"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қияда"

Massaget.kz порталы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" роман-эпопеясының қысқаша мазмұнына doodle анимациялы видеосаммари дайындады. Видеожоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

Назарыңызға I томды қорытындылайтын "Қияда" тарауын ұсынамыз.

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қайтқанда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Қат-қабатта"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Жолда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Шытырманда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. І том, "Бел-белесте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Өрде"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. I том, "Қияда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, Тайғақта

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том,  "Жайлауда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. ІI том, "Еңісте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Оқапта"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Асуда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Тарауда"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Биікте"

"Абай жолының" қысқаша мазмұны. II том, "Эпилог"

Қияда

Абай Ділдәны аулына келін етіп түсіргеннен бері арада бірнеше жыл өтті. Ол қазірде үшінші баланың әкесі болғалы жүр. Үлкені Ақылбайды Ұлжан өз ұлы қып алған. Қызы Күлбадан да үнемі шешелер үйінде. Содан шығар, Абай әкелікке әлі үйренген жоқ. Үйленудің өзі бір тәңір құдыретіндей амалсыздық күні еді. Артынан ілесе келген әкелік оған тіпті мазақтай, қатал зорлықтай көрінген.

Бүгін міне бір топ кісімен үйге келген ол өзінің сол халін танытып, Ділдаға жылап жатқан Күлбаданды үлкен үйге апарып тастауды бұйырды. Жанындағы кісілер жай жүрген жандар емес. Абайдың қазіргі уақыттағы жолдастары Ербол, Жиренше, Асылбек пен Базаралы.

Әкесі Абайдың дәл осы жігіттермен достығын сүймейтін. "Ылғи кешегі жау ауылдардың бөлтіріктерін жиып апты. Дос тапқан екен" деп жақтырмай жүретін.

Мамыр жақындап қалса да бірнеше күннен бері соққан бораннан мал жұтап, кедей көпшіліктің ашаршылыққа ұшырай бастағаны да білініпті. Бес жігіт дастарханға отыра салып сол жайды талқыға салды. Сөзді бастаған Базаралы болды. Ол елдің қиын жағдайда екенін, әзірге жақсы қыстауы бар ауылдар ғана қысылмағанын айтты. Оның сөзін жалғаған Ербол әсіресе жері сайлы Ырғызбай іші аман екенін жеткізді. Осы кезде Абай "Ырғызбай иемденіп отырған жерін басқадан тартып алған" деп, әкесін сынады. Жолдастары оның бұл сөзіне сүйсініп, күліп жіберді.

Жігіттердің жұт, халық туралы әңгімесі аяқтала бергенде тыстан үш кісі кіріп келді. Ол Бөкенші Дәркембай мен соның екі кедей көршісі екен. Бұлар жерлерінде қылтанақ жоғын, малдары бұралып біткенін, Мұсақұлға барып жаймақ болғанда алдарынан Тәкежан мен Жұмағұл шығып, қуып жібергенін айтып, көмек сұрай келіпті.

Абай Дәркембайдың қасына Ерболды қосып, ағасы Тәкежанға "Қумасын! Мынаның малына жайылыс берсін!" деген сәлем жіберді. Бірақ аз уақыттан кейін Ербол үйге қайта оралып, Тәкежанның сөз ұқпағанын, керісінше Жұмағұлға бұйрық беріп Дәркембайды сабатқанын жеткізді.

Оған Абай ашуланып, Мұсақұлға шауып барып қойды қуып жүрген Жұмағұлдың өзін аямады. Оның атын тартып алып, Дәркембайға берді де жақын маңдағы қиналып жатқан бар ауылға осында келіп малын жайсын деген хабар тарат деді. Дәркембай бұйрықты бұлжытпай орындады. Таң атып, ел тұрғанша тыным таппай өзі сияқты кедей-кепшіктің бәріне Абайдың айтқанын жеткізді. Сонымен дәл күн шыға бере, Құнанбайдың үш қорығына қарай жан-жақтан мал шұбырды.

Абай келген жұртты күтіп алып, қорықтарға орналастырумен айналысты. Өз ауылдарына апатпен арпалысып жатқан ағайынға күніне бір уақыт қорек беруін тапсырды.

Таңертеңнен тыным алмаған ол Жидебайға екіндіде жетті. Келсе, шешелерінің үйінде Тәкежан мен Жорға Жұмабай күтіп отыр екен. Тәкежан түнде болған оқиғадан кейін інісінің үстінен арыздану үшін Қарашоқыдағы Құнанбайға барып қайтқан. Соның бұйрығын алып келіпті. Әкесінің сөзін Абайға Жұмабай жеткізді. Өзіне қастық ойлаған Дәркембайды паналатқанды Құнанбай теріс депті.

Абай әкесінің сөзіне қарсы уәж айтты. Қаза көрген халыққа рақымшылық етуді парыз деді. Осы сәтте әңгімеге Тәкежан араласып, Абай екеуі сөзге келіп қалды. Олардың салысуын Ұлжан тоқтатып, "Аш-арық ағайынды шақырып қойды. Ұлының абыройын төкпесін. Барымызды бөле жерміз" деп Құнанбайға Жұмабай арқылы сәлем жіберді. Жұмабай мен Тәкежан үйден шығып, қорықтарды аралап сырттан келген ауылдар мен малды санап алды да шағымдану үшін Қарашоқыға тағы аттанды.

Ертесі Құнанбай сәлемін жеткізу үшін Зере үйіне Жақып келді. Ол әңгімені алыстан бастап, бірнеше дәлел келтіріп, әкеден қиғаш кету, өздігімен кісілік іздеу балаға бедел бітірмейтінін айтты. Сөзін "Тым құрыса мына шешелеріңнің талшығын аясаңшы" деп аяқтады. Абай бұл жолы да әке сөзін қостамады. "Шешелерді сөз еттіңіз. Ендеше әжемнің төрелігіне тоқтайық" деп шешендік танытты. Зере "Қартайған шағымда елдің қырғынын көргім келмейді. Тимесін, қумасын" деп Абайды жақтады. Жақып айтарға сөз таппай іркіліп қалғанда, Абай әңгімені ары қарай жалғастырып әкесін сынады. Құнанбай өткен қыста жасы алпыстың ішіне кіргеніне қарамастан, үй ішімен ақылдаспай Нұрғаным есімді жас тоқал алған. Абай соны меңзеп "Тыныш жатып, анау қызығын көрсін" деп салды. Жақып бұл сөздерге қатты ашуланып, атқып тұрып кетті.

Ол кеткеннен кейін Жидебайға қайта оралған кісі болған жоқ. Басқа уақытта сөз аяғы бұлай аяқталмас еді. Бірақ бұл жолы үнсіз қалуына Құнанбайдың жаңағы оқшау ісінің өзі себеп болды.

Арада он бес күн өткен соң, күн жылынды. Абай қамқорлық танытқан ауылдардың малы шетінен жан сақтап, аман қалды. Кетерде барлық кәрі-жастың Зере мен Ұлжанға айтқан алғысы ұшан-теңіз болды.

Күн әбден жылынып, ел қыстау басынан жылжып қонайық деп қамданып жатқанда Зере қайтыс болды. Бұл өлімді барлық жұрт тегіс ауыр алғанмен, жыласқан жоқ. Үндемей күтті. Абайдың өзі ес білгелі шын жақын жанның өлімін көргені осы. Бұ күнде ол ешкіммен сөйлеспей, әжесінің төсегіне отырып алып құран аударуға кірісті. Анасына сауап болсын деп құранды ерекше ықыласпен, асықпай, мінәжат қып оқыды.

Аз уақытта жұрт жайлауға көшті. Абай әжесін, халықты ойлап айықпас зарға батты. Зеренің қырқы өткен соң Ұлжан оған Ерболды шақыртып ал да атқа мін, ел қыдыр деп ақыл айтты. Сол кезде ауылға Ербол да келген екен. Ол Сүйіндіктің Асылбегі Абайды қонаққа шақырғанын айтты. Сөйтіп екі жігіт Жәнібекке аттанды.

Сүйіндік аулы қонақтарды ерекше ықыласпен күтіп алды. Жастар үш күн бойы ән салып, сауық құрды. Бірақ осы күндер бойында Абай қалжың айтып, келелі кеңес сөйлеп жүргенмен өз ішінде жабырқау еді. Онысын Асылбектің келіншегі Қарашаш қана байқады. Оңашада ол Абайға: "Абай, қалқам! Осы сен менің Еркемді ұмытпағансың-ау!" деп қызара қарағаны да бар. Абай "Жеңеше, рас. Таныдың, несін жасырам" деп бұл уақытта ұзатылып кеткен Тоғжан жайындағы өз мұңын айтты.

Осы оқиғадан кейін Қарашаш пен Асылбек ақылдасып, Абайды аулына жібермей, өздерімен бірге Қарашаштың төркіні — Сыбан ішіндегі Қадырбай ақын аулына қыдырып қайтуға шақырды. Абай бұл ұсынысты қуана қабылдады. Арада төрт күн өткенде бір топ жас Қадырбай аулына кеп түсті.

Тобықтыдан келген қонақтарды бұл ауыл жақсы қарсы алды. Алғашқы күндерде Абай Қадырбай ақынмен ұзақ сұхбат құрып, екеуі халық жайы, тарих туралы көп әңгіме айтты. Одан кейінгі күндерде жастар жеке отауға барып, сауық құрып, көңіл сергітті. Абай Қадырбай ақынның Қуандық деген қызымен айтысып, ерекше ұғысты. Оңашада кездесіп, сырлас та болды. Бірақ олар іркілмей табысқанмен, араларында жалындаған махаббат тумады. Екеуі аса жақсы сыйластықпен, өзгеше тату дос болысып, қимай айырылысты.

Жаз өтіп, жұрт күзекке бет ала бастаған шақ келді. Ел ішінде үлкен дақпырт шықты. Ол — жау білінуі, жылқы ұрлануы.

Алғашында Құнанбай айналасының, одан кейін Байсал мен Сүйіндіктің де жылқысы жоғала бастады. Ырғызбай мен Көтібақ, Бөкенші жігіттері жоқ қарауға кірісті. Бірақ еш дерек таба алмай қиналды.

Расында ұрылар жер жайын жақсы білетін айлакер еді. Соған қарап, Құнанбай бұл "алыстың жауы емес, іштің жауы" деп байлаған, сөйтіп ауылдарға бірнеше кісіні жансыз етіп аттандырған.

Бірақ ұрыларды бірінші боп ұстаған Құнанбайдың жансыздары емес, Базаралы болды. Жылқы ұрлап жүрген оның туған ағасы Балағаз бен Жігітектің тағы екі жігіті Абылғазы, Әділбек бастаған топ боп шықты. Наймандағы сыбайластарымен қосқанда жиыны он адам. Базаралы ағасына қатты ашуланып, тіпті оны өлтірмек болды. Тек әкесі Қауменнің араласуымен ғана тоқтап қалды. Балағаз: "Алсам бардан алам, жоққа тиіспеймін. Керісінше, сол кедей-кепшікке көмектесемін" деп ақталды. Бірақ оның бұл сөзі дәлел бола алмады. Қаумен ұлын өз қасынан қуып, көшіріп жіберді. Арада уақыт өткенде жансыздар да ұрыны анықтап, ел ішіне сыбыс шықты.

Құнанбай бірден іске кіріспеді. Айып артынан айып іздеп, қарсы жақты әбден кінәлі етуге ұмтылды. Бір шеті баяғы дағдыға салып шауып алайын десе, мынадай аш-арық боп жүрген елдің ішінен өрт шығарып алам ба деп қорықты.

Оның осы мінезін пайдаланған Балағаздар қашып жүріп, жылқыны тағы алды. Құнанбайдың амалы бітіп, "Тыюға көмек ет" деп Базаралыға салмақ салды. Базаралы жігіттердің ұрлығына қарсы екенін айта келе, "Соларды осындай қып жіберген себеп не?" деп Құнанбайдың өзіне сауал қойды. Құнанбай Базаралының сөздерін жақтырмай, екеуі ақыры келісе алмай тарқасты.

Сөйтіп жүргенде заң өзгерді. Енді бұрынғы аға сұлтандық қалып, болыс деген жаңалық келді. Осы ретте Құнанбай Абайды үйіне шақыртты. Абай әкесіне бармас бұрын біраздан бері науқастанып жатқан Құдайбердінің шаңырағына кіріп шығуды жөн санаған. Ағасымен әңгімелесіп, оның балаларын ойнатып, ертегі айтып берген соң ғана әкесінің үйіне келді. Бірақ жай келген жоқ, Құдайбердінің нұсқауымен Құнанбайдың айтар сөзін алдын ала біліп, соған жауабын дайындап келді.

