Тіл туралы ең ұнаған бір өлең

"Тіл туралы ең ұнаған бір өлең" деп, әрқайсымыз өзімізге ұнаған бір-бір өлеңнен салып отырайық, ағайын! :idea:

Тілімдегі кымбатты созді отты,
Жеткізейін урпакка сактап бапты!
Бас кеспек болса да,тіл кеспек жок ,
Кудайым жапканынша екі жакты!!!
Тілім жетпес, калмасын тукпірлерім,
Тілім откір, кылыштай текті тегім!
Сурінседе аягым, тілегім сол,
Сурінбесін ешкашан тілім менін!!!(Жаркын Утешова)

Күләш Ахметова

Ана тілі

Өнер дерті көтеріп ыстығымды,
Өлең жазып өткіздім қысқы түнді,
Барлық тілді білем мен, Муза келсе,
Адам түгіл түсінді құс тілімді.
Бұл сөзіме айтпассың дау, қарағым,
Бір құдірет барлығын баурағаным.
Барлық тілді білем мен,
Байронды яки
Петрарканы
арнаған
Лаураға әнін,
Өз тіліме қаласам, аударамын.
Жазғы гүлдей жырларым қаулар әлі,
Россияның сөйлетем тал-дарағын.
Құстың тілін аударса Россини,
Россинидің әуенін аударамын.
Аударамын жұлдыздар әңгімесін,
Аударамын жүрек пен жан күресін.
Табиғаттың, өнердің, музыканың
Баламасын табуда мәңгі үлесім!
Бояуларын сөйлетем небір күздің,
Тілін тауып, күшсіз-ақ темірді үздім.
Түннің тілін ұққандай түсінемін
Аипақ ойын қап-қара негр қыздың.
Кетпесін деп ауаны түтін бояп,
Жыр жазамын әр сөзім үкімдей-ақ.
Ауа тілін, гүл тілін түсінемін
Икебана мектебін бітірмей-ақ.
Судың тілін түсінем, тап-таза ақса,
Жыңғыл жырын түсінем отқа жақса.
Дүние тілін қабылдап жүрегіммен,
Сөйлетемін қайтадан, тек қазақша!
Ана тілім -
Бала шағым, өркенім,
Ана тілім -
Болашағым, ертеңім.
Ана тілім -
Сайын далам, жер-көгім,
Ана тілім -
Арман-ойым, өрнегім,
Ана тілім -
Шың, асқарым, өр көгім.
Ана тілім -
Жыр-дастаным, ертегім,
Ана тілім -
Үйім алып, еркемін.
Ана тілмен
Халық күйін шертемін.
Ана тілім -
Пәк сезімді жан сырым,
Ана тілім -
Лебіз демі бал-шырын.
Ана тілмен
Нұрланады маң, қырым.
Ана тілмен
Жырланады бар жырым.
* * *
Ана тілді білмесем,
Шат-шадыман күлмес ем.
Жер бетінде сайраңдап,
Қазақ болып жүрмес ем.

