Жеңімпаз блогшылар анықталды!

Жеңімпаз блогшылар анықталды!

Құрметті Massaget.kz сайтының оқырмандары мен блогшылар! Осыдан үш ай бұрын Massaget.kz сайты блогшыларға арналған байқау жариялаған болатын. Асыға күткен күн де келіп жетті...

Ереже бойынша 29 қыркүйек пен 16 желтоқсан аралығында әр аптаның жеңімпаз блогы анықталып, «Жұлдызды блог» айдарына қойылып отырды. Байқауға тоғыз аптада жалпы саны 500-ден астам блог жазылды. Блогшылар түрлі тақырыпта ой тербеп, үздіктер қатарынан көрінуге тырысты. 

Байқау шарты бойынша, әр аптадан жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан 9 блог иесі таңдап алынып, екінші кезеңге өткізілді.

Алғашқы кезең нәтижесі төмендегідей: 

Қазан айының әр аптасынан 4 жеңімпаз анықталды.
1-апта. (29 қыркүйек – 5 қазан) -  Жадыра Аққайыр, "Жаз 2014: Ауылдың бизнес-трендтері";
2-апта. (6 қазан – 12 қазан) - Әйгерім Бегімбет, "Бізде көше спортымен айналысатын қазақ балалары аз";
3-апта. (13 қазан – 19 қазан) -  Нұршат Әлімқызы, "Жүректе ақыл болса...";
4-апта. (20 қазан – 26 қазан) - Досхан Жылқыбай, "Үшінші күз".

Қараша айының әр аптасынан 5 жеңімпаз анықталды.
5-апта. (27 қазан – 2 қараша) - Абылай Есімбай, "Жастай" кеткен жігіт";
6-апта. (3 қараша – 9 қараша) -  Марғұлан Ақан, "Иесіз хат";
7-апта. (10 қараша – 16 қараша) - Сыр қызы, "Тіршілік оған риза сол бір ән үшін!";
8-апта. (17 қараша – 23 қараша) - Әсел Құрман "Бақытты 500 теңге немесе Iphone - 31";
9-апта. (24 қараша – 30 қараша) -  **@iZeRe**, "Кешегі және бүгінгі ұстаз бейнесі".

Аталған блогшылар екінші кезеңнің алғашқы аптасында арнайы берілген «Тәуелсіздік және Қазақ хандығына 550 жыл!» атты тақырыпта  блог жазды. Ал екінші аптада еркін тақырыпта блогтарын жариялады.

Байқау жеңімпаздары пікір, ұнату (LIKE), көрілім саны және Massaget.kz сайты тілшілерінің дауыс беру нәтижесі арқылы анықталды. Massaget.kz сайты тілшілері жеңімпаз блогтар туралы ойын пікір ретінде қалдырып отырды.

Байқауда блогшының көркем тіліне, тақырыбының мән-маңызына, өзектілігіне, шығармашылық фантазиясына, көркемдік безендірілуіне (авторлық сурет), мультимедиялық контентке (авторлық видео, аудио) басымдылық берілді.

Қорытындысында ережеге сай көп пікір жазылып, көп көрілім жинаған блогтар ескеріле отырып, Massaget.kz сайты тілшілері аталған блогтарды дауысқа салды. 

1. Жадыра Аққайыр "Сен де, мен де - тарихпыз" (тақырып бойынша) және "Жаңа жыл-2015: сәнді кешкі көйлектер" атты блогтар жазды. Екі блог та үлкен еңбектің нәтижесі. Жадыра блогтарына журналистік зерттеу тұрғысынан келген. Алайда ол әлі журналистика факультетінің студенті болғандықтан, тәжірибесінің аздығы байқалады. Жадыра thinglink.com бағдарламасын тиімді пайдаланып және мультимедиялық контент жасап, ізденімпаздылығымен ерекшеленді. Десе де тіл көркемдігі өзге блогшылардан кемшіндеу болып, жазбаларының тиянақтылығы жағынан төмендеу түсіп жатты. Атап айтқанда, "Қазақтың ұлы басшылары" атты белсенді суретіндегі қазақ хандарының орналасу тәртібін түсіне алмадық. (Жадыра Аққайырға дауыс берген Massaget.kz тілшісі - Фариза Әбілова)

