"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Қарашығын"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Қарашығын"

Massaget.kz порталы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" роман-эпопеясының қысқаша мазмұнына doodle анимациялы видеосаммари дайындады. Видеожоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

Назарыңызға IІІ томдағы "Қарашығын" тарауын ұсынамыз.

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қайтқанда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Қат-қабатта"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Жолда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Шытырманда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Бел-белесте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Өрде"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қияда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, Тайғақта

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том,  "Жайлауда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, "Еңісте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Оқапта"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Асуда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Тарауда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Биікте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Эпилог"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Абай аға"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Кек жолында"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. IІI том, "Қарашығын"

Қарашығын

Абайдың биылғы жайлауы Барлыбайда бүгін үлкен әбігер бар. Ауыл үлкендерінен бастап, балаларына дейін оны сезіп жүр. Ал жастар Шыңғыс жаққа қарайлап, ат үстінен түскен жоқ. Бәрінің күткені – Әбіш еді. Петерборда оқитын Әбіш туған өлкесіне екі жылдан кейін ғана келе жатыр. Ауыл сыртындағы төбеде жиналған Абай тобына жақында қосылған Мұқа құмалақ салып отырып: «Ат басы тірелді», - деп Шыңғыстауға қараған шақта, асып келе жатқан күймені көрді.

Күйме ауылға кіріп, тоқтар-тоқтамаста Әбіш алдынан Абай құшақ жая ұмтылды. «Есенбісің», «Көп сағындырдың ғой» деген секілді нешеме сөздер айтылды. Қонақтар үйге кіріп жайғасқан соң Абай Әбіш жүзіне үңіле түсіп: - Неге жүдеусің, Әбіш, денің сау ма? – деп еді. Осы сәтте Көкбай да соны байқағанын айтып, қала тамағының құнарсыздығын сөз қылып кетті. Әңгіме ауаны Әбіш оқуына ауысқанда, ол өзі оқитын Михайлов атындағы артиллерия училищесін өзі таңдап түспегенін айтып қалған. Бірақ Абай сөзін ұзаққа создырмай: «Ғылымның жаманы жоқ! Қай тұрғыда да еліңнің мұңы мың батпан», - деп түйді.

Абай өзінің жаңа досы, Семейге айдалып келген Павловтың неге келмегенін сұрастырды. Әбіштің айтуынша, полицмейстр «айдаудағы адам жайлауға барып қымыз ішпесе де болады» деген көрінеді. Әлден уақытта үй ішінде Абайдың айналасына жиылған жастар бір-бірлеп өнер көрсете кетті. Бірақ бұл өңірге таңсық өнер Әбіштің өзінде екен. Ол скрипкада ойнап, елге таныс емес біраз әуенді құйқылжытқан. Ауыл өнерпаздары да одан қалыспайтынын көрсеткісі келіп,  скрипкадан төгілген әуенді лезде домбыраға түсіріп жатты.

Ел-жұртпен осылай көрісе салып, Әбіш уақыт оздырмай қарашаңыраққа баруы керек еді. Былтыр қыста Ұлжан қайтқан. Соған құран оқымаққа бозбалаға лайық сары атты желдіріп жүріп кетті. Ұлжан шаңырағында бүгін Оспанның бәйбішесі Еркежан отырған. Жүргіншілер үйге түскенде Ділдә мен Еркежан жоқтау айтып қарсы алды. Жылау-сықтау тоқтап, тыныштық орнағанда Еркежан Ұлжанның Әбішті көп ойлағанын жеткізді, әжесінің соңғы күндерін ұзақ баяндады.

