Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Экс-бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Алтын ұя / Жоғарғы сынып / Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? # 11

Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? # 11

Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? # 11

ҰБТ-ны Массагет тілшілерінің барлығы тапсырды. Сынақ болған күн артта қалса да, күні кеше аудиторияда дұрыс жауап таңдап, қолымыздан келгенше сыныптастардан көмегімізді аямаған немесе өзгеден көмек сұраған сәтіміз әлі есімізде.

Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға небары бірнеше ай қалды. Сәуір айы тәмамдалысымен, мектеп бітіру салтанатына дайындық басталады. Бұл – ҰБТ-ға дайындалу үдерісі тоқтайды деген сөз. Уақыттың аз қалғанын ойлаған сайын жүрегіңіз алып-ұшып, арасында күйзеліп те жүрген боларсыз. Сол себепті біздің айтарымыз сізге көмек болар деген ниетпен басымыздан өткен оқиғаларымызды баяндамақпыз. Бүгінгі кейіпкеріміз – Ербол Молдажанов.

Әкемнің маңдайымнан соңғы рет қашан құшырлана сүйіп, иіскегені есімде жоқ. Баланы бес жасқа дейін патшадай сыйла демекші, доп қуалап жүрген кезімде еркелеткен болар. Бірақ, сол кезде жүгіріп келіп, мені құшағына басқан кезде оның әкелік махаббатын алғаш рет сезгендей болдым. Сөйлегендегі ыстық демі, менің бойыма жігер сыйлаған сөздері мәңгілік есімде қалатыны анық. Ол: «Балам, сен ата-анаңның үкілі үмітін ақтадың, жарайсың!» - деді. Осы сөздер жүрегімді оттай қарып, көзімнен мөлтілдеген жас ақты. Меніңше, осы нәрсе үшін ғана өмір сүруге де болады...

ҰБТ-ға дайындықты ерте бастадым деп жалған айтпаймын. Бар болғаны бірінші сыныптан бастап мектептің қоғамдық жұмыстарына тұрақты түрде атсалысып, үздік оқыдым. Көпшілік жарыстарда қатарластарымнан қалмай, әрдайым құрбы-құрдастарымның алды болдым. Бірақ, 11 сыныпта алғашқы сынама тестілеуден 67 балл алдым. Нәтижені естіген сәтте 11 жыл бойы не үшін оқыдым, үнемі мақтау қағазын алып, үздік оқушылардың қатарынан табылатыным бекер болғандығы туралы ойладым. Дәл осы кезден бастап бар күшімді ҰБТ-ға арнадым. 

Мектеп қабырғасында жыл сайын қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен олимпиадаға қатысып жүрдім. Жастайымнан халқын тың жаңалықтармен хабардар етіп отыратын диктор болуды армандадым. Ал ата-анам өз кезегінде әрдайым қасымнан табылып, бағыт сілтеп отырды. Грант көп болатындықтан, физика пәнін таңдауды ұсынды. Ана мен әке жүрегі бала десе елжірей түседі ғой. Қанша жерден мені ақылы бөлімге оқытамын десе де, шама-шарқы белгілі еді. Сол себепті, алдыма өз күшіммен оқуға түсемін деген айқын мақсат қойдым.

Олардың ақылын тыңдап, Жаңа жылға дейін физика пәнін таңдап жүрдім. Айтарлықтай өсім байқалмағандықтан, мектептен 1 айға сұранып, Алматыға келіп дайындалдым. Тұрар Рысқұлов атындағы ЖЭУ-де өткен дайындықтың айтарлықтай пайдасы болмады. Себебі, мектептегі ұстаздарым беретін білімнен әрі аса алмады. Бірақ, білімін толықтырып шыққандар да, еш өзгеріссіз қайтқандар да болды. Сол кезде барлығының тек өзімізге, ақпаратты қабылдау қабілетімізге ғана байланысты екенін түсіндім. Физика пәнінен есептерді шығара алсам да, оларды шығарудың қандай маңызы бар екенін білмедім.

Өсімімнің қандай болып жатқанын тексеру үшін тест орталықтарына барып жүрдім. Қорытындысын қараған сайын гуманитарлық пәндерге икемім бар екенін түсіндім. Артынша әдебиет пәнін таңдадым. Журналистика саласында жүрген Шынар апайым ата-анамнан бұрын, жүрегімді тыңдауды ұсынды.

