Уақыт саяхатшысының күнделігінен

Уақыт саяхатшысының күнделігінен
жеке
блог

Сенсеңіздер де, сенбесеңіздер де айтайын. Мен уақыт саяхатшысымын. Ғылыми аксиомаларды теріске шығарып, уақыт патшалығында еркін саяхаттай аламын. Мен тарихты сырттан бақыламаймын,  мен аз ғана уақытқа сол тарихтың кішкене бөлшегіне айналамын. Бұл менің еркімнен тыс құбылыс. Міне тағы да... Денем ауамен әрекеттесе еріп, жайсыз сезімдер басталады. 7  секундқа созылған қараңғылық, содан соң... Өзге уақыт, өзге мекен, өзге келбет...

***

Босанғалы жатырған ,толғақ қысқан әйелдің дауысы... Киіз үйдің нақ ортасындағы бақанға асылып, ауыр ыңырсып тұр. Ащы толғақ белін кеміріп, жеп жатқандай. Екі күн, екі түн толғатты . Енді пәрмені қалмай, есінен танғалы жатыр. Бұл жолы мен осы ақсүйектерге қызмет ететін көп күтуші қатындардың бірі екенмін. Бәрін сырттай бақылап тұрдым. 

Қайдан келгені беймәлім, көкте қанаттылардың сұлтаны, иіртұмсықты, тарлан құйрық қыран самғап жүр. Айналаға бейне бір нұр себілгендей жап-жарық бола кетті. Сұлбасынан керемет кербездік сезіліп, қанатынан еркіндіктің лебі есетіндей. Кенеттен, әйелдің ауырсынған айқайынан соң, жас сәбидің шырылдаған үні естілді. Сол сәтте құлаш қанатын сирек қағып, қыран құс киелі шаңыраққа қонды. "Сүйінші, сүйінші!", "Болат сұлтанның ұлы дүниеге келді" деп шуласты жұрт. Ақсақалды қарт сәбиді төбесіне көтеріп "Сені туғанда анау құс падишасының шаңыраққа қонуы тегіннен тегін емес. Сені ұлы жол күтіп тұр" деді...

***

1723 жыл 

Жаздың қайнаған ыстығы. Қағыр дала. Адам төзгісіз шөл таңдайды, қайғыдан қан жұтқан жұрттың ащы зары құлақты, ал өксігім өңешті өртеп барады. "  Я, Алла, мұндайды бастан кешкенше, мынау қу дүниені көрмегенім жақсы еді.  Атақоныс, ұжмақтай мекенімізді   тастап аш, жалаңаш , жаяу босып барамыз. Азықсыз, сусыз болған өз алдына, үмітсіз болу ең қиыны. Тума -туыс , ата-ана , бауырлардан айырылу ... " деп өксіп қоя бердім. Аштықтан бұратылып, аяқтарым езіліп, құр сүлдерімді көтере алмай құладым. "Қазаққа ... Қазаққа енді не болады?" деп зар иледім. Көзім болса бұлдырап барады. Қараңғы түнектен басқа ешнәрсе көрінбейді  "Елімайлатып"  босып бара жатқан сорлы жұрттың бордай аппақ табандарынан басқа ешнәрсе... Кеңірдегімді керген өксікпен, үзілгелі тұрған деміммен мен де үнімді қостым

Екі көзге  мөлдіреп жас келеді-ай, Елім ай....

***

1937 жыл

Азаматым. Арысым. Оғыланым...                                     

Жазған хатыңды бірнеше қайтара оқып, иығым солқылдап жылай берем. Сен қайғырмауды сұрайсың, асыл жарым.  Қабырғам қайысып қалай қайғырмайын? Менің ғана емес қазақтың жарық күні едің сен. Шуағыңды нендей жаламен тұмшаласа да, ойға сыйымсыз қандай айып тақса да сені ел жарық күн деп біледі. Тұлпардай алқынған асау мінезің үшін жауыздар сені аямапты.Соңғы көргенімдегі елесің көз алдымнан кетпей, жанымды жейді. Жиырма күн бір орындықта тапжылмай отырғаннан денең күпідей іскен , сау етің қалмаған еді.Сонда да жігеріңді уата алмапты, арыстаным. Қолдары қан сасыған қанішерлер. Түп тамырымен құрып кетсін, тамұқта тұншыққыр тасжурек диктатор! Қазақта сендердей ұл тумастай  көздеріңді құртқысы келеді... Қараңғылықта қалсын, адассын дегендері ғой  әзәзілдердің... Әділеттің туын желбіретер талай қазақ туар әлі... Сенемін...

***

2014 жыл , 7- желтоқсан

"Әлхамдулиллах" ... Көзімді аштым. Таң манаурап атып келеді. Төсегімнен тұрып, терезеге жақындадым. Қараңғылық сетінеп келеді, дегенмен екі-үш жұлдыз әлі сөне қоймапты. Үйімнің терезесінен қаланың басты алаңында кербездене желбіреп тұрған көк туымыз көрінеді.Селт ете қалдым. Нақ сол қыран бейнеленгендей... Түсімде көрген,қазақтың алғашқы ханы туылған шаңыраққа қонақтаған құлаш қанатты. Неткен сұлу, неткен еркін еді өзі.