Әбіш анасы Ділдәнің жанында тағы екі күн аялдады. Үшінші күн Ділдә аналық мейіріммен баласына өтініш айтты. Өтініші – келіні. «Тым құрыса осында біреуін айттырып кет» деп тіледі. Әбіш аңтарыла «ықтиарым өзімде» деп тартыншақтай беріп еді, Мағаш: «Аға, оның рас. Зорлау жоқ. Апамдыкі өтініш... және сол өтініш уақыты жетті емес пе?» - деді. Ділдә оның сөзін жалғап: «Ноғай Махмұттың үйінде Мағрипа атты асыл бойжеткен бар. Соны көремін деп уәде берші», - дегенде баласы ұяла бас изеді. Қайтар сапарда Дәрмен орамды тілімен Ділдәнің айтқаны бүкіл ағайынның көкейінде жүрген ой екенін ұқтырды. Мағрипа жайын да аса епті етіп баяндады.

Абай ауылына келгенде Әбіш әкесімен ұзақ сұхбат құрды. Ол ел ішінің араздығына Абайдың ықтиярлы, ықтиярсыз араласатынын, оған жаны ауыратынын, бүгінде өзге аталарды қойып, Ырғызбай ішінде де әкесіне жаулық ойлайтындардың көптігін Мағаштан естіген. Енді Абай сол туралы өзі бастап: «Сендер өзгеріңдер. Мен ескінің соңы, сендер жаңаның басысыңдар», - деді. Осы тұста Әбіш әкесі сұрай беретін Россия еңбеккерлері туралы қызықты әңгіме қозғады. Олардың зауыт-фабрика жұмысшылары еңбек етіп қана қоймай, еңбектерін қорғап жатқанын жеткізді. Бұл сөздер соңы Әбдірахманды Базаралы ісі туралы әкесіне үш түрлі сауал қоюға мәжбүр етті.

Абай баласының бірінші қойған «Сол іс көптің ісі ме?» дегеніне: «Базаралы ісі жалғыздың бастауымен шықса да, көп тілегінен туған іс» деп бір қайырды. Екінші «Базаралы осыны түсініп істеді ме?» дегеніне ақылман әке: «Сібірге каторгаға барып қайтқаннан кейін Базаралы осы істі анық түсініп істеді» деп жауап қатты. Үшінші ол жағдайға өз көзқарасын сұрағанына: «Менің ойым мен ниетім сол адамдардан бөтен емес» деп тоқтады. Тағы бір сөз қосып: «Мен сол істегі бәріне қарыздармын. Олар ер ісін жасады. Ал мен болашаққа үлгі етіп соны жырлай алуым керек. Бәріміз жырлауымыз керек», - деп жас достарына қарады.

Әбіш аз үнсіздіктен соң «Базаралы ісі зорлықшыларды жеңумен аяқталмады. Тіпті осы жағдайдан соң көп кедей жазаланып, бұрынғы барынан да айрылған көрінеді. Сонда оның ісі өкіндірер іс болмады ма?» деді. Абай бұл сауалға шапшаң жауап қатпай, әлден уақытта: «Меніңше Тәкежанға өшігіп қимыл еткен бірде-бір ер жігіт өкінген жоқ. Қайта ішкі жаққа кетіп, еңбек кәсібін тапты. Тағы бір айтарым, мұндайлық үлкен іс дегеніне жетсе ғана қадірлі болмауы тиіс. Бұл іс болашаққа, ертеңге үлгі», - деп орыс тарихындағы Пугачев, Разин бастаған қозғалыстарды мысал етті.

Уақыт өтіп, Абай ауылы Қызылқайнарға көшіп отырған шақта ел арасында пәле басталды. Бірақ бұл бүлік ауылдың ақ шаңқан үйлерін айналып өтіп, қараша үйлерге көп қасірет сүйреп келе жатты. Пәленің анық аты «Недоймке», «Қарашығын» және «Түндік басы» салықтары болатын. Старшын Өтеп, Далбай, Жақай дейтін сотқарлар елдің мазасын ала бастаған. Өтеп Ысқақ үйіне түсіп, сол үйге бүкіл ауылдың бар малайын жинап хабар таратты. Оның айтуынша Шыңғыс – патшаның алымын бермей жүрген жалғыз болыс. Осыған байланысты қаладан ұлық шығып, үш күннің ішінде барлық үш салықты да жинап кетеді екен. «Жинамасақ маған тықыр таянады. Ал өзіме тықыр таянғанда ешкімді аямаймын» деп Өтеп сес көрсетіп, өзі қала ұлығының салыққа байланысты жиналысына асығып кетті.