Таңдау пәнімді ауыстыруға үнді фильмінің әсері болды десем де болады. Ол фильмде ақын болуды мұрат тұтқан инженер бала туралы баяндалады. Заманына қарай адамы демекші, ата-аналар жалақысы көп деп балаларының тек инженер болуын қалайтын еді. Соңынды білікті инженердің баласы әкесіне ғана емес, қоғамға қарсы шығады. Өзіне ұнайтын жолды ғана таңдауды жөн көреді...

Жаңа жыл қарсаңында 67 баллдан көтеріліп, 90-ның үстіне шыққан едім. Таңдау пәнімді әдебиетке ауыстыра салысымен 20 балл жинадым. Уақыт тапшы болғандықтан әдебиет, тарих сынды пәндерден жаттап қана дайындалдым. Қалаға келгенімде сұрастырып жүріп өзіммен бірге "5+" дискісін ала кеттім. Дайындық барысында оның көп көмегі тиді. Қаладағы дайындық аяқталып, ауылға келе салысымен жоспар құруға кірістім. Түнгі сағат он екіде ұйықтап, таңғы сағат бесте тұрып жүрдім. Әр күнімді тест тапсырмаларын орындаудан бастадым. Жауабы қате болған сұрақтарды арнайы дәптерге жазып, білмеген тақырыптарымды қайта меңгердім. Әдебиет пен тарих пәндерін қалдырмай жаттап жүрдім. Өзгесіне қарағанда есеп-қисапқа қиналатындықтан, математика пәнінен аптасына 3 рет дайындыққа бардым. Бұдан өзге аптасына 5 күн өзге пәндерден дайындалдым. Үйге келе салысымен тамағымды ішіп, ұйқыға жаттым. Осылай 4 ай бойы жалғасты. Нәтижесінде балым айтарлықтай көтерілді. Сынама тестілеуден 110-120 балл алатын болдым.

Тест тапсыратын орталық алыста болғандықтан, бір күн бұрын баруымызға тура келді. ҚТЛ жатақханасына орналастық. Ұйқыға жатқан соң бір-бірімізден «Ұйқың келіп жатыр ма?» деп сұрай бастадық. Кімнен сұрасақ та, ояу жатқанын айтты. Балалармен осылайша таң атқанша ұйқы көрмедік. Сағат 4 шамасында көзіміз ілінгендей болып, 6:30-да тұрдық.

Анам мектеп психологы болғандықтан, бізбен бірге келді. Оқу жылы барысында арнайы дайындықтар жүргізді. Мен үшін уайымдаған әкем шпаргалканы туфлиімнің астына жасырып кіруді ұсынды. Желкеме де біреусін жабыстырып берді. Жүрегімде қорқыныш болса да, нар тәуекелге бел буып алып кірдім. Тексеріс кезінде жүзімнен көрініп қалған болар, мені тоқтатып алды. Бұған дейін барлығын оңай өткізіп жатқан болатын. Денеме біреу мұздай су құйып жібергендей қалшылдап кеттім. Жүрегім әдеттегісінен де қатты соқты. Арасында біреуі «Жібере сал» деді. Бұл да бір кішігірім сынақтай болды.

Анашым ҰБТ-дан шыққан соң: «Сені үш күн толғатып, қатты қиналған едім. Бұл жолы одан бетер қиналдым», - деді. (Мені ұстап қалған сәтті сырттан көрген екен).

Аудиторияға кірген сәтімде желкемдегі шпаргалкам жерге түсіп қалды. Оны ұстаздарға байқатпай алдым. Тексерушінің тура алдында отырдым. Қиындықтар бірінен кейін бірі шықса да, анамның мектепте өткізген психологиялық сабақтары көп көмектесті. Алдымен қазақ тілі, әдебиет, тарих пәндерін белгілеп, білмеген сұрақтарымды кейінге қалдырдым. Өз күшіммен 16-17 есепті ғана шығара алатындықтан, математика пәніне көп уақыт жұмсадым. Ұстаздарым теңдеуді жылдам есептеу әдістерін үйреткен еді.

Бір оқушы телефонымен ұсталып, аудиториядан шығып кетті. Ұсталған оқушының жылауы бізге қатты әсер етті.

Жанымда өзімнен де пысық оқушы отырды. Үздіксіз сұрақ қойып мезі еткендей болды. Бір-бірімізге көмектесіп отыруға келіссек те, менің сұрағыма ықылассыз, ойланбастан жауап бергенін байқадым. Сөйтіп оған өзім жауабын білетін сұрақ қойдым. Бірнеше сұрақтың жауабын қате айтқан соң мазаламауын сұрадым.

Біз ҰБТ тапсырған жылы көп сұрақ жаңарды. Тарих пәнінен 5 сұрақты, әдебиеттен 7 сұрақты бұған дейін кездестірмеген едім. Сол себепті, білмеген сұрақтарымның жауабын логикамның көмегіне сүйеніп белгілеп отырдым.

Барлығын бітіріп қойсам да, бірнеше мәрте тексеріп, соңынан шықтым. Шыққанымда ата-анамның мен үшін қатты уайымдап тұрғанын көрдім. Алдымен қалымды біліп, артынша «Қанша балл аламын деп ойлайсың?» деп сұрады. Шамамен 100 бен 110 арасында алатындығымды айттым. Біз ауылға қайтып, әке-шешем орталықта қалып қойды. Жолда кетіп бара жатқанымда звондап, 105 балл алғанымды хабарлады. Бұл нәтиежеге аса қуанбадым, қатты мұңаймадым. Жанымдағылар күйзеліп отырғанда отқа май құйғандай болмайын деп үнсіз қалдым. Артынша қорытындыны естіген кезде көп қыздың көзінен жас ағып, әттең-айлар айтылды. Сыныптағы 26 оқушының тек екеуі ғана грантқа түсті. Сол күні облыс бойынша тапсырғандардың ішінде үшінші орында тұрдым.

Анам екеуіміз қалаға келіп, ҚазҰУ-ге құжат тапсырдық. Орыс тілсіз балым 89 болғандықтан, алдымен Абай атындағы педагогикалық институтқа баруды жөн көрдім. Ол жердегі қабылдаушылар ҚазҰУ-ге тапсыруға кеңес берді. Қазақ филологиясы, артынша қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына түстім.

Дайындық барысында бір қызық оқиға болды. Әкем түнгі саған он екі шамасында менің компьютер алдында отырып, тест тапсырып отырғанымды көрген болатын. Таңертең де осы әрекетімді бақылаған. Кешкі мезгілде анама «Баланы неге сонша қинай бересің? Грантқа түсе алмаса, өзім оқытамын. Ең бастысы, аман болсын!» деп шу шығарып жүр. Олардың жылына 430 мың төлей алмайтынын білсем де, бұл сөздерінің астарында ыстық мейірім жатқанын сезіндім.

Алматыға жол жүрем деген кезімде әкем: «Балам осында жүргеніңде «Балаң жаман!» деген сөз естімедім. Қашан да мерейімізді үстеп етіп, өзіңмен мақтануымыз үшін барлығын жасадың. Қалада қалай жүру керектігін үйретпесем де, жақсы біліп қалғандайсың. Саған толықтай сенім артамын. Әрдайым жолың болсын! Тек ауырмай, денсаулығыңды күт», - деді.

Дәл қазір түлектер күйзеліп, түрлі ойдың жетегінде жүрген болар. Бұл – үлкен өмірдің алғашқы баспалдағы. Табыс қажырлы еңбек пен табандылықтың нәтижесінде ғана келеді. Соны өз тәжірибемнен түсіндім. Сол себепті, бар күш-жігеріңізді ҰБТ-ға арнаңыз. Жан-жақты дайындық болсын. Алып кірген шпаргалкамның еш пайдасы тимеді, сондықтан өзіңізді екі жақтап алып шығатын қайратыңыз бен ақылыңызға ғана сенгеніңіз жөн. Сүрінген болсаңыз, қайта тұрып жүгіруден шаршамаңыз. Еш уақытта сақтарыңыз сынбай, алда талай биік мақсат күтіп тұрғанын біліңіздер!

Оқи отырыңыз:

Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды?
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? # 2
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? # 3
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? # 4
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? # 5
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды?# 6
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? # 7
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? # 8
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? # 9
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? # 10

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Фото: massaget.kz
Қосылған күні: 10 наурыз 2015, 19:40

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.