"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Кек жолында"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Кек жолында"

Massaget.kz порталы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" роман-эпопеясының қысқаша мазмұнына doodle анимациялы видеосаммари дайындады. Видеожоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

Назарыңызға IІІ томдағы "Кек жолында" тарауын ұсынамыз.

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қайтқанда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Қат-қабатта"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Жолда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Шытырманда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Бел-белесте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Өрде"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қияда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, Тайғақта

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том,  "Жайлауда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, "Еңісте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Оқапта"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Асуда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Тарауда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Биікте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Эпилог"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Абай аға"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Кек жолында"

Кек жолында

Базаралы елге келгелі бір айдай уақыт өтті. Оны өз руы Жігітектен бөлек Бөкенші, Көкше, Көтібақтар тегіс шақырып қонақ етті. Аталас жақындары той өткізбек еді, олардың жүдеулігін көріп, жасатқан жоқ. Ал, Ырғызбай ішінен ол тек Абай аулына қонақ болып қайтты.

Әйгерімнің отауына Абай «Базаралы кешегі ауыр күндерін ұмытсын» деп өзінің жас өнерпаз достарын шақырған болатын. Кешкі мәжілісте Көкбай, Мұқа, Әлмембеттер Абай әндерін шырқады. Ендігі бір кезекте Базаралы Әйгерімге қолқа салды. Ол  «Татьянаны» айтып шықты. Базаралы Абайдың ерекше өлеңдеріне риза болды. Кейін өзінің басынан өткен қызықты хикаяларын баяндап берді.

Абай аулынан қайтқан соң Базаралыға көріспек боп Дәркембай келді. Олар бүгінгі кедейлердің мұңы мен байлардың істеп отырған зорлығын сөз етті. Базаралы Семейде алдымен қонақ қылған Жиреншелердің «Құнанбайдан кегіңді ал» деп қайрап, мұның қолымен от көсемек болғанын ашына айтты. Дәркембай да Тәкежанның жеті ауылға істеп отырған озбырлығын баяндады. Осындай кеңестен кейін Базаралы Тәкежандар мен Оразбайларға қарсы тағы бір сойқанды бастауға бел буды.

Арада көп уақыт өтпей алыс күзекте отырған Тәкежан аулына қасына Ербол мен Дәрменді алып Абай келеді. Оның бұл келісінің екі себебі бар еді. Бірі жылқыларын ұрлатқан Семейтаудағы Бура жоқшыларының жұмысы болса, екіншісі Жеті ауыл Жігітек пен Тәкежан арасындағы жаңа даудың жайы.

Тобықтының Серікбай дейтін ұрысы Бураның бір үйір жылқысын алып кеткен екен. Ол Тәкежанның адамы болатын. Абайдың «ұрыңды ұстап бер» деген сөзіне Тәкежан сазара қалып: «Көргенім жоқ. Қайда тентіреп жүргенін білмеймін, ұстап ал да үйтіп же!» деп бой бермеді. Оның алдын ала осылай дейтінін білген Абай өнбес даудың соңына түспейін деп шай үстінде екінші сөзін бастады. Тәкежан Абайдың Жігітек туралы сөздеріне де көнбеді. «Биыл шауып қойдым. Пішенді Жігітекке беріп кішірейер жайым жоқ. Келесі жылы көреміз. Егер, Жігітек пішенді тасып аламын десе, қыстауға қайтқан сапарымда олардың қыстауына тоқтап жерлеріндегі барлық пішенді жегізбейінше кетпеймін» деп қысқа қайырды. Абай зорлықшыл туысын көндіре алмай отырып қалды.