Рафаэль Ниязбек

Тілім менің

Домбыра - күй үзіліп күмбірлеген,
Кең даламда той да өтпей дүбірлеген.
Ғұмыр кештік заманда жаға болған
Аға жұрттың тілінде шүлдірлеген.
Ғұмыр кешсін тірлікте кім арланып?
Шүлдірлеуге барша жұрт құмарланып.
Сан жүздеген ұлт жайлап кең өлкемді,
Тілім және үлгерген шұбарланып.
Бапа ағылмай тұс-тұстан жамыраған,
Мектеп қаншажабылып қаңыраған.
Тілім-жалғыз...жалғызын жерге берген
Анадайын зар қағып аңыраған.
Тілім - көне бұйымдай сұрыпталған,
Шындық боп та ауызы құлыпталған.
Ойда жоқта заманнан қысым көріп,
Кемедейін жағаға шығып қалған.
Тұнып аққан у тамып бұлағына,
Тозаң қонып көк желек құрағына,
Полигонға айналған тілім солай
Зіл-заланың ұшырап сынағына.
Ақыл-естен уақыт жаңылғанда,
Жаңылғанда,құтырып қағынғанда.
Құдай сақтап қалғаны тамырына
Қара балта қимақ боп шабылғанда.
Аяр сөзге кезінде сеніп қалып,
Тіршіліктей көктеген өліп-талып.
Тілім содан ғұмырын жалғастырған
Қайта жанған шырақтай сөніп барып.
Әділеттен өзгеге жүгінбеген,
Сүрінсе де,тізесі бүгілмеген,
Халқым еді қасірет көп шексе де,
Қасиетті тілінен түңілмеген.
Тілім менің!Айналдым келбетіңнен,
Сәби боп та бесікте тербетілген.
Қасиетті тілімнің жоғалғаны -
Нар халқымның өшкені жер бетінен.
Еркіндік ап ел-жұртым жайраңдаған,
Жайраңдаған кезеңде, сайрандаған.
Қазақ болып тегінде жарытпайды,
Кең далама,тіліме айналмаған.
Жармасқанмен дұшпан көз жат көрінген,
Сардар - тілім түспейді ат белінен.
Өжет үнің бүгінде тұр естіліп,
Жер-жаһанның жарқылдап қақ төрінен.

Ұлдай Сариева

Тілімді кесетін жоқ

Тілімді кесетін жоқ
Көзімді тесетін жоқ
Тілім - у,
Көзім - көргіш...
Қайыстай жаным сірі,
Қып-қызыл қаным тірі
Ділім - ту,
Өзім - өлгіш...
Ар үшін төбелестім,
Шашын жұлып ібілістің
Талаттым періштеге.
Сыртымнан сатқандардың,
Тасадан атқандардың
оғынан беріш кеуде.

Жүрекке үңілер жоқ
Түрімнен түңілер тоқ -
кей сорлы боқтың қабы.
Себелеп жарама тұз
Миым-сақ, санада - мұз
Жүрегім - шоқтың табы.
Басымды сүйейтін жоқ,
Қасымда күйетін жоқ
Көңіл - шер,
Тіршілік - тұл...
Ит алып етегімнен,
Бай қашып жетегімнен,
Өтті өмір күрсініп құр...
Енді қанша қалды?
АНА ТІЛІМ, КҮМБІРЛЕ САРАЙЫМДА!
Тілін білген Абылай, Абайым да,
Құдырет берген ана тіл талай ұлға.
Қасиетті сол тілдің арқасында
Ерікті ел боп алысқа қарайын да.
Ана тілім, күмбірле сарайымда!

Тағдырым, даралама тілден мені,
Тіл – елмен қауыштырар іргемдегі.
Тіл – елмен табыстырар алыстағы,
Аспандатар жердегі жүрген мені.

Тілмен өрлер мерейім өрлесе де,
Тілсіз бақытын басынан ел кешер ме?
Тілер едім таусылса ақтық демім,
Жерлеңдер деп тілменен жерлесең де...

Ерекше бір сән беріп көшке бүгін,
Келе жатыр жаңғырып өшкен үнім.
Ана тілім рухымды көтереді,
Самал тербеп тұрғандай текше гүлін.

Өмір кешіп басынан ала құйын,
Жат жерінде күңіренткен дара күйін;
Атамекен,
Аңсаған Ана тілін,
Арманда өткен Мысырда Фарабиім!..

Көме түсіп көкірекке кекті мұңын,
Жетпіс жылды өңгеріп өтті күнім.
Ана тілмен жазған ғой Мұса Жалил
Түн – түрмеде отырып отты жырын...

Ана тілсіз тарих та жасалмайды,
Ана тілсіз іс өрге баса алмайды.
Желмаяның үстінде желіп жүріп,
Күңіренбеген тектен –тек Асан Қайғы

Тілін білген Абылай, Абайым да,
Құдірет берген Ана тіл талай ұлға.
Қасиетті тілімнің арқасында
Ерікті ел боп алысқа қарайын да.
Ана тілім, күмбірле сарайымда!..

* * *
Бәлкім, дарыр жаныңа сенің де өнер,
Сонда ғана бір жүгім жеңілденер.
Қара бұлттар айығып аспанымнан,
Күңгірт тартқан жан дүнием көңілденер.
Ана тілмен сомдалар тыныстағы үн,
Ана тілді мен дәйім пір ұстадым.

Ана тілдің жолында ұғын, балам,
Садақа ғой
Даңқ пен күміс тағың!..
М.Айтхожина
АНА ТІЛІМ

Ана тілім –
Анам тілі болғаннан,
Ана тілім -
Бабам тілі болғаннан,
Далам тілі,
Балам тілі болғаннан,
Арғы-бергі Заман тілі болғаннан ...
Темірқазық жұлдызым деп ұқтым мен,
Жаза басып,
Жаңылыссам жолдардан,
Бағыт сілтеп,
Бағдарымды оңғарған!

Тірлігімнің,
Бірлігімнің нәрін мен
Жұтар ауам,
Ішер суым, дәміммен –
Тіл деп ұқтым,
Тіл деп ұқтым бәрін мен
Құдыретті тәңірден!

Жара түссе жазатайым жаныма
“Айналайын!” деген сөзден табылды ем.
“Тіл өлгеннен - өлмейді адам”, - дегенді
Көп естідім,
Бірақ оған мен енді
сенген жоқпын,
Тілсіз, ділсіз адамдар
көкірегі – көр, сезімі – тас керең-ді,
Көре алмайтын Биіктікті,
Ұға алмайтын Тереңді!

Сусыз, нұрсыз өспейтіндей гүл,
Тілсіз, жырсыз тіршілік те тұншығар.
Аспан, Жердің амандығын апаттан
Сақтап тұрған қасиетті Тіл шығар,
Тіл болмаса үнсіздікке кім шыдар?

Жалғасқанда жақсылықтың жолы әман,
Дүние – думан,
Шалқып – толқып толар ән.
Сырым – жырым,
Әнім – күйім,
Зар – мұңым,
Қуанышым – бұла күшім,
Таң нұрым –
Бабам тілі,
Анам тілі, бол аман!
Е.Зікібаев
Айсұлу Рүстемова

Қазақтың тілі

Қазақтың тілі - анамның тәтті үні ол,
Елімнің көгінде нұр, шаттығы бол!
Ат жалы, түйе қомы -шайқалыпсың,
Қадіріңді байыпсыз қайдан ұқсын?!
Қайдан ұқсын естімей шағылдан ән,
Өзге елде өз үнін сағынбаған...
Тіл туралы жырлаудан жалықпаймын,
Қадалам рухсыздарға қазықтайын.
Тілімнің тіршілігін тұғырлы етер,
Тірегін осы жырда анықтайын.

Тілімнің болашағын жарық етер,
Ана сүтпен тіл сиқыр қаныңа өтер.
Аясы кең, мың түрлі мағыналы,
Қазақ тілі жанымды жанып өтер.

Тілімнің бек беделін үстем етер,
Тек намыс тілдің туын жүлделі етер.
Орысша сөйлдейтұғын қазақтардың,
Қазақпын дегендері мүлдем бекер!

Сыйлаймын адалдықтың арлыларын,
Тілменен жайландырар жан құмарын.
Ұрпағымды сөйлетем өз тілімде,
Болашаққа өнеге қалдырамын!!!
Тіл болмаса, елдің құны көк тиын,
Ел болмаса, ердің құны көк тиын!
Анам тілі "қарағым"- деп, айтпаса,
Ұл боп туып, жер баспағым жоқ мүлдем!

Тіл болмаса, ел болғаннан не пайда?
Ел болмаса, ер болғанан не пайда?
Ақ жаулықты Әжем тілін ұмытсам,
Жан жүрегім қаңырап бос қалмай ма?

Тіл болмаса, елдің аты кім болад?
Ел болмаса, ердің аты кім болад?
Ана тілім сенен бүгін айрылсам,
Көк түріктің сүйегі де күл болад!

Сақау тілді, жауға азық, қара көз,
Жаның қымбат, тек қазаққа, үлес қос.
Ата - бабаң, кең даланың қожасы,
Ана тілмен "Аттандайық" тізе қос!
Нұрмұханбет