Тіл туралы ең ұнаған бір өлең

"Тіл туралы ең ұнаған бір өлең" деп, әрқайсымыз өзімізге ұнаған бір-бір өлеңнен салып отырайық, ағайын! :idea:

РУХ ПЕН ТІЛ

Табиғаттың өзгермейтін заңына бұр бетіңді,
Қай кезде де туған тілің туған анаң секілді.
Бабалардың арманы бар мына қызыл гүлдерде,
Олар елін, тілін қорғап жанын қиған бұл жерде.

Қайырмасы: Ұлтсыздану заманында,
Тілің нарық табанында,
Көнбістік бар қадамыңда,
Рухыңды басып кетті қарын.
Тіліңді жоғалтсаң,
Діліңді жоғалтсаң 2 рет
Жоғалтасың ² бәрін.

Адам қанша болғанымен дарынды әрі табанды,
Туған жерін сүймей тұрып сүймек емес ғаламды.
Өзге ананың мазмұнына, мерейіне тор құрар,
Алдыменен өз анасын сүйе алмаған сорлылар.
Нарық-ғасыр бәрін сатып жібере ме алтынға,
Кім қалады сол алтынға сатылмайтын қалпында?
Жалғандық бар ұлтсыздардың беделі мен даңқында,
Ана тілін сыйламаған сыйламайды халқын да.

23 қаңтар, 2005 жыл Мұхтар Шаханов
Қадыр Мырза Әли

Тілсіз келген білімнің

Түбі нағыз қиғылық.

Көсегесін тілімңің

Көтеремін ту қылып.

Дәулет деген-

Ұғыңдар!-

Кеше болса, бүгін жоқ..

Тілің болса-күнің бар,

Тіл болмаса-түгің жоқ!

Тілім шипам, дәрім де.

Мәңгүрт болып күн көрмен

Абыройдың бәрін де

Маған осы тіл берген.

Тілсіз ақын жеңді ме

Айтысқанда мықтымен?!

Отанды да, Елді де

Тіл арқылы ұқтым мен.



Қ. Кайымов

Ана тілім -әнім.

Ана тілім –менің

Әлдилеген әнім.

Ана тілім –демім,

Ана тілім жаным

Жанымнан да қымбат

Ана тілім маған

Ана сөзді тыңдап

Үлгі-өнеге алам

Ана тілім-ана

Аппақ қардай арым

Мұра еткен бабам

Жарқыраған шамым.


Мұхтар Шаханов

Төрт ана

Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,
Мазмұн жоқта мазмұнсыздық шыға келер ортаға.
Әр адамда өз анасынан басқа да,
Ғұмырына етер мәңгі астана,
Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,
Болу керек құдіретті төрт ана:
ТУҒАН ЖЕРІ - түп қазығы, айбыны,
ТУҒАН ТІЛІ - мәңгі өнеге айдыны,
ЖАН БАЙЛЫҒЫ, САЛТ-ДӘСТҮРІ - тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі,
Және ТУҒАН ТАРИХЫ,
Еске алуға қаншама
Ауыр әрі қасіретті болса да.
Құдірет жоқ төрт анаға тең келер,
Онсыз санаң қаңбаққа ұқсап сенделер.
Өзге ананың ұлылығын танымас,
Төрт анасын менсінбеген пенделер.
Төрт анадан сенім таба алмаған
Тамырсыздың басы қайда қалмаған?!
Төрт анасын сыйламаған халықтың
Ешқашанда бақ жұлдызы жанбаған.
Қасиетті бұл төрт ана - тағдырыңның тынысы,
Төрт ана үшін болған күрес - күрестердің ұлысы!

Cырбай Мәуленов

Қазақ тілі

Орта жолда бүріп тастап оқ құзғын,
Құлап жаттым құшағында көк мұздың.
Қасіретімді
қазақ тілін қанат қып,
Төрт бұрышты дүниеге жеткіздім.
Көкірегінен атылса да оқ күздің,
Жаз етіп мен күздің өзін өткіздім.
Шаттығымды
қазақ тілін қанат қып,
Төрт бұрышты дүниеге жеткіздім.
Сол тілменен дүниені атадым,
Таптым бүкіл тіршіліктің атауын.
Жатты онда уыз сүті ананың,
Жатты онда аманаты атаның.
Сол тілменен махаббатша тіл қаттым,
Сол тілменен талай гүлді жырлаттым.
Сол тілменен сәбилерді сөйлетіп,
Талайлардың көз жастарын құрғаттым.
Сол тілменен аспан көрдім,
жер көрдім,
Сол тілменен көгершінге жем бердім.
Сол тілменен дүниеден кетемін,
Сол тілменен дүниеге мен келдім.

Жұбан Молдағалиев

Қазақ тілі

Жалпақ та жапан далада
Жүріпті қазақ шашылып.
Жыл озған сайын арада
Алшақтап жігі,
Ашылып.
Жерленген әсем қалалар.
Мүжілген, шөккен
Таулар да.
Шұбарлап түзді,
Алалап
Шеру сап өткен жаулар да.
Өтіпті уақыт қызулы.
Теңіздер қайнап, түнғандай.
Жоқ жерде жазу-сызуы
Бір тілден
Он тіл туғандай.
Бір тілден
Он тіл туғандай,
Рулар, жүздер баяғы,
Босыпты дауыл қуғандай
Секілді дала саяғы.
Таласа бәрі аяқтан,
Басына хабар жетпеген.
Басына тисе таяқтар,
Аяқтан қолы
Кетпеген.
Жау тисе сырттан өріске,
Салыпты бүлік
Бәрі іште,
Пана да түскен бөліске.
Ана да түскен бөліске.
Бүтіндік, бірлік
Ерсі боп,
Жатқанда мал-жан енші боп.
Тілімі ғана тұрыпты
Елші боп әрі емші боп.
Сол ғана калған бөлінбей.
Бөліске түсер кезде ондай.
Сол ғана қалған бөлінбей -
Жүректей,
Күндей,
Ождандай.
Сол ғана қалған бөлінбей,
Күндерде қара көмірдей:
Жалғызбын, деген, өмірдей.
Ортақпын, деген өлімдей.
Сол тұрған
Дәндей теріп ап
Қазақпын деген жүректі.
Замандар түрлі теліді ат,
Жеңген жоқ,
Бірақ жүдетті.
Кезі жоқ оның сарқылған.
Кем еді көзі бірақ та.
Теңіздей бүтін
Шалқыған,
Қор алып сансыз бұлақтан.
Өзі де көпке құяды
Тілдерге тілін жалғайды.
Төл оған әлем қиялы,
Жоқ оған жердің шалғайы.
Жасарып дана қария
Көрген жоқ мұнша өндір боп,
Көрген жоқ көне дария
Мұнша ұжым, мұнша мөлдір боп
Қанша жұрт тілін үйренсең,
Сол ғұрлы ана тілің шат
Үйрен де жирен, жиренсең,
Өнерді дейді білу шарт.
Ұқпасам өз тіл - анамды
Ұлыңмын деуім әңгілік.
Сәуле боп тұрсын санамда
Әлдиі, үні мәңгілік.
Білмесін-білсін түсімнен,
Ұқпасын-ұқсын түрімнен,
Танысын дүние ісімнен,
Танысын туған тілімнен.

Мұзафар Әлімбаев

Ана тілім ғажап деп айта аламын

Ана тілім ғажап деп айта аламын,
Жәннаттай жан балқыта жай табарым.
Шырқатып ғұмыр бойы айтар әнім -
Келеді толас таппай қайталағым.
Тозбайды сыны кетіп, сұры қашып,
Біз әлі қанған жоқпыз сырын ашып...
Қазағы қадырына жеткен сайын
Жайнайды,
Ертеңге де нұрын шашып
Туған тілім-бабам тілі-өз тілім,
Туған тілім-анам тілі-өз тілім.
Туған тілім-далам тілі-өз тілім,
Туған тілім-адам тілі-өз тілім.
Туған тілде сыры терең жаным бар,
Туған тілде әнім менен сәнім бар.
Туған тілім тіл болудан қалса егер
Жүрегімді суырып-ақ алыңдар.
Д. Әбілев.
Тілім менің!
Ұлы Абай, Мұхтардай пірім менің.
Тұнығым, рухани жан азығым
Ол бүлінсе, менің де бүлінгенім.
Ана тілім, туған тілім,бал тілім
Сен арқылы дүние танып талпындым.
Сен арқылы әлемге аян бар ісім
Сен өмірде таусылмайтын алтыным.
Ш.Айтматов.