Тәкежан мен Жігітек арасынадағы дау бірталай даңға айналды. Абай туысқанын айтқанына көндіре алмағасын: «Тәкежандікі зорлық. Енді өз жоғыңды жоқтай біл» деп Жігітектің он шақты аулына сәлемін айтқан. Бұл ауылдар осыдан кейін Әзімбай шапқан пішенді тасып алған. Мұны білген Тәкежан өзі айтқандай қайтқанда қыстауына бірден бармай, жеті ауыл Жігітек жеріне тоқтап, отырып алды. Байдың малы Жігітектің қорасындағы маясына дейін жеп бітіруге айналды. Мұншалықты өктемдікті күтпеген момын ауыл он шақты жігітке Базаралыны басшы етіп Тәкежандарға жібереді. Тәкежан Базаралыға Жігітектің жеті ауылының шөбін толық жегізбей көшпейтінін, бұл ісіне араласпауын айтады. Оның сөзіне  шамданған Базаралы: «Еркек болсаң көшпей осы жерде отыра бер!» деп он шақты жігітін алып қайтып кетеді. Тәкежан ауылы Базаралының сөзіне былқ етпей қар екі рет жауса да кетпей отырып алады. Оның осындай зорлығы бүкіл Шыңғыстағы Жігітекке жайылады.

Екі-үш күн өткесін Базаралы мен Абылғазы бір істі бастамаққа бекініп, Дәркембай жатағына келеді. Үйде отырып, Базаралы жатақтағыларға каторгада өзімен жолдас болған Керала деген орыстың жайын баяндап береді. Айтуынша, Керала да орыстың сан Тәкежандарынан тепкі көріпті. Қарындасын тартып алған «Қызыл қораз» деген байдың өктемдігіне шыдай алмай бір түнде барып балтамен жаралапты. Содан соң оның үй-мүлкін түгел өртеп, қарындасын алып тоғайға қашыпты. Тоғайда бір жарым ай жүріп айналадағы түгел байлардың мүлкін өртеп, тақырға отырғызыпты. Өзі адамның алыбы болса да патшаның қалың әскеріне төтеп бере алмай ұсталып, өмір бойына каторгаға қамалыпты. Базаралымен танысқанда айдауда жүргеніне отыз жыл болыпты. «Мені Кераланы көргеннен кейін үлкен өкініш кемірді. Түк бітірмей кетіп, аяқтағы суға ағып өліппін. Тым болмаса біреуіне естен кетпес соққы беріп кетпеппін» деп анық бір іске бекінгенін аңғартып бір-ақ тоқтады.

Сол күні түнде жиыны қырық бес жігіт Шолпандағы Тәкежанның жылқыларын барымталауға аттанып кетті. Діттеген жерге олар таң ата жетті. Осы тұста Абылғазы жігіттерді екі топқа бөлді. Бірінші топтағы 15 жігіт соғысқа кірмей  жылқыларды түгел Шыңғысқа қарай айдайтын болды. Екінші топтағы 25 жігітке қарап бұйырып: «Мына жерде Тәкежанның сегіз жүз жылқысы жатыр. Қазір тігерге тұяқ қалдырмай алып кетеміз. Кедей жорығының жолы болсын. Ұрып таста, кеу-кеу!» деп алдымен өзі ағыза жөнелді.

Бұл кезде жылқыда Әзімбай бар болатын. Ол өткендегі Базаралы сөзінен секем алып, жылқышыларды да көбейткен екен. Жүрісі алабөтен топ аттыларды көргенде ол да қасына жиырма шақты жылқышы жігітті алып «қайт-қайттап» алдарынан шықты. Екі жақ бетпе-бет келгенде Базаралы Абылғазыға: «Тәкежанның қу жалғызы осында екен. Әуелі өзін орайға келтір» деді. Осы кезде бай баласы Абылғазы мен Базаралыға қарсы кеп қалды. Екеуінің сойыл сілтегені Әзімбай еді. Бірақ оның екі жағындағы еңгезердей жылқышылар бай баласын қорғап қалды. Базаралы мен Абылғазы соғыстың тәсілдерін үйреніп өскендіктен екі жылқышыны ат үстінен аударып түсіріп, Әзімбайды оңдырмады. Абылғазы оның маңдайынан ұрып, Базаралы аттың сауырына алып, сүйретіп жерге лақтырып жіберді. Қалған жылқышыларды жігіттер сойылмен соғып, аттарын тартып әкетті.

