Тіл туралы ең ұнаған бір өлең

"Тіл туралы ең ұнаған бір өлең" деп, әрқайсымыз өзімізге ұнаған бір-бір өлеңнен салып отырайық, ағайын! :idea:

Еркелетіп, мейірленген әкемді,
«Құлыным»-деп аялаған әжемді.
Ана тілім мен өзіңнен іздеймін,
Сағым болған ұмытылмас кезімді.

Әкем айтқан ұлағаты өзіңде,
Әлдилеген анашымның сөзі де.
Туған тілім-нағыз досым өмірде,
Сөйлемесең жай таппайды көңіл де.

Туған тілмен ұрандадым «қазақ»-деп,
Елім болды жат-жұрттықтан азат деп.
Желтоқсанда жарқырап алға шыққандар,
Армандады «туған тілім, елім еркін болар»-деп.

Қазақ елі қалыптасты өзіңмен,
Ұлдар өсті тәлім алған сөзіңнен.
Қара көздер ұмытқандай болса егер,
Жан болғаны өз елінен безінген.
Нұрмұханбет
Қазақ тілім,ардағым,
Бұл әнімді бір өзіңе арнадым.
Сен арқылы биікке мен самғадым,
Сендей тілде ән жазуға талмадым.
Ана тілім,тұла бойды жылы сезіммен баурадың,
Жрегімді асыл тормен торладың.
Сексен тоғызда дүние есігін ашып сен,
Елімнің бүкіл жерін аз уақытта шарладың.
Неткен сұлу,неткен ғажап тіл едің,
Түнменен алмаспайтын күн едің.
Өмңрде болдың маған тірегім,
Жүрекке жылы әсерлі жұпар иісті гүл едің.
Ардақты ана сүтімен
Бойымда сен орнадың.
Жүрегімді жайладың,
Ана тіліме айналдың.
Жан бар әлі елімде
Туған тілін білмейтін,
Ана тілін шын жүрекпен сүймейтін,
Қазақ тілдің құдіретін көрмейтін.
Оян,ұлтым,
Бағала тілдің байлығын,
Мойында тілімнің барлығын.
Сендей тілді иемдеген бұл жұртта,
Сендей тілде ән тыңдаған халықта,
Сендей тілде тіл табысып,сөйлескен
Арман бар ма, тілек бар ма бұл жұртта?
Шарықтайсың биікте әлі мәңгілік,
Қалыспайсың өзге тілден,тең келіп.
Жаса мәңгі,аяулы тілім,бай тілім,
Қазақ тілім,ана тілім,жан тілім!!!!!!!!!!!!!
Ана тілім- бала шағым, өркенім,

Ана тілім- болашағым, ертеңім

Ана тілім-сайын далам, жер көгім,

Ана тілім- арман, ойым, өрнегім.

Ана тілді білмесем,

Шат шадыман күлмес ем,

Жер бетінде сайрандап,

Қазақ болып жүрмес ем.
Әли Әпекұлы
Баба тілі
Кешегі тіл қандай тіл? Баба тілі,
Баба тілі - түспеген баға-құны!
Жасқанбасаң?! Бұл тілдің ақиқаты,
Бас жармаса, тас еді жаратыны.

Кешегі тіл қандай тіл? Күні биік,
Бар жылуын тұратын Нұры құйып.
Төле бише сөйлейтін төре Тілім!
Басын ханға көрмеген бұрын иіп!

Кешегі тіл қандай тіл? Қуатты тіл,
Жігерлі үнмен жауын да жылатты кіл!
Ана тілі бесікте-ақ әлдиге орап,
Баласының көңілін уатты жыр!

Жарған еді, жұмыр тіл, тасты қанша,
Озған еді, жүйрік тіл, басты қанша!
Күңіренсе кететін Қорқыт болып,
Жігерленсе, жырлар Тіл Қазтуғанша.

Азу билеп көктегі Ай басына,
Адасқанның көнбеген айласына.
Басын қиып түсетін бәлсінгеннің,
Махамбеттің айналып найзасына!

Тар қапаста өтсе де талай күні,
Тұншығып та көрмеген әр айбыны.
Қалың елдің арасын жыр боп кезіп,
Ақтарылған өлең боп Абай тілі!

Кешегі тіл осындай, айбатты үні!
Құламаған майданда Байрақ, Туы!
Бауыржан боп сөйлейтін батыр тілі!
Қаһармандық танытқан Қайрат тілі!

Сол Тілімнің тағдырын, маған салса,
Қаратпаспын жарымес, жарамсаққа!
Жаратқаннан тілеймін жылап тұрып,
Баба тілін бүліктен аман сақта!
Аман сақта!

Жұлдызай Ысқақ
Салып тағы әлегін сайқал қоғам,
Ауытқуда бұл қазақ қайта арнадан.
Өгей ұрпақ көбейді ұлт ішінде,
Өз тілінде өз атын айта алмаған.

Қисық кетіп барады көш бүгін де,
Қазақ қалпы әлі сол ескі үнінде.
Таңырқасып қарайтын болып алдық,
Өз қазағым сөйлесе өз тілінде.

