балалары бір ауыздан соған келіскен. Қасына бәйбішесі Анна Митрафонавнасын ерте келген Казанцевті де: «Ендігі болыс осы үйдің иесі» деп айтып, Оспан үйіне түсірген. Ұлық та ендігі болысым осы деп сенген. Тілмаш арқылы Оспанмен сөйлескен Казанцевқа да, Анна Митрофановнаға да болашақ болыстың жарқылдаған мінезі, алып тұлғасы ұнайды. Оспанның келген сайлаушыларға ұнауының тағы бір себебі бар. Ол тумысынан қолы ашық, жомарт жан. Ұлықтан бастап оған ере келген старжник, урядник тіпті атқосшысына дейін сыйлықпен сыпап тастаған еді.

Осыдан соң сайлау басталып, крестьян началнигі сайлауға кім түсетінін сұрайды. Шұбардың ым қағуымен орнынан атып тұрған елубасы Есіргеп: «Тақсыр, болысымыз  Оспан Өскенбаев» дейді. Никифоров Оспанның атын жазып қояды. Оспанмен таласқа түсетін ешкім жоқ деп ойлаған топ сайлауды бастайын деп жатқанда Жігітек жақтан елубасы Омарбек тұрып: "Уа, тақсыр, болыстыққа түсетін тағы бір кісіміз бар. Біздің болысымыз Шоңқа баласы Күнту" дейді. Күнтудың да аты тіркеледі. Оны естіген Тәкежандар Күнтуды  мазақ етіп күліседі. 

Сөйтіп, сары сандықтың оң жағындағы ақ тартпаға Оспанды сайлаушылар, қара тартпаға Күнтуды сайлаушылар шар салатын боп келіседі. Отыз елубасы тегіс шар салып болғасын Казанцев тілмашқа: «Алдымен ақ тартпаны аш, елге көрсетіп сана» деп бұйрық етеді. Тілмаш шар санын тоғыздан асыра алмайды. Бұған жиналған жұрт таңырқап қарайды. Оқыстан бұлқынған Казанцев бәйбішесіне қарап: «Провалили!» дейді. Анна Митрофановна да «Как так!» деп айқайлап жібереді. Күнтуды сайлаған елубасылар саны жиырма бір екен. Осылай ол болыс боп шыға келеді. Бұл көрініске мәз болған Оразбай, Жиреншелер орталарына Күнтуды алып аттанып кетеді. 

Күнтудың болыс боп сайлануы айдауда жүрген Базаралыға да жетеді. Ұзақ жолдан қажыған ол алдымен Семейге келеді. Шаһарда Жиреншенің достары Оразбай, Бейсенбі, Күнту болыс Базаралыны ортаға алып жиын өткізеді. Араларында «жаңа пері» атанған Сыбаннан шыққан Әріп ақын да бар екен.

Оразбайлар келген бойда Базаралыны Құнанбай балаларына қарсы қайрауға көшеді. Олардың сөзін ұнатпаған Базаралы Әріпке қарап: «Бәрінен сенікі жөн. Әніңді салшы» дейді. Әріптің де Құнанбай балаларына іштей араздығы, қысастығы бар еді. Сондықтан ол өлеңінде алдымен Базаралыны мақтай келіп, соңында оның Нұрғаныммен арасындағы махаббаты туралы айтып кетеді. Жиреншелер тобы, жымыңдап мәз болады.  Бұған шамданған Базаралы: «Тек отыр, Нұрғанымды араластырма, Ол қаңқуға қимас қадірлім еді» деп Әріпті тиып тастайды.

Дәл осы кезде мәжіліске Абай жіберген жастар келеді. Ербол Абайдың қуанышын, сәлемін жеткізеді. Оның ыстық ықыласын көзіне жас ала тыңдаған Базаралы Әріптің қолындағы домбыраны Көкбайға беріп ән салуын өтінеді. Көкбай алдымен өзінің жанынан сөздер шығарып, Базаралыға құрмет көрсетеді. Содан соң Абайдың «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» деген өлеңін айтып береді. 

Осындай бір орайда Шұбар Базаралыға қарап: «Базке, орыспен көп араластың ғой, орыс тілін біліп қайтқан шығарсың» деп қалады. Базаралы да жалт қарап: «Е, шырағым! Тәуір орысша білетін жерге жібердің  ғой» деп айналасындағыларды ду күлдіреді. Шұбар да мысы құрып еріксіз күлген болады. 

Кейін жиын тарқарда Абай жастары ренжіп кетпесін деп, Базаралы оларды сыртқа шығып аттандырып салады.

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Бүгінгі қазақтың тұрмысына лайық тұлпар қандай?
Бүгінгі қазақтың тұрмысына лайық тұлпар қандай?
Әлемнің ең биік шыңын бағындырған тұңғыш қазақ
Әлемнің ең биік шыңын бағындырған тұңғыш қазақ
Қашықтан жұмыс істеудің денсаулыққа зияны
Қашықтан жұмыс істеудің денсаулыққа зияны
Назарбаев университетінің басқа жоғарғы оқу орындарынан басты ерекшелігі неде?
Назарбаев университетінің басқа жоғарғы оқу орындарынан басты ерекшелігі неде?
Баланың ішкі мотивациясын қалай оятуға болады?
Баланың ішкі мотивациясын қалай оятуға болады?
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IV том, "Қапада"
"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IV том, "Қапада"