Несіпбек Айтұлы

Ана тілім

Ана тілім,
Жүрегісің анамның.
Жүрек-ана,
Мен өзіңнен жаралдым.
Сағат сайын саулығыңды тілеймін,
Сенсіз мынау керегі не ғаламның!
Сенің әр бір тынысыңмен күн кешем,
Сен арқылы тіршілікпен тілдесем.
Ел бетіне қалай түзу қараймын,
Ана тілім,
Егер сені білмесем.
Сенің арқаң дүниеден сыр ұқсам,
Сенің арқаң жүзіп ішсем тұнықтан.
Туған анамды ұмытқаным емес пе,
Туған тілім,
Егер сені ұмытсам.
Сенің арқаң өзімді өзім түсінсем,
Ақыл-ойым, айбатым-сен, күшім-сен!
Қойсын маған күннің нұры түспей-ақ,
Ана тілім,
Арыңа дақ түсірсем.
Ағытатын тасқын ойдың тиегін,
Өзің ғана сыйынатын киелім!
Ризамын отқа жанып сен үшін,
Күлге айналып кетсін мейлі сүйегім.
Ана тілім, дана тілім, бақ тілім,
Сенсіз бақыт дүниеден тапты кім?
Сенсің менің қуанышым, шаттығым,
Сенсің менің тазалығым, пәктігім.
Ана тілім,
Алтын ұям, құндағым,
Ақ бесікте әлдиіңді тыңдадым.
Сенің жырың, сенің әнің айтарым,
Санам сөніп, байланғанша тіл-жағым!

Несіпбек Айтұлы

Бұғауда қызыл тілім

Сарғая сартап болған сүйегі ыстан,
Мен де бір домбыра едім тиегі ұшқан.
Бұғауда қызыл тілім бұлқынғанда,
Бақсыдай аласұрдым ие қысқан.
Тіршілік кезі келмей сайратар ма,
Мезгілсіз күн шығар ма, ай батар ма?
Қояндай қалтырады қайран өмір,
Жем болған қамаудағы айдаһарға.
Айналам сұстанады шашқан ызғар,
Көрсетпес көктем төбе жатса мұз, қар.
Үсікке ұрынғаным беп-белгілі,
Ақпанда жалаңаяқ басқан із бар.
Теңселтіп алай-дүлей қарлы боран,
Иілді үзілердей тал-бұғанам.
Қосымды қопаңдатып қоймаған соң,
Күнім жоқ қысқа жіппен шандымаған.
Батар ма қаққанменен тоңға қазық,
Ұрыдан үнем болмас қалған азық.
Көпшілік, көңіліңнен шыға алмадым,
Қайттым да асу-асу жолдан азып.
Дамылсыз ебі соқса не қылайын,
Қамқа тон қайдан тауып жамылайын?
Жалт беріп жаламадан, сайға түстім,
Ығысқан аңшы оғынан тағыдайын.
Алдымды аңдамасам жер басам ба,
Ақ қаптал, аяңшылмын мен қашанда.
Тұқымы қарақөктің болғандығым,
Дүбір caп дөңге шықсам анда-санда.
Бұлаңдап, соқпақ қуып құбылмайын,
Тағдырдың өзі табар бір ыңғайын.
Шыңғырып, шырқырайды, шіркін, жүрек,
Қапыда қасқыр тартқан құлындайын.
Жықса да тарпа бас caп керқұланы,
Естімес ышқынғанын ел құлағы.
Сарқылмас бізбен бірге замананың
Кезінен сорғалаған шер бұлағы.
Қыдырып, қылаң ұрып күндер өтер,
Көрінер көп дүние мүлде бекер.
Жараңа жамау болмас соқыр жармақ,
Қызығы қысқа өмірдің кімге жетер?..