Үйде Тәкежан да бар екен. Құнанбай екі ұлын отырғызып, оларға заман, ел басқару жөнін әңгіме етіп, Абайға "Сайлауға түс, болыс бол!" деген ұсынысын айтты. Абай "Сеніміңізге рақмет" дей келе, бұл іске Тәкежанның ебі барын, ағалық жол сонікі екенін, өзі болыстықтан бас тартатынын жеткізді. Әкесі тағы салмақ салып көріп еді, Абай дегенінен қайтпай дәлелдерін келтіріп, әзірге дайын емеспін деді.

Құнанбай ендігі ұсынысын Тәкежанға айтты. Ол қарсылық білдірген жоқ. Арада он бес күндей өткенде жаңа болыс боп сайланып та алды. Тәкежан ең алдымен бар күшін Балағаздарға салуды ойлады. Сол үшін қаладан бес кісілік қарулы топ алдырды. Бірақ онысынан еш нәрсе өнбеді. Жер жағдайын әбден жақсы біліп алған қашқындар қуғыншыларға ұстатпай кетті. Отряд жай қайтпай, Жігітек ішіне келіп, бейбіт отырған ауылдарға шауып, малын айдап әкетті.

Ел олардың бұл қимылын ұнатпады. Әсіресе, қатты ашуланған Базаралы болды. Ол Мұсақұлдағы болыстың кеңсесіне келіп, "Алыссаң тентек деп бізбен алыс. Онсызда титығына жетіп отырған момында нең бар?" деп Тәкежанға салмақ салды. Тәкежан ақталмады, Базараланың өзіне кінә артты. Осы әңгіменің үстінен түскен Абай Базаралыны тоқтатып, Тәкежан, Майбасар мен Жақыпты оңаша шығарып алып, елдің малын қайтаруды бұйырды. Әлгілер іштей өздерінікін дұрыс деп есептесе де Абайдың сөзіне көнді. Жігітектен алынған бар малды Базаралының алдына салып берді. Бірақ сөйте тұра жай отырмай, Балағаздар үстінен арыз жазып Семейге үкілі почта жөнелтті. Ол почта қалаға жетпеді. Жолда Әділхан бастаған үш жігіт шапқыншыларды алдарынан тосып, қағаздарды тартып алды.

Сөйтіп Тәкежанның тағы бір жоспары жүзеге аспай қалғанда Құнанбай елдің үлкендерін шақырып, жиналыс өткізді. "Қашқындарды айдауда шірітем" деп ашуланды. Тәкежанды қайтадан отряд әкелуге қалаға жіберді. Басқа ағайын сол отрядтың келуін тосамыз деп тарқасты. Балағаздар елде не боп жатқанынан хабардар еді. Олар да 3-4 күн уақыт тынығып алатын болдық деп бейқамдық танытты. Осы кезде Құнанбайдың айласы асты. Ол қашқындар тығылып жатқан жерді алдын ала анықтап, отряд келгенін күтпей-ақ сол араға отыз кісілік топ жіберді. Әлгілер Балағаздарды оп-оңай қолға түсірді. Он адамнан тек Абылғазы ғана құтылып кетті.

Тәкежан мал ұрлағандарды айдату үшін қалаға жөнелтті. Қалың Жігітек айқын наразылыққа беттеді. Құнанбайды кінәлады. Арада дел-салда қалған Байсал, Сүйіндіктер болды. Тәкежан мұнымен тоқтамады. Әкесінің нұсқауымен Жігітек ішінен отыз кісінің тізімін жасап, оларды да кінәлі етуге бекінді. Ол тізімге Қараша, Қаумен, Үркімбай, Базаралы сияқты еш жазығы жоқ жандардың да есімдері жазылды.

Осы хабарды естіген соң Байдалы Базаралыны шақырып, Балағаздарды жаз бойы бекер ұры атағандарын айтты. "Олар ұрлық емес, әділетсіздікке қарсы өжеттік бастап жүр екен ғой" деп ашынды. Сөйтіп Базаралыны "Атадан нәсілге кетер жаулық осы арадан басталды" деген сәлеммен Құнанбайға аттандырды.

Базаралы Құнанбайға барар жолда алдымен Жидебайдағы Абайға соқты. Әңгіме барысында Абай да енді айдалған жігіттерге араша түсем деп серт берді.

Базаралы оған ырзалығын білдіріп, Қарашоқыға аттанды. Байдалының сәлемін жеткізді. Құнанбай оның айтқандарын тыңдап, жақтырмаса да ойланып қалды.