Тілім аман қалар дер кімде кепіл,
Өз ұлтынан көріп жүр күнде кесір.
Әне тағы шірітіп балық басын,
Өзге тілді бір бастық мінбеде тұр.

Тілдің өңі осылай солады ақыр,
Артық одан қымбат зер, бағалы әтір.
Қазақ тілін ақсатып, қара түгіл,
«Ханның» өзі қарайып бара жатыр.

Іштен налып, жүрміз тек бағып барды,
Кімнің қандай екені анықталды.
Ұлттың тілі ұлыққа, әкімге емес,
Тек ақынға керек тіл болып қалды.

Сол ақындар қояды ұрандай құр,
Керең қоғам, қайтейін, тіл алмай жүр.
«Үш тұғырлы тілге» ие қазақ байқұс,
Қай тұғырға шығарын біле алмай жүр.

Бұл қазақтың келер ме жөніне елі,
Шалыс басып, кетуде көбі кері.
Баба алдында бас иіп көрмеген тіл,
Ұрпақ алды қауқарсыз көрінеді.

Бұдан қалай жанады санада арай,
Түзеле де қоймайды қоғам оңай.
Әлди естіп көрмеген анасынан,
Ана тілде сөйлесін бала қалай?!

Әлди... бесік... ертегі...бәрі қалды,
Атақ үшін таптадық тағыда арды.
Баба тілі айналып «бала тілге»,
Әркімдерге ойыншық болып алды.

Туған тілім, осылай тоңалдың ба?
Аманат ең... Бүлінді балаң мұнда.
Аманатқа қиянат жасағандар,
Енді қалай ақталар баба алдында?!

Адал жолдан жан болса кетер кері,
Аяма деп үйреткен әкем мені.
Ана тілді қорлаған қане кімдер?!.
Тілін кесіп алайын, әкел бері!

Жұлдызай Ысқақ
Қазақ тілі туралы элегия

Кіргенде керемет үйлерге еңселі,
Кезгенде бастықтар бас бұққан кеңсені.
Көңілім маңырап ашқарақ қозыдай,
Сағынам мен Сені, іздеймін мен Сені...

Күңгірлеп қу басым бөшкедей қаңсыған,
Күн сайын мен солай... күйінем, таусылам.
Ойларым ойран боп, мен Сені аңсаймын,
Ойыншық сүйреткен сәбидің даусынан...

Сыңсыған сырымды сездірмей өзгеге,
Мән беріп әр түрлі үнге де, сөзге де.
Мен Сені тосамын, балалар у-шу боп,
Мектепте қоңырау соғылған кезде де...

Сан рет сағынып, жабығып, қамығып,
Жүректі жұлқылап әр лүпіл – әр үміт.
Әкімдер сөйлесе, әкемді көргендей,
Мен Сені күтемін, күтемін зарығып...

Қазақтың қыздары орысша қуанып,
Жанымның жапырағы барады қуарып!
Қара көз арудың оймақтай аузынан,
Мен Сені күтемін аузымның суы ағып...

Аузымның суы ағып... аңсаймын, сүйемін,
Сүйемін, шашылып қалғанша сүйегім.
О, менің атамның күшіндей – қуаттым,
О, менің анамның сүтіндей – киелім!

Қазақы көзімді сықситып түнімен,
Қырық екі әріптің алдына жүгінем...
Қазбалап әр сөзді, қазына ақтарып,
«Түсіндірме сөздікке» жүрекпен үңілем...

Дерт болдың Сен маған сезіммен жабысқан,
Серт болдың сезімнен өлеңге ауысқан.
Сен үшін ұлы Ахмет көз жасын тия алмай,
Сен үшін ұлы Абай көз майын тауысқан...

Оралса деймін-ау, дәуренің кешегі,
Екі есе қайтарар едік-ау есені.
Табанда тапталған бір теңге секілді,
Заманның өкшесі төбемді теседі...

Білмеймін, бұ қазақ сенеді несіне?
Біздерді жас ұрпақ алмайды-ау кешіре!
Кешегі билердің ақылы, о, неге,
Бүгінгі биліктің кірмейді-ай есіне?!

Мен Сенің мұңыңды, зарыңды түсінем,
Үміттің үлкенін күтесің кішіден.
Президент қазақша сөйлеп тұр... тағы да
Парламент орысша ойлап тұр ішінен...

Қырсық бір мінезім қысады денені,
Кеудемде киелі кегім бар, себебі.
Өшіңді алғандай, қазақша сөйлетіп,
Орыстың қызына үйленгім келеді...

Осындай ой арбап, шошытар, о, мені,
Арман ғой, әншейін, арманым көп еді...
Бір шала қазақ тұр көшеде шүлдірлеп,
Жылағым келеді, күлгім де келеді...

Көшеде жүре алмай, күйініп күнде мен,
Үйіме асығам, шыққандай түрмеден.
Көпіріп сөйлейді үйдегі көк жәшік,
Ресейге еліктеп ресми тілменен...

Мақтаныш сезіммен керіліп кең кеудем,
Маңдайым жарқырап, тілдесіп өзге елмен!
...Мен сені армансыз тыңдайтын күн бар ма,
Қазақтың иісі шығатын жерлерден?!.

...Шіркін-ай...

Алмас ТЕМІРБАЙ
Көкшетау қаласы.
Тіл- өмір байлығы,
Айтып берер қуаныш пен қайғыны,
Тіл- жаңа атқан таң нұры,
Оныменен білінеді қайырымдының қайырымы.
Тіл дегенім- өмір жетпес қазына,
Қуанамын өз тілімнің барына,
Тіл жоқ болса қаңғырарсың әлемде,
Тіл жоқ болса жетерміз бе кемерге?!
Ана тілдің қасиетін сезе алмайды кей адам,
Ана тілің өшіп кетсе өлді деп біл өз анаң,
Ана тілде шерін тартып,жырын жырлап өткен ғой,,
Барша қазақ ғұламасы бар бабам!

Халийхан Мейрамгүл
Тапсырма

Кейін бір сапарға шығарда
Шақырып алды анам жанына.
Аналық жүрегі шыдар ма
Жылар деп ойладым тағы да.
Жоқ, анам бұл жолы ойлана
Қарады сабырлы мейірмен.
Шашымды сипады жай ғана,
О, ғажап, бас тартты сүюден.
Хат жаз деп, өзіме, көршіге
Тапсырып жатпады әр нені.
«Сен үйден кетерде еншіге
Өз ана тіліңді ал!» деді.
«Өзгеріп кетерсің өзің де,
Өзгерер бұрым мен көйлектер,
Бірақ сен оралған кезіңде
Өз ана тіліңде сөйлеп кел!
Тіліңді ұмытсаң оралма.
Болсын тек жұрт тыныш, ел аман.
Сен мені іздеме одан да
Атымды атама!» - деді анам.

Ақұштап Бақтыгереева
Қазақ тілі – Қазағымның күнісің,
Сенде жатыр бақыт, байлық, ырысым.
Өрге жетсең төрде тұрам қасқайып,
Көрге кетсең менің күнім құрысын

Бесік, уық түзеп барлық көш- күйді
Шырқасам ән ғасыр үнді естейді.
Қарындылар құртылатын кез келер,
Дарындылар барда күнім өшпейді

Өмір үйді уақыт сырмен сырлайды,
Талай жылдар түрлі жалау бұлғайды.
Сендік нышан мың жылдықтар жалғасы
Ұлт болған соң ұрпақ тумай тұрмайды

Кейінгі ұрпақ балашақты базарым
Қазақ тілмен қайнатар ұлт қазанын.
Сап көбейіп өз анасын құрметтер ,
Міржағыптың тыңдар ұлттық азанын!

Автор: Пернбек Нарымбетов
Тіл

Мен тілі жоқ сағат көрдім тәніңнен,
Жұмысы жоқ жарыңмен не арыңмен...
Лүпілдейді, лапылдайды армансыз
Биік тұрған уақытында қабірден!

Көңілдестің қойынында таң атқан
Сәттерің ғой уақыт деген – абат таң.
Уақыт сұрап уақытыңды жоғалтпа
Тілі түсіп қалған қара сағаттан...

Тілі жоқ қыз әнге ғашық боп қалса,
Таң қалмаңыз, күй туады көп болса!
Адам жанын сата салад Сайтанға,
Жүзін жасы, жүрегін аз шоқ қарыса!

Тілін жұтып қойды қанша аспаптар,
Жырын жұтып қойды қанша жас хаттар...
Ғасырлар-ай жұтқан бірін-бірі кеп,
Тілсіз жүрген балалыққа бастап бар!

Бүлдіршіннің қоштасқаны, сәлемі,
Әлем жаңа жаралғандай әдемі.
Омырауды сұрауға тіл қажетсіз,
Орындықты сұрауға да керегі,

Шамалы ғой...
ұғынбаймыз тілді біз,
Кірпігіме қатқан тамшы – сынды мұз...
Сағынышқа тіл керегі шамалы,
Әйтсе мұңды сарғайтпады кімді күз?!

Шалқасынан жатып алып Ай төсін
Адамзатқа емізеді, жай тосын...
Хан Кененің басыменен Алаштың
Тілі қоса кеткендігін қайтесің!

Көзі қоса кеткендігін білдің бе?
Сөзі қоса кеткендігін білдің бе?
Дегендей боп тұрады ылғи сол Айым,
Қу өзегі қарсы айрылып тіл, дінге!

Бір тілі жоқ күйсандықтың жоқ әні...
Тілсіз жүрек қалай, қалай соғады?!
Есениннің тілін кесіп ала алмай,
Тамырына балта шапқан қоғамы!

Жатыр керіп шығарында жалғанға,
Тәнге ие ғып байлап берген Арды Алла!
Атом ділді жұтып қойған ғасырдан
Ақын тілін жұтып қойса таң қалма!

Мирас Асан