Facebook акционерлері #2

Facebook акционерлері #2
Фото: www.washingtonpost.com

2004 жылы Гарвард жатақханасында құрылған Facebook әлеуметтік желісі қазір ең жылдам дамып келе жатқан IT-компаниялардың біріне айналды. Егер компанияға IPO-ға дейін инвестиция құйып, оның небары 0,1%-ын сатып алғаныңызда дивидендіңіз 100 миллион АҚШ долларына айналар еді. Сол үшін де IT-компаниялардың IPO-ға шығуы кез келген инвесторды қызықтырады. Желінің негізін салған Марк Цукерберг 21 жасында алғашқы миллионын тауып, 28-ге келгенде «ең жас миллиардер» атанады.

2012 жылы өткен IPO-дан Марк Цукерберг ең үлкен табысқа қол жеткізді. Акциялар сатылғаннан кейін Марктің еншісінде компанияның 28,2% үлесі мен бас директор лауазымы қалады. Айта кетсек, 1986 жылы Microsoft IPO-ға шыққан кезде Билл Гейтс корпорацияның 49,2% акциясына иелік еткен. Ал 2004 жылы Google акциялары Нью-Йорк биржасында сатылғаннан кейін Сергей Брин мен Ларри Пейдж (Google негізін салушылар) компанияның небары 15% акциясын басқарған.

Басы

Цукербергтің алғашқы бизнес серіктесі

Жоғары білімі жоқ IT-миллиардер Шон Паркер Facebook компаниясының алғашқы бизнес моделін жасаған. Napster және Plaxo стартап-компанияларының негізін қалаған Паркер шынымен университетте білім алмаған. Аталған стартаптар заңсыз әрекеттерге барғаны үшін (музыкалық әуендердің авторлық құқығын бұзған) жабылады. Forbes тізімінде 215-орында тұрған америкалық миллиардер Facebook компаниясының алғашқы президенті болған. Еңбегі үшін компанияның 7% акциясын еншілейді. Кейіннен есірткімен ұсталып, компания басшылығынан шеттетіледі. Дегенмен Facebook компаниясының 3,2% акциясын өзінде сақтап қалады.

Питер Тиль

Неміс текті америкалық миллиардер Питер Тиль Facebook компаниясының алғашқы сыртқы инвесторы болған. Ол 2004 жылы $500 мың көлемінде инвестиция салып, 10,2% акцияны иемденеді. Жасы небары 20-да болған Марк келіссөз жүргізуді толығымен Шон Паркерге тапсырады. Қазір, Питер Тиль — Facebook компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі.

Питер Тиль 2001 жылы Элон Маск есімді канадалық бағдарламашымен PayPal компаниясын құрған. Питер мен Элон бір жылдан кейін онлайн төлем жүйесін eBay корпорациясына қомақты қаржыға сатып, жеке инвестициямен айналысуға көшеді. Қазіргі таңда Clarium Capital инвестициялық қорын басқарады. Питер Тиль $1,5 миллиард байлығымен Forbes рейтингінде 400-орынға тұрақтаған.

Жалғасы бар ...

Ж. Өрісбай