Арада бірнеше күн өткеннен кейін Абай мен Ербол Семейге келді. Тәкежан бастаған топ та бұл уақытта қалада жүр екен. Екі жақ іске белсене кірісті. Тәкежан кіріс-шығысты жеңілдету үшін Құнанбайдың құдасы Тінібек байды пайдаланды. Абай Петербордан келген Ақбас Андрей деген кісіні адвокат етіп жалдады. Осылайша ел ішіндегі егес, Құнанбай балаларының арасындағы тартысқа айналды.

Бұл жайт, әсіресе, Ақбас адвокатты қатты таңғалдырды. Алғаш кездескендерінде ол Абайға "Сенің туысқаның бұларды қуып отырса, сен кеп ақтайсың. Бұл қалай?" деген сауал да қойды. Абай "Болыс менің бірге туған ағам. Жұртқа істеген қиянатын көрген соң, үндемей отыруға шыдамадым" деп жауап берді. Осыдан кейін адвокат жұмысқа шын ықыласымен беріліп, Балағаздарды Робин Гуд, Карл Моор, Жакерия сынды Европа әңгімелерінің кейіпкерлеріне теңеді.

Адвокат араласқаннан кейін Қаумен, Үркімбай, Базаралы сияқты жаламен тізілгендер толықтай ақталып шықты. Балағаз бастаған он шақты адам да өмірлік каторгаға айдалмай, Үркітке жер аударылатын болды. Жігітек жағы сүйіншілеп жатты. Тәкежан інісіне ашуланып, шағым айтып, әкесіне кісі шаптырды. Құнанбай "Тез қайтсын. Араласпасын!" деп сәлем айтқанымен, Абай барлық істі аяқтап үлгерді.

Кетерінде Ақбас адвокат Абайға оқу ізде, білім жарығына ұмтыл деп кеңес берді. Тіпті, қажет десе жеке оқытатын мұғалім тауып бермекке уәде етті.

Соның айтқанын тыңдап, Абай аз уақытқа елге оралды да Ділдә мен шешесінің рұқсатын алып, қайта қалаға шықты.

Жолай Тойғұлы деген байдың үйінде қонақта отырған Құнанбайға да соқты. Үйде адам көп, үлкендер әңгімесі заман мен заман арасын салғастыру жөнінде боп жатыр екен. Абай сол арада әкесімен пікірталасқа түсіп, оны сөзден жеңгендей болды. Кейін кетерінде Құнанбай Абайға "Сен оқыдың да, білім алдың. Біз надан өстік. Бірақ сол білімің жұрт алдында ата сыйлауды неге білдірмейді саған?" деп кінәлады. Абай қателігін мойындап, әкесінен кешірім сұрады. Әңгімені жалғап Құнанбай Абайдың бойынан үш мін көретінін айтты. Абай "Осы үш айтқаныңыздың үшеуіне де дау айтам, әке" деп, қарсы шықты. Сөйтіп, өз ойын білдіріп, қоштасты да жүріп кетті. Құнанбай жауап қатқан жоқ. Дөң басында ауыр оймен жалғыз отырып қалды.

Бұл уақытта Абайдың жасы 24-ке шыққан-ды. Бір кезде нанғыш, таза бала жүрегі барлық рахат, бақыт осы қырда, ауылда деп алас ұрған болса, қазір сондағыдай үміт, бақыт тілегін қаладан іздеп, соны аңсап жортып келеді. Байқап қараса, өмірдің бірталай қат-қабатынан, шытырманынан, бел-белесінен өтіпті. Бір шақта өрге басып, енді міне, қияға қарай да өрлеп келе жатқан тәрізді...

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Еуропа лигасы. "Ең алыстан соғылған гол" рекорды жаңарды
Еуропа лигасы. "Ең алыстан соғылған гол" рекорды жаңарды
Google гаджеттерін қоқыс қалдықтарынан жасайды
Google гаджеттерін қоқыс қалдықтарынан жасайды
Қазақстанда қотырды жазатын дәрі сынақтан өтіп жатыр
Қазақстанда қотырды жазатын дәрі сынақтан өтіп жатыр
Джетлаг деген не және оны қалай еңсеруге болады?
Джетлаг деген не және оны қалай еңсеруге болады?
Жүрекке пайдалы азық-түліктер
Жүрекке пайдалы азық-түліктер
Қазақстанның екі табиғи қорығы ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваты тізіміне енеді
Қазақстанның екі табиғи қорығы ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваты тізіміне енеді