"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, Тайғақта

Massaget.kz порталы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" роман-эпопеясының қысқаша мазмұнына doodle анимациялы видеосаммари дайындады. Видеожоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

Назарыңызға IІ томдағы "Тайғақта" тарауын ұсынамыз.

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қайтқанда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Қат-қабатта"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Жолда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Шытырманда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Бел-белесте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Өрде"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қияда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, Тайғақта

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том,  "Жайлауда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, "Еңісте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Оқапта"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Асуда"

Тайғақта

Бұл көктем мезгілі еді. Абай Семейдегі Тінібек байдың үйінде кітап оқып отырғанына бірнеше күн болған. Оның әсіресе соңғы түні ұйқысыз өтті. Үлкен үстел үстінде ашылып жатқан кітап бір емес, әлденеше. Оқи отырып, кей жайларды анық, айқын етіп хатқа жазып келеді. Керуен көшетін сауда жолдары, үлкен базарлар, атақты қалалар — барлығы да қазір қажылыққа аттанатын Құнанбай үшін керек.

Бұл өңірде әлі ешкім дәл осындай сапарға шығып көрмегендіктен жасы жетпістен асқан Құнанбайдың қадамына уайым білдіргендер көп. Әсіресе, қазір сырттан Ұлжанды ертіп кірген Тінібек байдың келіні, Абайдың апасы Мәкіш қатты қиналып жүр. Ол шешесіне қосылып інісінен жол жайын сұрады да, «Жолында ми қайнаған ыстық, жалғыз тамшы суға зар қылатын, ат тұяғы күйетін меңіреу шөл де бар» дегенді естігеннен кейін үнсіз жылап алды.

Меккеге аттану қауіпті екенін Құнанбайдың өзі де түсінеді. Бұл сапарға ол бір жыл бұрын бекінген болатын. Содан бері қайта-қайта мал сатқызып, ақша жиып әзірленіп келген. Тіпті, жолына қанша пұл керегін білсе де, сол керек мөлшерден төрт-бес еседей көп алып барады. Мұнша көп пұлды несіне алғанын ешкімге айтқан жоқ. Бірақ осы сапарда орындап қайтқысы келетін бір ойы бары анық. Ол ойын іске асыру үшін әрі ұзақ жолда көмегі тиер деп Ызғұтты мен Қарқаралыдағы Өндірбай қалпені қасына жолдас еткен.

Құнанбайларды Семейден шығарып салу үшін Тінібек байдың үйіне жиналған жұрт көп болды. Дені қыр киімін киген ел адамдары. Бірақ солармен қатар, қаланың саудагер, шәкірттер, қалпе-хазіреттер сияқты қонақтары да бар. Құнанбай жүрер шақта үй іші, бала-шағаға оңашада айтам деген сөзін осы арада айтуына тура келді. Ол көзіне жас алған Мәкішке қарап ойлана түсті де бұл сапар ендігі қалған тірлігінің мұраты екенін ескертіп, ажал жетіп, қаза тапқаны естілер болса, «арманда кетті-ау» деп еске алмауларын өтінді. «Оларың маған достық емес. Сендер ұзақ жасар жастықты мен армансыз жалын құшып, жасап өткем. Жыламастан, сықтамастан аттандырыңдар!» - деді.

Осыдан кейін Ызғұтты аттанудың қамына кіріспекке тұрды, оның артынан жастардың бәрі ілесе тұра беріп еді, Құнанбай Абайды тізесінен басып: «Жә, тапқаның мен таңдағаныңды сен мәлім етші, балам!» деді. Абай қалтасынан бірталай мол қағазды алып шығып, «Тапқанымның бәрі осында. Ызғұтты аға, жаныңда ұстағайсың» деп, Ызғұттыға жазғандарын ұсынды. Артынша әкесіне айтар алғыс сөзін қысқа қайырды да жол жайын әңгімелеп берді. Құнанбай ұлын тыңдай отырып, оған іштей ырза болды. Талай уақыт ұғыспай жүрсе де, осы шақта бір үлкен жұбаныш тапқандай боп бара жатыр. Бұны Ұлжанға айтқан бір сөзінде: «Жолы менің жолымнан бөлек болса да, сенің балаң тірегім! Алдынан жарылғасын!» деген еді.

Сонымен түс уақыты жеткенде Тінібек байдың үйіндегі барлық жұрт сыртқа шықты. Құнанбай күймеге мінгелі бара жатыр еді, алдынан Дәркембай мен бір бала күтіп алды. Екеуі «жол болсын» айтып, арыздары барын жеткізді. Құнанбай жақтырмаса да олардың сөзін тыңдауға мәжбүр болды. Бірақ жұрт алдында емес, шетке барып сөйлесейік деді. Дәркембай баланы таныстырып, бұл Құнанбайдың бұйрығымен дарға асылған Қодардың Дәрмен деген немере інісі екенін, қазір жетім қалғанын, өзінің сыбағасы – Қарашоқыны сұрай келгенін айтты. Құнанбай ашуланып, зеки сөйледі. Дәркембай сескенген жоқ, өз сөзінің дұрыстығын дәлелдемек болды.

Алайда бұларды қоршап тұрған Ырғызбай тобы Дәркембайдың ары қарай сөйлеуіне мұрша бермеді. Құнанбай кете бергенде Дәрмен «Қарызым кетті мойныңда... Қарызым» деп жылап жіберді. Дәркембай «Кеше құдіретіңді аға сұлтан боп жүргізіп едің. Енді қажы боп алып жүргізем деп барады екенсің. Құдай жолы емес, Құнанбай жолыңды жоқтап жүр екенсің ғой» деп айғайлады. Оны Майбасар мен Тәкежан сол арада бүріп, түтіп жібергендей боп еді. Абай араша түсіп, Дәркембайдан кешірім сұрап, әкесі үшін қарыздар екенін айтып, оны сүйеп тұрғызды да, Дәрменге жүз сом беріп, екеуін жөнелтіп салды.

Құнанбай ұзаққа дейін үн қата алмай, тәубе қылған кісідей ішінен күбірлеп сілейіп тұрып қалды. Артынша қала адамдарымен тез-тез қоштасты да күймеге мініп, жүріп кетті. Оның қасына Ызғұтты мен Ұлжан отырды. Арттарынан тағы екі күйме мен салт атқа мінген қалың топ шықты. Бәрі Құнанбайды бір бекеттей жерге шығарып салмақ болған ағайыны еді.

Қоштасар жерге барар жолда Құнанбай Ұлжанға «Үй серігім ғана емес, өмір серігім едің. Сенің маған айтар кінәң болса да, менің саған артар бір түйірдей назым жоқ. Адал жүрек, ақ бейілің үшін балаларыңның бағы ашылсын» деп алғысын білдірді. Ұлжан көпке дейін үндемей отырып: «Мырза, аталық арманыңды ақтар балаң болсын» деп жауап берді. Екеуі ұзақ сөйлесіп, осы арыздасу үстінде барынша ашылысты. Бір-біріне іштерінен алғыс айтып ұғысты. Кейін әңгімелеріне Ызғұттыны араластырып, үшеуі Өндірбай қалпенің қызын Оспанға айттыруды талқылады.

Дәл осы уақытта артта келе жатқан күймеде Абай мен Мәкіш отыр еді. Олар да өзара әңгімелесіп, Абайдың ақындығын сөз етті. Абай апайына өзі шығарған әндерін айтып берді. Бірақ бұл махаббат жырлары Ділдәға арналмағанын да ескертті.

Құнанбай балаларының ішінен еш уайымсыз келе жатқаны Тәкежан болды. Оның бұл халіне Ғабитхан молда айтқан «Бергі жағы шөл болса да қазақ ішімен жүреді. Арғы жағы қажылыққа жиі баратын мұсылман елдер, олар көмегін аямайды» деген сөз себеп болған.

Көп кешікпей қалың топ бір бекеттей жерге жетті. Құнанбай өзін осы тұсқа дейін шығарып салған жақындарына алғысын айтты да ары қарай Қарқаралыға кетті. Басқа жұрт Семейге оралып, ауылдарына тарады. Жанына Ерболды алып қалған Абай жұмыс бабымен қалада бөгелетін болды. Ұлының бұл жүрісі Ұлжанға ұнамады. Ол Абайға «Ауылды көрмегеніңе алты ай болды. Үйдегі жар-жолдасың мен балаларың күтіп жүр. Тез қайт, балам» деп ақылын айтты.

Осыдан он бес-жиырма күн өткенде Абай мен Ербол да аттың басын Шыңғыс жаққа бұрды. Елге қайтар жолда олар жауын астында қалып, бір кедей ауылға қонақ боп түсті. Күтіп алған үй иесі Байшора руының Бекей деген адамы екен. Ол ерекше қонақжайлық танытып, малын сойды. Жігіттер шай ішті де ас піскенше мызғып алуды ұйғарды.

Абай ұйқыдан селт етіп, сөйлеп оянды. Артынша Ерболды тұрғызып, екеуі тысқа шықты. Сөйтсе, ол түсінде Тоғжанды көріпті. Айтуынша, Тоғжан оған «Келші, мен міні қасыңдамын» деген. Оянса, көрші үйде бір қыз «Топайкөк» әнін айтып жатыр екен. Дауысы Тоғжанның дауысына ұқсайды. Түсі мен өңінің осылай байланысуын Абай аян деп ұққан. Сөйтіп ол қыздың кім екенін анықтау үшін Ерболды сол үйге жібереді. Ербол аздан соң келеді де: «Құдай-ау, өзі емес, бірақ айнымыған Тоғжандай бір қыз отыр. Дәл егізінің сыңары» деп аң-таң болады. Абай қызды көруге асығады, алайда досының «Бұл жастар да қазір Бекейдің үйінен ас ішеді. Күтейік» деген кеңесін тыңдап үйге қайта кіреді.

Расымен, жастар көп күттірмей Бекейдікіне келеді. Тоғжанға ұқсағаны - Бекейдің қызы Шүкіман екен. Абай алғашында оны көргенде аңтарылып қалады. Тіпті, үйге кірген жұрттың амандасқанын да сезбейді. Бірақ кейін есін жиып, әзіл-қалжыңға араласып, көпшілікке ән айтып береді.  Артынша Шүкіманға қолқа салып, оған «Топайкөкті» айтқызады.

Ертеңінде жігіттер ауылдарына қайтады. Жолда олар Шүкіман жайын ауызға алысады. «Керім, керім» дейді Абай. «Әй, керім. Әй, керім» деп сүйсінеді Ербол. Сөйтіп екі жігіт қыздың ендігі аты Шүкіман емес, Әйгерім болсын деп ұйғарады. Абай ұзаққа дейін іштегі сезімін білдіріп күй шертіп, ән айтады. Содан кейін досына «Кінәләма, ұқ мені» деп алып Әйгерімді жар етіп алғысы келетінін жеткізеді. Ербол мұндайды күтпесе де, Абайды кінәләмайды. Оған қолдау білдіріп, ендігі бұл ойды жүзеге асыру үшін қандай қадам жасайтындарын әңгіме етеді.

Жігіттер ауылға күн бата жетеді. Туыстары Абайды жарқын жүзбен қарсы алады. Амандығын біліп, Құнанбай жайын сұрасады. Абай әкесінің Қарқаралыға аман-есен барғанын, одан кейін дерек келмегенін жеткізеді. Сөйтіп, үйге кіріп, балаларын алдына алып отырып, Күлбадан мен Әбішті қаладағы орыс оқуына беретінін айтып, Ұлжан мен Айғызды таңғалдырады. Бірақ балалары туралы ойын айтқанымен, Әйгерім  туралы байлауын көпке шейін ешкімге білдірмейді. Өйткені алдымен бұл ниеті іске аса ма, жоқ па, соны біліп алуды ұйғарады.

Оны білу үшін Ербол екеуі ақылдасып, көмекке Байсалдың немере інісі Жиреншені шақырады. Ол Бекейдің ауылына барып, қыздың көңілін біліп, әкесімен сөйлесіп, кейін Әйгерімді айттырған жердің жайын зерттеп қайтады. Абай оған разы болып, енді іске кірісу үшін шешесінің рұқсатын алуы қажет екенін айтады.

Ұлжан бұл хабарды жақтырмайды. «Маған ақыл салыпсың. Жақсы ма осыным дейсің ғой? Жақсы демеймін. Сөзім қысқа. Бірақ көрер қызық та сенің өзіңдікі, татар зәр де өзіңнің ғана сыбағаң. Ендігіңді өзің біл. Өзің ойлап, өзің шеш!» дейді.

Абай әке-шешесінің бұдан тыңдау сұрамай Ділдәға апарып қосқаны, ғашығы Тоғжаннан айырғаны туралы айтқысы келген, бірақ шешесін аяп, үндемейді. Жауап қатпай кетеді.

Ұлжан екеуінің ең алғаш ұғыспаған жері осы болды. Дегенмен іс бөгелген жоқ. Жиренше он бес күндей жүріп, бар түйінді шешті. Абай осыған дейін Әйгерім атастырылған жер мен Бекейге көп мал беретін болды. Құнанбайдың үлкен шаңырағында дәулетке ие боп қалған Оспан еді. Ол ағасынан түк аямады. Қажет малды оп-оңай тізіп, бір-ақ жөнелтті. Сөйтіп, арада аз күн аялдан кейін Абай қайындайтын күн жетті. Тағы да Жиреншені бастық етіп, Ербол, Оспан, Ғабитхандарды алып, Абай Бекейдің ауылына күйеушілеп аттанды.

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындары сатылмайды
Ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындары сатылмайды
Coursera курстарын қалай тегін оқуға болады?
Coursera курстарын қалай тегін оқуға болады?
Сұхбаттасудың орнына ойын ойнау. НУ студенттері қызметке іріктеудің ерекше түрін ойлап тапты
Сұхбаттасудың орнына ойын ойнау. НУ студенттері қызметке іріктеудің ерекше түрін ойлап тапты
Бокстан Қазақстан чемпионаты Шымкентте өтеді
Бокстан Қазақстан чемпионаты Шымкентте өтеді
Команың қандай түрлері бар?
Команың қандай түрлері бар?
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында қайда хабарласуға болады?
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында қайда хабарласуға болады?