2. Тәжірибелі блогшы Әйгерім Бегімбет көпшілік оқырманға бұрыннан таныс. Әйгерім "Азаттық жолында..." жазбасы арқылы киелі Түркістан шаһарына саяхат жасап, берілген тақырыпты өзінше өрбіте білген. Арнайы түсірілген видеосы да шынайылығымен көңілден шықты. Әйгерімнің еркін тақырыптағы "Олар өмірге құштар, өнерге ғашық" блогының арқалаған жүгі ауыр. Блогқа арқау болған тағдыр тауқыметіне түссе де, мойымай өз бетінше тірлік етіп жүрген қайсар жандардың өмірі бәрімізге үлгі болардай. Алайда автордың екі блогы да оқырмандар тарапынан қызығушылыққа ие болмағаны өкінішті. Жазбалардың рейтингі, көрілім саны және талқылануы төмен болды.  (Әйгерім Бегімбетке дауыс берген Massaget.kz тілшісі - Мейіржан Әуелханұлы)

3. Нұршат Әлімқызының әрбір жазбасынан терең білім, сауаттылық, шығармашылық ізденіс байқалады. Мәселен, "Алыстан жеткен аманат" блогы тілінің шұрайлылығымен, идеясының тереңдігімен ерекшеленеді. Нұршатта өзге блогшылардай орфографиялық қателер көп кездеспейді. Ол әр жазбасына ұқыптылықпен қарап, жауапкершілік танытады, әрі қандай да бір өзекті мәселені қозғап, оқырманға ой салуға тырысады. Оның "Жоғары мәртебелі махаббат" блогы тақырыптық маңыздылығымен құнды. Танакөз Толқынқызының өзі оқыған өлеңі де сәтті шыққан. (Нұршат Әлімқызына дауыс берген Massaget.kz тілшісі - Еркебұлан Қайрахан, Өмірбек Сансызбай)

4. Досхан Жылқыбай блогтарын көбіне прозалық шығарма түрінде жазады. Оның "Қасқырдан - Қыранға" блогының көркемдік деңгейі жоғары. Аталған жазба мен Тұрсын Жұртбайдың «Дулыға» және Қабдеш Жұмаділов әңгімесінде идеялық ұқсастық байқалады. Сөз орамы Оралхан Бөкейдің стиліне келіңкірейді. Досханның блогтарында бірсарындылық басым, ізденіс аз. Автордың "Бізді түсінбейтін..." атты жазбасы көрілім, пікір саны бойынша артта қалды. Баса назар аударатын бір нәрсе, авторда жазушылық қабілет басым. Оның оқиғаны суреттеуі, тіл байлығының молдығы көңілге қуаныш сыйлайды. Досханнан болашақта жақсы дүниелер күтеміз. (Досхан Жылқыбайға дауыс берген Massaget.kz тілшісі - Жолдас Өрісбаев, Қарлыға Бүйенбай)

5. Абылай Есімбайдың "Сайын даладағы көкжал" блогы нақты ақпарат көзі, хронология ретінде жақсы жазылған. Әсіресе автордың әр кезеңге байланысты дайындаған суреттері көңіл қуантады. Бірақ автор Қасым хан кезеңінен бірден Қазақ хандығының Ресейге қосылу уақытына секіріп кеткен. Ал ортадағы 200 жылды тек бірнеше сөйлеммен ғана келтірген. Бұл 200 жылда Қазақ хандығы автор айтқандай кішігірім емес, басқа мемлекеттермен сауда, саяси байланысқа түскен, көршілеріне айбарын көрсете алатын үлкен держава болған еді. Тағы бір айта кетерлігі, еліміздің қалаларын түгендеп жазғанда, бір қателік кетіпті. Қызылжар қаласы жайлы жазылған жерге, Солтүстік Қазақстан облысының орталығы саналатын қаланың емес, Ресейдің Петропавловск-Камчатский деген қаласының суреті берілген. Десе де Абылайдың еңбекқорлығы мен тақырыпты жан-жақты аша білу қабілетін мойындауға тиіспіз. Ол "Әнекей, сығалап тұр, көлеңке..." жазбасында өзінің өткен күндерінен естеліктерін топтастырып, көлемді дүние жасаған.  (Абылай Есімбайға дауыс берген Massaget.kz тілшісі - Нұрбол Нұрмаханұлы)

6. Марғұлан Ақан байқауға арнап "ДӘН" (тақырып бойынша) және "Я СВОБОДЕН" немесе әкесін іздеп жүр..." атты блогтар жазды. Марғұлан бұл байқауда белсенділік танытып, соңғы екі аптада бұдан бөлек алты блог жазған екен. Автордың аталған екі блогы да кішігірім әңгіме іспетті. Екеуінің де айтар ойы, көтерген идеясы жоғары. Бірінші блог туралы Қымбат Слямбек деген оқырман: "Жапондар өздерінің шығу тегін сакура ағашымен байланыстырады, ал қазіргі мадьярлар аталатын ежелгі қыпшақтар өздерін қара ағаштан тарататын... Дәл осы мотив бұл әңгімеде негіз болған тәрізді... Сондықтан бәйтерек-қазақтың қара жерден өніп шығуы - тәуелсіздік жылдарындағы өніп шыққан қазақ бейнесі...", - деген жақсы пікір айтқан. Ал екінші жазбасында жетім баланың тағдыры туралы баяндалады. Өзі айтқандай "өмірде бар адамның" ішкі арпалысы, жан мұңы нанымды жеткізілген. Марғұлан блогқа көбіне әдеби тұрғыдан келеді, әдеби шығармалар байқауы болса, сөз жоқ, оның блогы жақсы бағаланар еді. (Марғұлан Ақанға дауыс берген Massaget.kz тілшісі - Бауыржан Жақсымбет, Анар Мұстафина) 

7. Сыр қызы есімі Массагет оқырмандарына жақсы таныс. Салтанат бұдан бұрын жақсы жазбаларымен көзге түсіп, көпшілік оқырманның ықыласына ие болған еді. Алайда ол бұл байқауда толық ашыла алмаған секілді. Автор тақырып бойынша жазған «Керемет күн» блогында бір күндік өмірін баяндау арқылы тәуелсіздігіміздің ақ таңын айрықша көрсетуді мақсат тұтқан. Жазбасын фоторепортаж, аудиомен әрлеуге тырысқан. Алайда суреттер сапалы шықпаған екен. Ал «Жай ән» блогында Массагетке қатысты қызықты естеліктерін топтастырған. Бұл жазба оқырмандар тарапынан аз көріліп, бір ғана пікірмен шектелген екен.  (Сыр қызына дауыс берген Massaget.kz тілшісі - Ербол Молдажанов)

8. Әсел Құрман атты блогшының Массагетке келгеніне көп болмады. Ол бір блог жазу арқылы апта жеңімпазы атанды. Әселдің ерекше ойлары, шығармашылық фантазиясы бізді тәнті етті. Сайтымызға осындай блогшылардың қосылғанына қуаныштымыз. Ол әр жазбасында жаңа бір қырынан көзге түсіп, таң қалдырады. Тақырыпқа арнап жазылған жазбасының өзінде тәтті қиял жетегіне еріп, Уақыт саяхатшысына айналып шыға келеді. Ол "Уақыт саяхатшысының күнделігін" жазу арқылы өткен тарихты көз алдыңызға жайып салады. Әселдің еркін тақырыптағы "Ең соңғы Бетховен" блогы да өзінше ерекше. Жазбаны оқып отырып, автордың ішкі жан-дүниесіне, болмысына деген қызығушылығыңыз оянары анық. Ол оқырманды жанының жұмбақтығымен, тосын ойларымен өзіне тарта түседі. Блогшы көрілім саны, талқыға түсу жағынан да жақсы нәтиже көрсетті. Әселдің блогтарында мультимедиялық контент жоқтың қасы. Алайда оның өзгеше философиялық ойлай алуын, ерекше дарынын назардан тыс қалдыра алмадық. Сондықтан жас таланттың болашағына жарқын жол салып беруге септігіміз тисе, байқаудың мақсаты орындалғаны деп білеміз.  (Әсел Құрманға дауыс берген Massaget.kz тілшісі - Мейіргүл Оңғарова, Шерхан Талап, Ернар Алмабек)

9. Айзере атты блогшымыз соңғы түйенің ауыр жүгін арқалап, екінші кезеңге өтті. Ол табандылығымен, мұқалмас жігерімен біздің есімізде қалды. Аталған байқауға алғашқы аптадан бастап қатысып, соңына дейін күресе білді. Әрі ең жас блогшы болса да, лайықты көзге түсті. Айзере бұл байқауға жүлде үшін емес, өзінің мүмкіндігін көрсету үшін қатысты деп ойлаймыз. Оның "Тәуелсіздік  - қайсар рухтың жемісі!" блогы бірсыпыра баяндауға құрылса, "Ғаламды жайлаған-ғаламтор жайлы бірер сөз" жазбасы ғаламтордың жетістік-кемшілігі туралы айтылған.  (Айзереге дауыс берген Massaget.kz тілшісі - Жасұлан Исакаев)

Сонымен, байқау қорытындысы: 

"Ең үздік мультимедиялық контент" аталымы - Жадыра Аққайыр (Массагет сайтының естелік сыйлықтары)

"Үкілі үміт" аталымы - Айзере  (Массагет сайтының естелік сыйлықтары)

"Үздік ізденіс" аталымы - Абылай Есімбай  (Массагет сайтының естелік сыйлықтары)

"Ерекше еңбек" аталымы - Әйгерім Бегімбет  (Массагет сайтының естелік сыйлықтары)

"Массагет көзайымы" аталымы - Сыр қызы  (Массагет сайтының естелік сыйлықтары)

3-орын - Марғұлан Ақан, Досхан Жылқыбай (4 Гб-лық флешка, тышқан, Массагет сайтының естелік сыйлықтары)

2-орын - Нұршат Әлімқызы (пернетақта, тышқан, веб-камера, Массагет сайтының естелік сыйлықтары)

1-орын - Әсел Құрман (500 Гб-лық қатты диск және құлаққап, Массагет сайтының естелік сыйлықтары

Сондай-ақ Архун Тиграхауд атты блогшының Киіз үй • Юрта • Yurt блогы Массагет басшылығы тарапынан арнайы сыйлыққа (ноутбукқа арналған рюкзак, Массагет сайтының естелік сыйлықтары) ие болды. 

Жеңімпаздарға алғыс хаттар табысталады. 

Құрметті, Massaget.kz сайтының оқырмандары мен блогшылар, баршаңызға байқауға қатысқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз! "Аптаның үздік блогы" жобасы сайтымызда бұдан кейін де өз жалғасын табатын болады. Блог бөлімінде жарияланған жазбалар апта сайын сараланып, "Жұлдызды блог" айдарына қойылып отырады. 

Байқауда үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздарды жеңісімен құттықтаймыз! 

Сыйлықтарыңызды 8 (727) 388 81 18, 8775 236 93 05 телефондарына хабарласып немесе massaget.kz@gmail.com электронды мекенжайына хат жолдау арқылы ала аласыздар.

Белсенділік танытып, үш ай бойы талмай еңбек еткен барлық байқауға қатысушының отбасына амандық пен зор денсаулық тілейміз! Өмірде жолдарыңыз бола берсін!

Сурет: massaget.kz

Massaget