Марк Цукерберг: "Oculus Rift болашақта компьютердің орнына қолданылатын болады"

Марк Цукерберг: "Oculus Rift болашақта компьютердің орнына қолданылатын болады"

Компьютерлік ойынға арналған көзілдіріктің сатылымға шығу уақыты әзірге белгісіз. Оның тіпті толық техникалық мінездемесіне қатысты ақпараттар да жарияланған жоқ. Дегенмен, енді Oculus VR компаниясын өз еншісіне алып алған Facebook басшысы Марк Цукерберг аталған технологияның болашағына үлкен сенім артатынын жасырмады.

Gamasutra порталының тілшілері Маркпен болған сұқбатта Oculus Rift виртуалды көзілдірігі мен оның болашағы туралы пікірін білуге тырысты. Ол жаңа құрылғыға қатысты былай деді:

«Әр 10-15 жыл өткенде жаңа компьютерлік платформа жасалынып жатыр. Виртуалды шындық пен толыққанды шынайы көрініс Oculus Rift платформасының басты ерекшелігі болмақ. Бұл жоба бізден терең жұмыс пен уақытты талап етеді. Ал оны толық көлемде жасап шығару үшін қаржыны бөле беруден тайынбаймыз. Тек осылай ғана біз болашаққа дайындала аламыз».

Марк Цукербергтің «болашақта» дей отыра, оның шамалаған уақыт мөлшері келесі он жыл болмақ. Сол жылда Oculus Rift виртуалды көзілдірігінің жылдық таралымы кем дегенде 50-100 миллион дана болады. Себебі виртуалды көрсетіліммен қамтамасыз ететін көзілдіріктің болашақта компьютерлердің орнын басатынына Facebook басшысы сеніммен қарап отыр.

«Алдағы он жылда біз алдымен жеке тұтынушыларымызды жинап алуымыз үшін құрылғының бірінші нұсқасын шығаратын боламыз. Ал сосын Oculus Rift туралы қоғамда пікір қалыптасқаннан кейін, ауқымды бизнеске айнала алатын экожүйеге көшетін боламыз», - дейді Цукерберг өз сұқбатының барысында.

Жаңа технологиялық девайс пен Facebook әлеуметтік желісінің ортақ мүмкіндіктері туралы еш нақты ақпарат айтыла қоймағанымен, оқырман бұл екі жобаның арасында міндетті түрде байланыс болатынын пайымдаса керек. Себебі Oculus Rift виртуалды шынайылықтағы қарым-қатынастың гаджетіне айналуы да мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, Facebook компаниясы Oculus VR стартап технологиясын ағымдағы жылдың наурыз айында $2 миллиард АҚШ долларына сатып алған болатын. Енді Марк Internet.org (ғаламтор желісі) пен Oculus Rift мақсаттарын біріктіруді жоспарлап жатыр.

Сурет: commons.wikimedia.org

Ж. Өрісбай