Осы хабар шығысымен алдындағы жалғыз-жарым малына қараған көп кедей өз байларының отауына жинала бастады. Ысқақ үйіне алғаш түйеші Жұмыр кіріп, «жаман түйешіден, жақсы ит артық» деген сөзге налып шықты. Марқұм Иса баласынан қалған Асан мен Үсен атты жетімектеріне жалғыз сиырының сүтін пісіріп берген Иіс кемпір Тәкежан үйіне аяңдады. Өткізген бар қызметін айтып, «жалғыз сиырымды алғыза көрме» деген тілегіне Әзімбай бетбақтырмап еді, Иіс кемпір күйіп кетіп: «Сенің малыңның соңында балам Иса өлді» деп айтып салды. Әзімбай одан ары ашуланып: «Ондай құныкерің болсам, алып көр менен» деп айдап шықты.

Салық жиюшы начальник Никифоров болатын. Оны қазақ «Мекапар» атаса, қасындағы соқыр урядник Сойкинді «Сойқан» атап жүр. Пристав Көкшолақты жемге қомағайлығына қарап «Көкшолақ қасқыр» деп атаса, Шыңғыстың песірі Жаманқаринге «Қабанқара» деген айдар таққан. Бұл әкімдер қаладан «түндік басы» мен «недоймкені» жинай шыққан. Артынша Тәкежан, Жиренше сынды билер мен Өтеп секілді старшындар Қабанқара арқылы Көкшолаққа сөз салып, ол өз кезегінде начальник Никифоровпен келісіп, өздеріне мал-мүлік алу үшін «қарашығынды» заңсыз қостырды. Қала ұлықтарын малға қызықтыра қостырды.

Бөкенші, Көтібақ, Жігітектің бар ауылын ұлардай шулатып, Қызылқайнарға жақындаған сайын бұл топтың артынан ерген малы көбейе берді. Суықбұлақта басы Базаралы болған кедей ауыл бар еді. Сол ауыл үстіне алым алуға Далбай мен осы ауылдың ауылнайы ақылсыз Дүйсен келгенде, Әбді, Сержан, Асқар сынды азаматтар Базаралының бұйрығымен ол екеуін атынан жығып алып келді. Базаралы сырқат. Төсектен тұра алмайды. Екеуін де жалаңаштап шешіндіріп, дүре соқтырып өлтіруге бұйрық берген. Осы сәт Далбай мен Дүйсен Базаралыға өлердегі сөзін айтты. Бұл ауылға келмейміз деп кеудесіне Базаралы берген құранды ұстап ант етті. Бірақ ол кітап құран емес, Абай өлеңдерінің жинағы болатын.

Әр ауылда Базаралы жоқ қой. Жылағаны – жылаған, күйрегені – күйреген. Алымшы топ Ырғызбай ішіне де жетіп, Тәкежан ауылының кедейін зар қақсатты. Жұмырдың қоңыр байталы, Қаңбақтың бес ешкісі, Иіс кемпірдің жалғыз сиыры солардың тобында кете барды. Осы сәт ауыл үстіне Баймағамбет пен Дәрмен Абайдың жұмсауымен келіп қалған еді. Дәрмен Иіс кемпірдің қос немересі жармасқан сиырының бас жібін үзіп жіберді. Қабанқара ағызып келіп Дәрменді қамшымен бастан салып өтті. Кешкі сейіл құрып жүрген Әбіш те бұл жанжалға киліге кетіп, Қабанқараның өзін атынан домалатып түсірді. Кейін Сойқанға қарап: «Шошқа! Қайдан шыққан шошқасың?», - деді. Урядник пен песір ойда жоқ келген офицер киімді жігітті көріп аңтарылып қалды. Олар қайта ес жиып, қарсы ақыра бастағанда бұл араға шапқылап Абай да, арттағы Никофоров пен билер де жетті.