Бұл кезде он бес жігіт Тәкежанның сегіз жүз жылқысын Ералы жазығына жеткізген еді. Осы жерде Байғабылдағы жатақтан қосылған бес жігітке Базаралылар тобы  қырық үйге қырық ат және екі үйге бір сойыс ат деп алпыс шақты жылқыны бөліп берді. Қалғанын Шүйгінсуға жеткізіп кедей ауылдарына таратты. Таратумен бірге Базаралы қатты бұйрық жолдап: «Бұл жылқы баласын бірде-бір ауыл мал қылам деп ойламасын.  Бұл мал боп сіңбейді, ас болып сіңеді. Осы түннен қалдырмай сойып алсын. Шапқаным Тәкежан, істегенімді мойныммен көтеремін!» дейді. Ел іші қазір тісін тісіне қойып, аш отырған шақ еді. Айтқандай түн асып, ертеңгі күн бесінге жеткен шақта Шүйгінсу, Қарауыл бойы, мол Шыңғыстың қойнаулары Тәкежанның қалың жылқысын қып-қызыл қан жоса қып қырып салды.

Басынан жараланған Әзімбай үйіне жетіп, бай атаулыға "Құнанбай аулын шапты" деген хабар тарады. Дәл осы алай-дүлей күндерде жылқысынан айырылған Тәкежан аулына тағы бір әлек төнді. Күздің қысқарған күні кешкіре бастаған шақта Шыңғыстан пайда болған қара бұлттың арты боранға айналды. Артынша ықтырма құлап, бір топ қой ығып кетті. Ол қойға қасқыр шауып, қойдың артынан ерген Исаны жаралады. Иса жалаң қолмен 4 қасқырды ұрып алса да, қыстауға көшкесін мұрттай ұшып, бес күн бойы қызуы түспей сандырақтап жатып қайтыс болды.

Базаралылар жылқы барымталанған күні Шолпаннан тай шаптырым жердегі Ақшоқыда Абай іні-достарымен бірге Лермонтовты аударып жатқан еді. Оларға келген Ақылбай Тәкежанның қалың жылқысы бармыталанғанын айтып, жылқыны Шыңғысқа қуып кеткен жаудың бағдарын, шабуыл жасаушы Базаралы мен Абылғазы екенін баян етеді. Мұны естіген Абай: «Тәкежанның зорлығы осыған жеткізді. Онан соң бұл әрекет ендігі заман тартыс заман, есеңді іздеудің жолы осылай болар дегенді аңғартса керек» дейді. Абайдың бұл сөзін Ерболдар сүйсіне тыңдайды.

Абай келер заман момын, адал жұрттың түбі жеңіске жететіні туралы айтып жатқан уақытта Шұбар келеді. Ол бұл ауылды бар әңгімеге қанықтырады. Тәкежанның мал дауымен қатар, Ырғызбайлар Күнтуды болыстықтан түсіргенін айтады. Күнту өзінің орнына Оспанды атауға да көніпті. Осы орайда Майбасар, Тәкежандар тағы бір есеп құрып отыр екен. Онысы Базаралыны қашқын деп ұстатып жіберсе, Тәкежанның қалың жылқысы қайтпай қалады. Олар Базаралыны қазір ұстатып жібермейді. Әуелі қазақ жолымен айыпкер етіп, бар малын Жігітектен өндіріп алмақшы. Сондай сөзбен Тәкежан, Майбасар, Оспандар Семейге кетіпті.

Осымен Шұбар жүргелі жатқанда Абай аулына Тәкежандар келіп түсті. Ол Абайға қалаға бірге жүр деп қолқа салды. Абай «менсіз де көмекшің көп екен» деп бармауға бейіл танытты. Тәкежан болса «олар бір төбе, сен бір төбесің ұлық сені тыңдайды. Мен нақақтан күйіп отырмын» дейді. Абай болса, "сен елді жылатқаннан күйдің. Көптің көз жасына ұшырап отырсың. Мен көпшілікпен біргемін. Қалың елім қазағым" деп жауап берді. Ашуланып кеткен Тәкежан: «Сайда саны, құмда ізі жоқтарды жұрт дегеніңді қашан қоясың. Бүйткенше ата жолынан бездім десейші. Құныкерім неге болмадың Абай!» деп үстелді қамшысымен салып қалды. Абай Тәкежанға қабағын түйіп ашулана қарап: «Құныкер дейсің бе? Базаралыны ұлыққа ұстатып беретін болсаң мен сенен кешегі күні босағаңда өлген Исаның құнын даулайтын боламын, білдің бе?» дейді. Тәкежан Исаны айтқанда тосылып қалады. Кейбір жаулық ойлағандар осыны сөз қылады деп сескенуші еді. Сытылып үйден Шұбармен бірге шыға береді.

«Базаралы–Тәкежан дауы» дегенге бүкіл ояз, Семей оязының болыстары мен жуандары ат салыса бастады. Бұл күнде Тәкежанның малын жоқтаушы бай-манаптар ұлықтың алдына тобымен барып жатты. Қазір Құнанбай балаларының сәлемімен жиылған билер қаладағы бай саудагер Нұркенің үйінде. Тәкежан мен Майбасардың маслихаты бойынша Нұрке ұлыққа кіріп: «Тобықты ішінің лаңын өзімізге бер. Қазақ жолымен бітіреміз. Біздің дегенімізге көнбесе, аяқ-қолын байлап өз әміріңе әкеп береміз» деп ұлықтың рұхсатын алған.

Бұл үйдегі билер айыпкер Жігітекті шақыртқан. Жігітік ішінен Базаралы баратын болды. Ол кетерінде: «Өзім істегенім рас. Бірақ, қырық жігітті шұбатып алып бармаймын. Қасыма Сарбас пен Әбді ереді» дейді. Базаралылар келгесін істің тергеуі тез басталды. Онымен дауға түсетін Шұбар болды. «Даугерім сен боласың. Құнанбай балаларының ішінен сөзге шешен Абайдан кейінгі сенсің» деп Тәкежан оған қатты тапсырған.

Дау басталғанда Базаралы жағалай билерге қарап: «Уай билер! Осыған дейін бұл дуанда Құнанбайдан асқан жуанды көрдің бе? Көрмедің! Бұлардың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс еді. Бұлардың кәрі өтеді, дегені болады, оларға адам баласы қарсы келеді дегенді білдің бе? Білмедің. Менің парам осы. Бұлардың да ет пен сүйектен жаралғанын, қарсыласуға, соққы беруге болатынын дәлелдедім» деп тоқтады. Бұл сөзге билер арасында Құнанбай балаларына қарсылар ашық күле алмаса да, бастарын төмен салып езу тартты.

Шұбармен қақтығыста Базаралы: «Тәкежан менің құнікерім. Ағам Балағаз осының айдауымен өлді. Інім Оралбай осылардың кесірінен далаға қаңғырып, көмусіз қалды. Бұл өз басымның кегі. Елден қума өзімнен қу. Есебімді өзімнен айыр» деген. Шұбар болса: «Мұны істетіп отырған түгел Жігітек. Өйткені атам Құнанбай мен Бөжей арасынан келе жатқан өштік-қастық бар. Жауапты түгел Жігітек береді. Менің талабым Тәкежанның сегіз жүз жылқысының құнына түгел Жігітек бір тұяқ орнына үш бестіден берсін. Шартым осы» деп тоқтады.

Күні бойы ырғысқан билер кеңесі кешке дейін созылды. Ымырт жабыла олар Базаралы мен Шұбарды шақырып, Нұрке арқылы соңғы шешімін жариялады. Жігітек түгелімен жауапкер аталды. Тәкежанның сегіз жүз жылқысы үшін жылқы тұяғына екі бестіден – мың алты жүз бесті беретін болды. Осы қыста бұл билік түгелімен іске асты. Билердің шешімін орындаған Жігітек ішіндегі байлар емес еді. Салмақ орта шаруа мен кедейлерге түсті. Соның орайына қалың Жігітек тақа тұралап қалды. Келесі жазда жайлауға шығарға қауқары болмай, жүдеулікке түсіп, жатақта қалып қойды.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар