Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Алтын ұя / Жоғарғы сынып / Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #5

Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #5

Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #5

ҰБТ-ны Массагет тілшілерінің барлығы тапсырды. Сынақ болған күн артта қалса да, күні кеше аудиторияда дұрыс жауап таңдап, қолымыздан келгенше сыныптастардан көмегімізді аямаған немесе өзгеден көмек сұраған сәтіміз әлі есімізде.

Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға небары бірнеше ай қалды. Сәуір айы тәмамдалысымен, мектеп бітіру салтанатына дайындық басталады. Бұл – ҰБТ-ға дайындалу үдерісі тоқтайды деген сөз. Уақыттың аз қалғанын ойлаған сайын жүрегіңіз алып-ұшып, арасында күйзеліп те жүрген боларсыз. Сол себепті біздің айтарымыз сізге көмек болар деген ниетпен басымыздан өткен оқиғаларымызды баяндамақпыз. Бүгінгі кейіпкеріміз – Фариза Абилова.

Алдымызда сынақ күтіп тұрғанын естігенде сыныптастарымызбен қызу дайындыққа кірістік. 9 сынып оқып жүрген кезімде қай пәнді таңдайтынымды білмейтінмін. 6 сыныпта дәрігер болуды армандадым. Алайда бұл мамандықты 9 жыл бойы меңгеруге шыдамым жетпейтінін білдім. Сол себепті, аса талпынбадым. Бір шетінен менің емес, әкемнің арманы болатын. Арада біраз уақыт өткен соң тілші болып, журналистика саласына баруды жөн көрдім. Мінез-құлқыма да осы сала сай келетін. Көкейімде жаңа арман пайда болды. Алайда тележурналист болғым келді. Ойымдағыны жүзеге асыру үшін әдебиет немесе ағылшын пәнін таңдауым керектігін анам айтты. Бұл орайда мен бастауыш сыныптан бері ағылшын пәнін ұнатқан едім. Ағылшын тілін негізгі пән ретінде таңдауға өзімді дайындадым. Бірақ әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне түсу үшін қазақ әдебиетін таңдауым керек екен. ҚызПУ-ға, Абай атындағы педагогикалық университеттерге грантқа түсуге мүмкіндігім болса да, таңдауым тек ҚазҰУ-ға түсті.

Өзіме бір табан жақын әпкем маған үлгі болатын. Үнемі сол секілді киінуді, оның жүрісін салуды ұнататын едім. Ол да осы қара шаңырақта білім алды. Мен де өз кезегімде оның әрекетін қайталағым келді. Аталған ЖОО-ға «5» деген баға беремін. Әрине кемшіліктері бар. Талапкер күтпеген дүниелер болады. Десе де мінсіз оқу орны бар деп ойламаймын. Сол себепті, Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетіне түскенім үшін өкінбеймін. Бір шетінен журналистика факультетіне түскім келді. Қосымша 2 сынақтан өтуім керек болғандықтан, дәл сол сәтте баспаға мақалаларымды шығарып үлгермеген едім.

Дайындық мәселесіне келер болсақ, 11 сыныпқа дейін оқуда белсенді болдым деп өтірік айтпаймын. Шын мәнінде, білімге аса құмартпайтынмын. Әйтеуір аман-есен бітірудің амалын жасайтынмын.

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің талапкерлерге қояр талабы жоғары екен. Ақылы бөлімнің өзіне түсу үшін 70 балл жинауымыз керек. Бұл - орыс тілін санамағандағы балл. Мұны білген соң дайындалуға кірістім. Барлығынан бас тартып, достарымнан да алшақтадым. Бөлмемнің есігін жауып алып, тек қана дайындалумен болдым. Қала бойынша ең мықты деген ұстаздардан сабақ алдым. Солардың бірі - №178 мектептің математика пәнінің мұғалімі Қиябаева Зәмзәгүл апай. Жетекші маманның методикасы керемет болатын. Артық қысым көрсетпейді, ағаттық жасасаңыз, ұрыспайды.

Мен үшін математика қиын пән болды. Бір есепті шығара алмасам, ашуланып кететін едім. Бір нәрсені білмей қалсам, ұятты шетке ысырып, 10 мәрте қайталап сұрайтынмын. Ұстаздарым да өз кезегінде түсіндіруден жалықпайтын. Зәмзәгүл апайдың арқасында математика пәнінен 23 ұпай жинадым. Алғаш рет сынама тестіде 6 балл ғана алған едім. Расымен де, 25 сұрақтың тек алтауына дұрыс жауап берген болатынмын. Ең қиыны геометрия болса, ең оңайы тригонометрия шығар. Осыдан кейін математикаға бейімі жоқ балалардың да мықты нәтиже көрсете алатынына көзім жетті. Математика пәнінен бөлек тарих пәнінен қосымшаға баратынмын. Бізді 20 жылдық өтілі бар Мәдениет апайымыз дайындады. Аса қиналдық деп айта алмаймын. 6 жыл бойы оқымаған пәнімді әп-сәттің ішінде меңгеріп алдым. Ал орыс тілі пәнінен тек сабақ үстінде дайындалатынбыз. Оның балы саналмаса да, жалпы нәтиже үшін жоғары балл жинауға тырыстық. Әдебиеттің жайы өзгеше. Оны тек қаңтар айында таңдадым. Ара-тұра желтоқсан айында дүние жүзі тарихы пәнімен қатар әдебиеттен де тест тапсырып жүрдім. Мектебімізде тек 2-3 бала ғана әдебиетті таңдады. Ол жерде көбісі жаттау болатын. Бір авторды толық меңгеру үшін оның шығармашылығын толық оқып шығу керек. Ал біздің уақытымыз болмады. Сол себепті барымызбен дайындалдық.

Бір қызығы, басқа балаларға қарағанда ұйқыны қимайтынмын. Мысалы, алдыма мақсат қойып, осынша есепті бір күнде шығаруым керек деп жоспарлаймын. Ал егер үлгермей жатсам, ұйқыны бірінші орынға қоямын. Осы ерекшелігімнің пайдасы тиді десем де болады. Мамандардың айтуынша, ұйқының қануы есте сақтау қабілетіне жақсы әсерін тигізеді.

Психологиялық тұрғыдан үлкен аудиторияда тапсырамыз ба, әлде кішкене кабинеттерде отырамыз ба деп өзімізді дайындай бастадық. Кабинетте болатын болса, көшіре алмай қалатынымызды ескердік. Ұялы байланысты сөндіретін құрал қойыла ма, шпаргалка пайдалана аламыз ба сынды ойлар да болды. Пайдалана алмасақ та, бар «қаруымызды» сақадай сай етіп дайындадық.

Мектебімізде 11 сыныптан 4-еу болатын. Өзгелері ҰБТ-ға ата-анасымен бірге келген кезде мен туғандарыма келуге тыйым салдым. Бір-бірімізге қолдау көрсетіп, тілек айттық. Ата-анам таңғы шайымды беріп, құран оқып шығарып салды. Олардың келмегені дұрыс болды. Себебі, мен үшін есіктің арғы бетінде қобалжып тұрған екі адам бар екенін білсем, өзімді жинақтай алмай қалатын едім. Тексеріс қатаң болды. Арасында бақылаушылар оларға көрсетпей «қару-жарақтарымызды» пайдалануға болатындығын айтты. Ішімізде шпаргалкамен шығып кеткендер де бар.

Анам психолог болғандықтан, соңғы күні маған толықтай еркіндік берді. Яғни өту балын жинай алмасам да, қысым көрсетпейтіндіктерін айтты. Осы демеу сөздің арқасында өзімді жайлы сезіндім.

Білмеген сұрағымды қалдырып кете бермейтін кемшілігім бар.  Мәселені сол мезетте шешіп тастауым керек. Әйтпесе ұмытып кетемін. Меніңше, бұлай жасауға болмайды. Барлық пән тапсырмаларын оңай шешіп, әдебиетке келген кезде ғана қиналған едім. Өзім білмейтін сұрақтар келді. Небары 18 балл жинадым. Артынша ҰБТ-дан бірінші шыққандардың қатарында болдым. Сыныптастарымның ата-анасы «Менің балам не істеп отыр?», «Жағдайы қалай?» деп жан-жақтан сұрақтар қойып жатыр.

Мені қарсы алатын ешкім болмады. Қалай тапсырғанымды білеймін, әйтеуір тапсырып шықтым. Осылайша автобусқа бет алғанымда алдымнан сүйікті әпкем шықты. Осы сәт мәңгілік есімде қалады.

Бәрінен де қиыны жауабын күту еді. Осы қиындықты өткеруге ақылшы әпкем көмектесті. Көңілімді аулап, дәмханаға алып барды. Картасынан ақша алуға кеткен кезде білдірмей жылап алдым. Бұл көз жасым бір жыл қиналып, жеңілдегенімнің белгісі еді. Шамамен қанша алдың сынды сұрақтарға жауап бере алмадым.

Сыныбымызда өте уайымшыл қыз болатын. Оған кірер кезде вальериянка ішкізген екен. Бұрын-соңды ішіп көрмеген соң дәрі миына қатты әсер еткен сияқты. 3 сағат бойы қозғалыссыз отырып, 0 балл алды. Меніңше, ҰБТ-ға бір күн қалған кезде ата-ана баласына толық еркіндік беруі қажет. Таңдау бар жерде адам көп мүмкіндікке қол жеткізеді.

Шындығында оқуға немқұрайлы қарайтын адамдар ҰБТ-ны сәтті тапсырады. Өзім жалпы – 106, орыс тілі пәнінің балын алып тастағанда 85 бал алдым.

Қорытындыны есту үшін кешкі мезгілде мектепке жиналдық. Фамилиям тізімнің басында тұратындықтан, нәтижені алғашқылардың бірі болып естідім. Соңғы сынақтарда үнемі 113 балл алып жүретіндіктен, аздап қанағатсыздана бастадым, бір шетінен қуандым. Жанымдағылар мұңайып отырғандықтан, ішкі қуанышымды сыртқа шығармадым.

Үйге келсем, ата-анам қатты уайымдап отыр екен. Әкеме 106 балл алғанымды айтқанда құшақтап бір жылап алды. Олардың қуаныштан аққан көз жасын көру мен үшін үлкен бақыт еді.

2015 жылы ең жалқау деген түлектер де ештеңкеге мойымай, тек қана алға қадам бассын деймін. Математика бейімім жоқ деп ойлаған едім, аз уақыттың ішінде жоғары нәтиже көрсете алдым. Сол секілді сіздердің де үздік нәтиже көрсете алатындарыңызға сенемін!

Оқи отырыңыз:

Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды?

Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #2

Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #3

Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #4

12
Рейтинг: +6

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Қосылған күні: 20 ақпан 2015, 20:04

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.