Никофоров Абайды танушы еді. Ашу үстіндегі оған өзінің арты қуыстығынан ләм деп тіл қата алмады. Кешкілік Тәкежан үйінде онымен мәслихат құрып отырып, алым-салықты заңды алуды сөз етті. Сонымен қоса, бүкіл кедейден «қарашығынды» алдырып тастады. Абайдай таза адамның кедейге болысып, ашуға булыққанынан қала ұлықтары шын сескенді. Бірақ Абай кетісімен, өздерін қосымша малдан айырған оның үстінен мол протокол жасап, қалаға шағым әкетті.

Екі күн өтті. Абай көптен оңашаланып, біраз өлең жазды. Оның ішіндегі ұлы толқын тебіреніп, уайымы тағы сарылтты. Ел, надандық, қорлық тірліктегі көптің уайымы еді бұл. Сол күндердің бірінде Әбіш тағы Россиядағы қозғалыстар жайын, жақында ғана «недоймке» салығын төлеуден бас тартқан крестияндар қарсылығын сөз етті. Бірақ, әкелі-балалы екеуі ондай қарсылыққа бұл елдің деңгейі жетпегенін өкініш етіп қана тынған еді. Абай ішінен «сондай даму үстіндегі халық арасында өмір сүруді» бір сәт арман етіп кетті...

Осындай аласапыран күйде отырғанда жалғыз сырласы Ербол келді. Оған ішін ақтарды. Жұбатпақ болған досы: «Көп сорлыны бұғалықтан босаттың ғой», - дегеніне: «Ол шөкім ғой. Бар қазақтың тамам сорлысы күңіренді. Бар бәленің артында болыс та бар. Болыс ішінде менің інім – Оспан да бар. Сонда жауыздық менің қойны-қонышымда отырғаны ма?» - деп жүзі қуарып кетті. Осы сәт үйге өзі шақырған Оспан інісі де кіріп келген болатын.

Абай: "Әй, Оспан, кеше еліңді жау шапқанда қайда болдың?" - деді. Оспан "Қай жауды айтасың, астапралла", - деп еді. Абай: «Сенің малың өз басыңа жетпей ме? «Қарашығын» деген қасқырдың жемін қайдан таптың?», деп бастырмалап кетті. Оспан үндемеді. Қарашығын әңгімесі қозғалғанда, ол қарсы шыққысы келген. Бірақ Тәкежанның ақылымен амалсыздан араласқан. Енді өз әрекетіне Абай алдында ұялып отырып: «Мен бұрын болыс боп көріппін бе? Мұндай ісін қайдан білейін ол иттердің», - деді. Ағасы: «Бірінші өзіңді боқта!» - деп ақырып қалды.

Амалы таусылып, бары ашылған Оспан иіліп ақыл сұрады. Абай: «Жуанды жазала. Елдің солардан ақысын әпер. Сиязды, жауыздарға жаза кесетін сияз ет », - деп жауап қатты. Оспан: - Е, міне, мұның ақыл. Жаңағы айтқан содырларыңды біліп отырмын. Мен орнымнан түссем де олардың шонжарларынан бастап соқтығайын, - деді. Абай: «Осы айтқаныңды басташы. Сенімен бір туғаныма қуанайыншы!» - деп інісінің жүзіне мейірлене қарады. Оспан асығып орнынан түрегеліп: «Үндеме... қоя тұр! Сөз бітті» - деп ендігі ақылды сұрағысы келместен шығып кетті.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар