"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Өрде"

Massaget.kz порталы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" роман-эпопеясының қысқаша мазмұнына doodle анимациялы видеосаммари дайындады. Видеожоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

Назарыңызға I томдағы "Өрде" тарауын ұсынамыз.

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қайтқанда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Қат-қабатта"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Жолда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Шытырманда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Бел-белесте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Өрде"

Өрде

Құнанбай Қарқаралыдан оралып, Абайды қайындатуды тапсырғаннан кейін көп созбай Ұлжан отыз шақты кісімен құдасының аулына аттанды. Олармен қатар жанына 12 жігіт ерткен Абай да жолға шықты.

Алшынбай бұлар келер қарсаңға кең сулы бір жазыққа кеп қонған екен. Ол құдаларын жақсы күтіп алды. Қонақасысы: қысырдың семіз тайынан, құнан қой, ту қойлардан, үйіткен марқадан басталды.

Ұлжан да жомарттық танытып, өзімен бірге көп қазына әкелді. Келген жылқы, түйеден басқа, жыртыстың бұл-матасының өзі екі атанға артылған.

Дағды бойынша күйеулер діттеген жерге үлкендерден бір түстік кейін жетті. Абайлар Алшынбай аулына бір шақырым қалғанда иіріле тоқтасты. Орталарынан Тәкежан мен Мырзахан бөлініп, күтіп алушыларға хабар айта кетті.

Басқа жігіттер аттарынан түсіп, соларды тосып қалды. Осы топтың ішінен әсіресе Ербол қатты уайымға салынған. Жанындағы Жұмағұлға "Қай жерде тәжім ету керек, қай уақытта кең отыруға болады" бәрін өзің айтарсың деп өтініп тұр. Абай досын енді басқаша қырынан таныды. Бүгін бұл өтетін тар есік, тас босағаны Ербол да өтпек. Соған бар ынтасымен кеткен. Ал Абайдың ол сияқты дайындығы жоқ. Жол бойында да бір сейіле алмады. Өзін бір бұйрық қуып, еріксіздік әкеле жатқандай күйде жүр.

Оның басты себебі — жолға шыққан күні Ерболдың Сүйіндік аулынан әкелген сәлемі. Тоғжан Абай қайнына баратынын есітіп отырып: "Ай батқандай қылды да, адастырып кетті ғой..." - депті де, жылап қапты.

Күйеудің алдынан шығатын қыз-келіншек жігіттерді ұзақ күттірген жоқ. Тәкежан мен Мырзахан кеткеннен көп уақыт өтпей-ақ қалың топ боп келді. Олар осы маңға жақындай бере "Абай қайсы? Күйеу қайсы? Күйеуше неге киінбеген?" десіп, Абайға Тобықты тымағын шешкізіп, енді "Күйеу тымағын" киюді бұйырды.

Басқа үкі тағып, қызыл манат шапан мен биік өкше етік кию осы өңірдің барлық күйеуіне жол болатын. Бірақ Абай ауылдан шығарда бұл киімді кимей қойған. Енді жеңгелер алдында өз әрекетіне қысылып, айтқандарын орындады. Осы кезде келіншектерге ере келген балалар жігіттердің аттарына мініп алып, шаба жөнелісті. Ал күйеулер мен барлық қыз-келіншек ауылға жаяулап келді.

Бұдан кейін бірнеше күн қатарынан түрлі жоралғылар жасалып, екі жақтан табысқан ата-ана осы келудің үлкен тойын істеді. Абай қалыңдығы Ділдәны үшінші кеште ғана көрді. Алғашқы жүздесу кезінде екі жас бір-бірін қатты жатырқады. Тіл қатысып, ашыла сөйлесе де алмады. Одан кейін Абайлар Алшынбай ауылында он бес күн жатты. Айырылысар кезде Абай мен Ділдә үйреніскен болатын, бірақ іштей екеуі де қабыспай, салқын күйде қалысты. Үлкендер зор меженің бірі деп білетін өмір белі ұрын бару болса, Абай содан асты. Алайда жас жүрегіне жалынды от қосып қайтқан жоқ. Қайта бірқатар жарықшақ, ақау салып, мосқал тартқандай боп қайтты.

Абайлар елге келгенде алдымен Құнанбайға сәлем беру үшін Күнкенің аулына барды. Інісінің ер жетіп, үйленуге айналғанына әсіресе Құдайберді қатты қуаныпты. Ол Абайды бар жолдастарымен қонақ етіп күтті. Абай ағасына Қарқаралыда болған қызықтарын айтып, Ерболмен бірге жаттап келген жаңа әндерін шырқап берді де ертесі өз аулына аттанды.

Бұл күні Тобықтының қалың елі Бөжейдің асына дайындалып жатыр екен. Жігіттер осыны ести сала қатты қуанды. Абай шешесімен отырып ұзақ сөйлесті. Әңгімелерден Құнанбай көктемнен бері дамылсыз жиын жиып, тынымсыз қимыл үстінде екенін білді. Қазіргі күні талай руды қайырып, өз жағына өткізіпті. Ендігі... қысылтаяң кезеңде Жігітек, Бөкенші, Торғай мен Көтібаққа берілген он бес қыстаудың он төртін қайтарып та алыпты. Тек Байсал ғана өзіне тиген үлесін қайтарудан бас тартыпты. Ол жарлықты жеткізген Қаратай мен Жорға Жұмабайға: "Құнанбай екеуіміз бала кезден жасасып келеміз. Жерсіз екенімді біледі" деп жөн айтыпты. Құнанбай Байсалға кіжінулі. Бөжейдің асы келе жатқандықтан тартынып отыр екен. Сонда да екі жақтың қырғи-қабағы тыйылар емес. Болымсыз бірдеңе болса, от шығып, ұшқындап кететін сияқты.

Ұлжанның әңгімесі ұлына үлкен ой салды. Осыдан кейін күні бойы Абай ешкіммен жазылып сөйлескен жоқ, түнімен ұйықтай алмады.

Ертеңінде ауылға Құнанбайдың өзі де келді. Байсалдың жылқысы осы маңға жақын жерде жайылып жүр екен. Құнанбай соған ашуланып, "Әдейі бері өрістетіп отыр" деп Жұмағұл мен Мырзаханға жылқыны сойылдап, Байсал аулының ар жағына қуып тастауды тапсырды. Құнанбай үйге кіргеннен кейін Абай атшабарларға жылқыны қумай, жылқышысына жай ғана ескертіңдер деп бұйрық берді. Осы сөзді орындамаса, екеуін өзі жазалайтынын басып айтты.

Сөйтіп үйге кеп әкесіне ажарлана қарап отырып Байсал дауы, әділет туралы сөз қозғады. Құнанбай алғашында ұлын тыйып тастағысы келгенімен, оның іркілмей, сенімді сөйлегеніне қарап, "Бұл тек Абайдың ойы ма, әлде бар туысқан солай десе ме?" деп ойланып қалды. Кейін Абай осы сәтті пайдаланып, тағы бір әңгіме бастады. Ол Бөжейдің асы жайындағы ойы еді. Құнанбай бұл асқа қатыспайтыны белгілі. Абай оған "Сіз бармасаңыз да. Біз барып, араласайық. Рұқсат беріңіз" деген. Құнанбай "Мейілдерің. Маған десе, аяғына бас ұр Байдалы мен Байсалдың" деді де шығып кетті.

Көнгені осы. Қай көңілмен көнді? Оны Абай елеген жоқ. Осы күннен Бөжейдің асына өз дайындығын бастап кетті. Үй ішімен, одан ауылдағы ағайынмен ақылдасты. Артынша Байдалыларға барып, ойлағанын айтты. Байдалы, Сүйіндіктер оның ұсынысына ризалығын білдіріп, Абай ас кезінде Бөжейдің Найманнан келетін нағашыларын күткені дұрыс деп ұйғарды. Жанына осы ауылдарды жақсы білетін Ербол, Жиренше мен Базаралыны көмекші етіп қосып берді.

Абай ас өтетін Қазбалаға үш жүз кісі түсетін он үй тіккізді, он бес семіз байтал, үй басы екі еркек қойдан сойғызды, қымыз жеткізуді де ойластырып қойды. Ұлжан, Ызғұтты мен Құдайберділер үнемі оның жанынан табылып, кеңестерін айтып, көп көмек көрсетті. Ербол мен Жиреншелер де тыс қалмады. Зере әжесі осы кезде ағайынын жинап "Жат жиынның алдында жас балаларымның жақсы талабын жер қылмаңдар. Отымен кір, күлімен шық қонағыңның. Шалдықсаң да қабақ шытпа" деп тапсырды.

Тобықты ішіндегі елді санамағанда, асқа Қарқаралының Арғыны, Жетісудің Жалайыры, Садыр-Матайы, Семіз-Найманы, Ылдидың Уақ, Бурасы, Дағандының Керейінен мыңнан аса қонақ келді. Сол қонақтың бәрі Абай тіккізген он үйді осы маңдағы үйлерден өзгеше деп таныды, Құнанбай баласының сыйын да жоғары бағалады.

Ас өтіп, қонақтар елдеріне қайтар шақта Найманнан келген кәрі нағашы Абайды шақыртып алып, бата беріп, алғысын айтты. Одан кейін қараны сындыру, қаралы теңді бұзу ырымдары жасалды, Бөжейдің аруғына арналған соңғы дауыс айтылды, құран оқылып, тұлдаған екі ат бауыздалды. Мұның бәрі қаралы жыл бітті дегеннің белгісі еді. Қонақ күтіп, үш түн ұйықтамаған Абай осы ғұрыптың соңына дейін әрең шыдады. Бәрі аяқталған соң ол Байсалдың батасын алып, Ерболды ертіп аулына аттанды.

Ауылға келе салып екі жігіт бір-бір кесе қымыз ішті де жастыққа бас қойып, ұйықтап жарысқандай боп сілесті. Сөйтіп, екінші күннің сәскесінде барып сергіп тұрды.

Абай осы қалың ұйқының уағында өзінің қандайлық абыройлы, атақты жігіт атымен оянғанын білген жоқ еді.

Бұл күндерде бар жайлауларды кернеген жалғыз әңгіме - Бөжей асы туралы болса, сол асқа қызмет еткен жандардың аттары да ауызға ілініп кетті. Асты жақсы басқарған үлкендер бір төбе. Бірақ көп аузына олардан да бұрын ілінген жас қана жігіт — Абай аты бопты. Айтушылар Абайды ең әуелі Құнанбаймен шайқастырады екен. "Тоңы жібімейтін, зәрі қатты қырыс әкені Абай кінәлапты-мыс. Талай мың қонақтың ішінде Абай күткен қонақтар өзгеше бір естен кетпес сый көріпті. Барлық жиынның батасын алыпты. Халыққа жаны ашитын, ақылы кемел бір бала шығыпты" деген әңгімелер ел ішіне тарап жатты. Абайдың ас кезіндегі абыройлы ісі шешелерін де қуантты. Олар арнайы атап мал сойғызды.

Арада үш-төрт күн өткенде Ербол өз аулына қайтты. Бірақ көп ұзамай, сүйінші сұрап қайта келді. Ол Абайға Сүйіндіктің кіші баласы Әділбек қайнына жүргенін, Қасына Сүйіндіктің өзі, Асылбек те ере кеткенін айтып, Абайдың Тоғжанмен жолығу мүмкіндігі туғанын жеткізді. Тоғжан да кездесуге қарсы емес екенін ескертті.

Абай толқып, қатты қуанды. Сөйтіп екі жігіт ымырт жабыла бергенде Бөкенші жайлауы — Жәнібекке тартты.

Жігіттер Жәнібектің тұсына ел жатар кезде тақады. "Бүгін көрісудің орны болмас" деп ойлаған. Онысы қате екен. Сүйіндік аулына жақындай бергенде екеуі де алыстан талмаурап келген әнді есітті. Жақындап қараса, ауыл жастары мен келіншектер алтыбақан теуіп, сауық құрып жатыр екен. Абай ол топқа қосылудан ыңғайсызданып "Алдымен сенің аулыңа түсейік" деді. Алайда Ербол досымен келіспей, "Әдейі келген кісі болмаймыз, амалын табамын" деп оны көндіріп екеуі алтыбақанның қасына жетіп барды.

Әндетіп, әзілдеп тұрған топ қонақ жігіттерді жылы қарсы алды. Тоғжан үйінің үлкендері жүріп кеткеніне орай істеп жатқан бастаңғылары екенін айтып, "Ойынымыздың үстіне келіпсіңдер. Жатырқамаңдар" деп алтыбақан тебуге, ән шырқауға шақырды. Әсіресе, Сүгірдің қызы Керімбала еркін сөйлеп, "Қайындарынан жаңа келген жігіттер ғой. Әндерін үйренеміз" деп әзілдеп қойды. Жұрттың бәрі мұны жақсы қостап, тегіс күлді.

Ойланып қалған Тоғжан күлген жоқ. Абай екеуі топ ішінде ұялысқандай шолақ амандасқан. Жеңгесі қайынсіңлісінің жүзіндегі өзгерісін байқап, оны құшақтап, басқа жайтты айтқандай боп: "Еркем, ән сал! Әйтпесе мына жұрттың сөзі мен көзі саған қадалғалы тұр" деп сыбырлады.

Алтыбақанға бірінші боп Абай мен Керімбала мінді, екеуі "Топайкөкті" айтпақ болды. Бірақ Керімбала кейбір ырғағын теріс айтады екен. Қыз-келіншектер соны ескертіп, оның орнына әлпеншекке Тоғжанды мінгізді. Тоғжан Абайдың ырғағына оңай ілесті. Екеуі ұзақ тербеліп ән айтты. Бір кезде Абай әннің сөзін өзгертіп "Сағындырған ғашық жар, ынтығы іште жүрген шерлі досын кінәлаудан тоқтар ма екен?" деген сырын жеткізе бастады. Басқа топ онысын байқамаса да, бұл сөздердің мәнін Тоғжан ұқты.

Алтыбақан қасындағы сауықтан кейін Ербол "ақсүйек" ойынын бастады. Осы ойын кезінде ол амалын тауып, Абай мен Тоғжанды оңаша жерде кездестірді. Тоғжан Абайдың құшағына кіре беріп, жылап жіберді. "Көрісейікші бір. Сағындым" деді. Абай "Ертең тос. Келемін" деп сөз берді. Ойын үсті болғандықтан екеуінің жанына Керімбала келіп, бұл кездесу ұзаққа созылмады.

Бірақ келесі түнде Абай сөзінде тұрып, екі ғашық тағы табысты. Дірілдеген демдері қосылып, қатты құшақтасып, ұзақ-ұзақ сүйісіп, сағыныштарын басты.

Таң атар шақта ғана Абай Тоғжанмен қоштасып, Ербол екеуі Жәнібектен жөнеле берді. Сол шыққаннан өз ауылдарына жеткенше Абай ән салып барды.

Осыдан кейін де Абай Жәнібекке бір баруға талпынған. Бірақ ол уақытта Сүйіндіктер қайтып кепті. Әділбек келісімен суық сөз естіп, сезіктеніп, жеңгелірін де, малшыларды да қатты бүріпті. Ауылына сақ аңду қойып "Аяғын Жәнібекке басып көрсін, тірі кетпейді" деп кесіп айтыпты. Амал құрып, тағы бір айықпас қасірет келді. Абай өзін өзі не күйде, не деген делсалдық дерт үстінде жүргенін аңғара алмай, жүдеп кетті.

Әке-шеше өздері ұйғарып, бұйырды ма, мұны тағы қайнына жүргізетін болды. Абай айдалған кісідей Қарқаралыға кетті.

Осы кезде Құнанбай тағы бір топ жанды қырына алды. Әсіресе, қатты зардап шеккен Құлыншақ болды. Құнанбай оған "көшіп кеттің, баламды ұрдың, інімді масқараладың" деп тиіскен. Малын тізіп алып, айып-анжаны баса салған. Садырбай, Наданбай деген екі баласын Жетісуға жер аударып жіберіп, Мұңсызбайды кепілде болсын деп Жақып аулының шетіне қондырыпты. Осының бәрін басқа жұртқа білдірмей бір күнде тындырыпты да, түк болмағандай жүре берген.

Бұл жолы қайнында ай жарым жүрген Абай ел қыстауға қонатын уақытта Ділдәны алып бір-ақ келді. Ол келгенде жұлысқан тартыс жоқ. Дегенмен ауыл үй, ағайын арасы тағы да томсарған наразылыққа, бітеу жараға толы екен...

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Киіз үйдің математикалық сипаты
Киіз үйдің математикалық сипаты
Алғашқы обсерватория қайда орналасқан?
Алғашқы обсерватория қайда орналасқан?
"Астана" қарсыласына қарымын көрсете алмады
"Астана" қарсыласына қарымын көрсете алмады
"Чарли және шоколад фабрикасы" кітабы қандай балаларға арналған?
"Чарли және шоколад фабрикасы" кітабы қандай балаларға арналған?
Жатбауыр – "Атау кере" романындағы кесек тақырып
Жатбауыр – "Атау кере" романындағы кесек тақырып
Балаға спорт үйірмесін таңдауына қалай көмектесу керек?
Балаға спорт үйірмесін таңдауына қалай көмектесу керек?