Тіл туралы ең ұнаған бір өлең

"Тіл туралы ең ұнаған бір өлең" деп, әрқайсымыз өзімізге ұнаған бір-бір өлеңнен салып отырайық, ағайын! :idea:

Қуатым – ана тілім
Қазағым, қайда жүрсең біл тіліңді,
Айтады ана тілсіз кім түбіңді?
Қайсыбір қандастарым шүлдірлесе,
Жүрегім біз сұққандай мың тілінді.
Қуатым – ана тілім ақ сүт берген,
Жан емен, сен бар кезде қаңсып көрген.
Өлеңде топқа түссем, өзіңсің ғой,
Әперген маған орын ашып төрден.
Қалса егер, жалғыз сәтке қалғып тілім,
Дей бергін ауа жетпей, қарлықты үнім.
Сен барда терезем тең, еңсем биік,
Қасында тұрсам-дағы қай мықтының!
Ардағым, ана тілім - жан мерейім,
(Жүзіңнен әрқашан да таң көрейін).
Сен болсаң, көш бастаушым келешекке,
Соңыңнан көзім жазбай, мәңгі ерейін.
Төбемде тұса сенің жанып нұрың,
Демеймін сөз сөйлеуден жалықты ұлың!
Түсінгін ардақ тұтқан ана тілім,
Екенін жан сырымның анық мұның!
Мінуар Әкімханов

Оразақын Асқар

Үйрен ана тіліңді

Өз тіліңсіз көрсең де өз күніңді,
Өз тіліңсіз болсаң да асқан білімді,
Өз халқыңның бола алмайсың перзенті
Білмей тұрып туған ана тіліңді.
Әлдеқалай жоғалтса ана баласын,
Бала іздеп таппай ма өз анасын.
Өгей шеше секілді өзге тіл де өгей,
Өз тіліңмен тап ертерек жарасым.
Сенде айып жоқ, тілің де емес кінәлі,
Көз жетті оған ешкімнің жоқ күмәні.
Үйренбесең, өз тіліңді білмесең
Жазықсыз-ақ жазғырып ел тұрады.
Көрінесің көзге шыққан сүйелдей,
Сұрақтар да шаншу болып тиер кей.
Құтылмайсың барлық тілді білсең де
Өз тіліңнің көмегіне сүйенбей.
Қаның, жаның, қазақы ұлттық түрің бар,
Сенен үлгі алар қыз бен ұлың бар.
Азаматы болдың азат халықтың
Тәуелсіз ел, мәртебелі тілің бар.
Адамбыз ғой тіл бітірер тасқа да,
Тіліңді үйрен, өзінді-өзің басқара.
Өзге ұлттың өкілінің қазақша
Сөзін ұқпай қалып, болма масқара!
3 қаңтар, 1993 ж.
Ана тілдің арызы

Нарық деп саудаға бас салып кеттің,
Заманның көшіне еріп лағып кеттің.
Арыңды айыр тілдер арбап алып,
Ана тілің, мына мен қалып кеттім.

Қалып кеттім қара байыр тірлігінде,
Абылайдың алты ауыз бірлігінде
Қалып кеттім Төле,Әйтеке,Қазыбектің
Үш жүзге айтқан үш ауыз билігінде.

Қалып кеттім Зере әже ырымында
Қыз Жібектің жыр болған бұрымында
Сүінбайды сүйсінтіп сайрап қалдым
Жамбылымның жүз жылдық ғұмырында

Аттан салған Алаштың ұраны едім
Сәкен Мағжан Ілияс Тұрар едім
Даланды шексіз шырқап жырлап кеткен
Ақан Әсет Біржанның бір әні едім

Ана тіл – сізге Алланың қатқан үні
Ойланшы қазақ осы айтқанымды
Тілінді тірек тұтшы туған елім
Таниын десең көкте Хақ Тәңірді

Әбділда Тәжібаев

Туған тілім тірлігімнін айғағы

Туған тілім тірлігімнін айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы,
Өссе тілім мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім мен де бірге өшемін.
Тілсіз хайуан бишара,
Бишараға не шара?
1955
АНА ТІЛІМ

Ана тілім –
Анам тілі болғаннан,
Ана тілім -
Бабам тілі болғаннан,
Далам тілі,
Балам тілі болғаннан,
Арғы-бергі Заман тілі болғаннан ...
Темірқазық жұлдызым деп ұқтым мен,
Жаза басып,
Жаңылыссам жолдардан,
Бағыт сілтеп,
Бағдарымды оңғарған!

Тірлігімнің,
Бірлігімнің нәрін мен
Жұтар ауам,
Ішер суым, дәміммен –
Тіл деп ұқтым,
Тіл деп ұқтым бәрін мен
Құдыретті тәңірден!

Жара түссе жазатайым жаныма
“Айналайын!” деген сөзден табылды ем.
“Тіл өлгеннен - өлмейді адам”, - дегенді
Көп естідім,
Бірақ оған мен енді
сенген жоқпын,
Тілсіз, ділсіз адамдар
көкірегі – көр, сезімі – тас керең-ді,
Көре алмайтын Биіктікті,
Ұға алмайтын Тереңді!

Сусыз, нұрсыз өспейтіндей гүл,
Тілсіз, жырсыз тіршілік те тұншығар.
Аспан, Жердің амандығын апаттан
Сақтап тұрған қасиетті Тіл шығар,
Тіл болмаса үнсіздікке кім шыдар?

Жалғасқанда жақсылықтың жолы әман,
Дүние – думан,
Шалқып – толқып толар ән.
Сырым – жырым,
Әнім – күйім,
Зар – мұңым,
Қуанышым – бұла күшім,
Таң нұрым –
Бабам тілі,
Анам тілі, бол аман

Ұлықбек Есдәулетов

Тағы да туған тіліме

Көгендегі қозыңды
жамыратсам деп едім,
ошақтағы қозыңды
тағы жақсам деп едім,
қорамсаққа қол салып,
қозыжауырын жебеңді
теміренін тебірентіп,
жауыңа атсам деп едім,
терезеңді теңелтіп,
керегеңді кеңейтіп,
қабағыңды қайтадан
жадыратсам деп едім,
қайран, Ана тілім!
2000
Тіл деген – алып мұхит түбі терең,

Піспегі толқын шашқан күбі ерен.

Қадірін тілдің сұра сақаулардан,

Көзіне жас алып бір күбірлеген.



Тіл деген – жарық жұлдыз аспандағы,

Арманның қиял жетпес баспалдағы.

Қадірін тілдің сұра мылқаулардан,

Көлінен ұшпай қалған қасқалдағы.



Тіл деген – адастырмас темірқазық,

Өрісі магнитінің өмірге азық.

Қадірін тілдің сұра кереңдерден,

Сөйлеуді арман еткен көңіл жазып.

Сәкен Иманасов

Тіл

Мін тағып ес білгелі "достың" көбі,
Барымды басқаша етіп кескіндеді.
Бермесем өзім жайлы өзім айтып,
Білсем деп жүрген де жоқ ешкім мені.
Жатпай ма ел: "түсі игіден түңілме", - деп
Бір жанмын білім де көп, мінім де көп,
Кетер ем баяғыда бақытты боп,
Келеді жібермей-ақ тілім бөгеп.
Туғалы тура сөзден іркілмеген
Дерт болып жабысқалы бұл тіл деген.
Жамандап мені біреу оңған емес,
Ешкімнен болған емес күлкім де кем.
Болған да жеріміз жоқ елден ығыр,
Өтуде ертелі-кеш төрде ғұмыр,
Қызыл тіл ақиқаттың ақ жолынан
Ауытқып,ала қашып көрмеді бір.
Бәрі де еркінде ғой бір алланың,
Мен оны басқа жаққа бұра алмадым.
Сұм десе, сұмырай десе иек қышып,
Тұрады көре сала ұрандағым.
Түгі жоқ демеңіздер қызығарлық,
Жарасып жақсы жердің қызын алдық.
Ермедім ырқына да майда тілдің,
Көрмедім "ой, кәпірдің" ізін аңдып.
Сөзіме құлақ түріп жүрген бала,
Сен неге жалт қарадың күлмең қаға.
Ол рас,сорымды да, бағымды да
Тапсам мен - тауып жүрмін тілден ғана!

Сәкен Иманасов

Тіл туралы жыр

Діннен емес, тілден алған үлесін,
Қазақ деген халық барын білесің,
Сондай елдің үлымын деп өзің де
шаршы топқа шалқая бір кіресің.
Осы тіл деп мінәжатың, мұратың,
айтып өткен бар ғұлама, ұлы Ақын.
Елдің дүмі, ердің құны дегендер,
екі-ақ ауыз сөзге сыйып тұратын.
Co қызыл тіл арқасында кешелер,
отқа түсіп, оққа да ұшып нешелер,
Көре-көре көсем болып ұлдары,
сөйлей келе шешен болған, деседі ел.
Қазақ дейтін қалың елде қыры кең,
болды қашан қара сөздің құны кем.
Тілі еді ғой қайтарған да жау бетін
Қаз дауысты Қазыбектер үнімен.
Тілі барда небір сері, не серкең.
иығы асып, өзгелермен өсер тең,
"Өлер едім, депті Расул, бүгін-ақ,
авар тілі жоқ болады, десе, ертең!"
Діннен емес, тілден тауып керегін,
Қазақпын деп, қайсар өскен ел едің,
Ана тілім құрыр болса,
мен де сол:
"Өмір сүріп керегі не!" - дер едім.
Салтымызда жоқ еді деп, ғұрыпта,
сылтау іздеп жатпайыншы сынықка,
Көзге мақтап қайте қоям, өйткені
сөзден аттап кете алмайды ұлық та.
Мұратыңа жетем десең көздеген,
бұрынырақ өтем десең озгеден,
Айтқаныңнан айнып кетпей,
абай бол:
Тас жармаса,
бас жарады сөз деген!
Болжап біліп болашағын, салмақтап,
әппақ уыз, алдындағы дәмді ақтап,
өтсе деймін ұрпақтарым ендігі
ана тілін анасындай ардақтап.
Сөз аяғы айналды деп ұранға
Тарпаң інім тағы да бір сынар ма, -
Қайтем бірақ,
қаным бірге тіліммен,
әнім бірге,
жаным бірге шығарда!....
2006 жыл

Сәкен Иманасов


Тілден тұтам қалдырмай...


Тілден тұтам қалдырмай,...(діннен жұтаң)
Қайда бара жатыр бұл
Құл мен Құтан?
Әлі күнге инедей қадалады
балағыма баяғы ілген бұтаң!..
Түтегені белгісіз, бітегені,
Темірдей-ак қариды тікенегі.
Бармағынан бал сорып жаттың бұққан,
сатқындықтан сарыуыз сүт емеді...
Оны азсынсаң,...
бір тұстан қосылып Күң,
тітіркеніп,
тірідей шошыныппын.
Қара жерді қараңғы сел басқанша
ел басқарса қайтпексің осы "мықтың"?
Санамызға салғанмен түрлі таңба,
ақыры бір атар-ау нұрлы таң да.
Ел боп кетсек жарады оған дейін,
жем боп кетпей кайдағы Құл-Құтанға!
2001 жыл