Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Арнайы жобалар директоры

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Алтын ұя / Жоғарғы сынып / Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #8

Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #8

Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #8

ҰБТ-ны Массагет тілшілерінің барлығы тапсырды. Сынақ болған күн артта қалса да, күні кеше аудиторияда дұрыс жауап таңдап, қолымыздан келгенше сыныптастардан көмегімізді аямаған немесе өзгеден көмек сұраған сәтіміз әлі есімізде.

Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға небары бірнеше ай қалды. Сәуір айы тәмамдалысымен, мектеп бітіру салтанатына дайындық басталады. Бұл – ҰБТ-ға дайындалу үдерісі тоқтайды деген сөз. Уақыттың аз қалғанын ойлаған сайын жүрегіңіз алып-ұшып, арасында күйзеліп те жүрген боларсыз. Сол себепті біздің айтарымыз сізге көмек болар деген ниетпен басымыздан өткен оқиғаларымызды баяндамақпыз. Бүгінгі кейіпкеріміз – Ақтоты Жапатова.

ҰБТ-ға дайындықты 10 сыныпта бастасам да, білек сыбана кіріспедім. Бар зейінімді математика пәнін игеруге бағыттадым. Сол уақыттан бастап жоғары сынып оқитын оқушылармен дайындыққа бірге барып жүрдім.

Олимпиадаға қатысқан кезде биология немесе математика пәнін таңдайтынмын. Осылай жүргенімде таңдау пәнім биология болды. 11 сыныптың басында сынама тестіде 2 рет биология пәнін таңдап көрдім. Нәтижесінде балды аз жинадым.

Үйдегілер үнемі дәрігер болуыма тілектес болатын. Іштей «Адамды қалай емдеймін? Өзге жанның өмірі қолымда тұрған кезде қатты қиналамын» деп ойладым. Бір жағынан биология пәніне аса қызығушылығым болмады. Осы себептерді ескеріп, ата-анама айтпай физика пәнін таңдап көрдім. Алғашқы сынама тестілеуден бастап жоғары балл жинадым. Артынша шешімімді отбасыма хабарладым.

Болашақта кім болғым келетіндігім туралы көп ойланатынмын. Құжаттармен жұмыс жасағым келді. Ұстаздық етуді де мақсат тұттым.

11 сыныпта оқып жүргенімде Ақтөбеге барып жеке репититормен дайындалдым. Арада 3 күн өткен соң мектепте болатын облыстық сынама тестілеуге байланысты үйге оралуыма тура келді. Осы дайындықтың арқасында екі пәннен де 25/25 балл жинадым. Сол сәтте ата-анамның үмітін ақтағым келді.

Ең қиналған пәнім Қазақстан тарихы болды. Гуманитарлық бағыттағы пәндерден қиналатынмын. Тек есеп шығаруды ұнататынмын. Тарих пәнін өте жақсы меңгерген құрбым маған көмектесті. Екеуіміз таңғы сағат 6-да оянып, бір-бірімізге тест сұрақтарын қою арқылы телефонмен дайындалдық. Түстен кейін бірге отырып есеп шығардық.

Ең қиын сәт – Алтын белгіге үміткерлікке ұсынған кез. Директор анам екеуімізді өзіне шақырып, ұсыныстың жауабын сұрады. Бұл ауыр жүкті мойныма артуға қорықсам да, келісімімді бердім. Аудандағы 14 мектептің ішінде «Алтын белгі» үміткерлігіне ұсынылған екі ғана оқушы болды.

Ата-анама салмақ түсірмей, ЖОО-ға өз күшіммен түскім келді. Тіпті, колледжде болсын оқи беретін едім.

ҰБТ-ға кіретін күн де келіп жетті. Ұстаздарымыз бір күн қалғанда дайындалмауға кеңес берді. Түнгі сағат он екілер шамасында ұстазымыздың үйіне бардық. Айжамал апай біз үшін қатты уайымдап, жеті нан пісіріп қойған екен. Дастарханнан дәм татқызып, батасын берді. Артынша үйге келіп демалдық.

Аудиторияда екінші қатардың бірінші партасында отырдым. Бес сыныптас бір аудиторияға түскен екенбіз. Соның өзі қолдау болды. Өзімнің тапсырмамды орындап болған соң айналамдағыларға мүмкіндігімше көмектестім. Бір қызығы, сұрақты жауапсыз қалдырмайтынмын. Сенімсіз болсам да, бір оқығаннан жауабын белгілеп қоюға тырыстым. Бақылаушы болып жүрген ата-ана бұл әрекетімді көріп, жан-жағыма қарайламай, өз тапсырмамды орындауым керектігін айтты. Сонда да көзімнің қиығымен жанымда отырған оқушыға көмектесіп отырдым. Бір кезде уақыт бітті деп қолымдағы кітапшамды алып қойды. Ал мен әлі жауап қағазын толтырып болмаған едім. Бақылаушы ата-ананың өтініші бойынша оны белгілеп алуыма мүмкіндік берді. Бірақ, ұзақ уақыт бойы өз-өзіме келе алмай дірілдеп отырдым. Сыртқа шыққанымда нағашы атам мені көре салысымен бөгет жасап тұрғандарға қарамастан қақпаның ішіне кірді. Суық сумен бетімді жуды. Атам еш нәрсе сұрамады. Анам «Қалай тапсырып шықтың?» деп сұрады. Жауап қайтармадым.

Үйге келе салысымен ұйықтадым. Оянғанымда сіңілім: «Ақтоты, сен «Алтын белгіңді» қорғаған екенсің» деді. Мен қалжыңдап жатыр екен деп мән бермедім. Сіңілімнің сөзін анам растаған кезде барып сендім. Анам екеуіміз асығыс мектепке келдік. Ұстаздар жабылып, анамды қолдарына көтеріп алды. «Рита, жарайсың, қызың үмітімізді ақтады!» деп құттықтап жатыр. Мені сыныптастарым келіп құттықтады. Құрбымның да жоғары балл алғанын естіп, төбем көкке жетті. Сыныбымызда бір бала ғана аз балл алған екен. Қанша алғанын сұрасақ, 96 санын керісінше аударсаңдар, менің балым шығады деп жауап қайырады.

ҰБТ-дан 118 балл, орыс тілінің балын алып тастағанда 93 балл жинадым.

Енді ЖОО таңдайтын уақыт та келді. Ата-анам Ақтөбеде немесе Астана қаласында оқығанымды қалады. Алайда бар арманым қара шаңырақ ҚазҰУ-де оқу болғандықтан, осы ЖОО-ға тапсырдым.

Қандай жағдай болмасын, дүрбелеңге салынбау керек. Және шпаргалка ұстап үйренудің де пайдасы бар екен. Оны мүлдем қолданып көрмегендіктен, қалтамда тұрса да, қолдана алмай әлек болдым. Сол себепті, қосымша мүмкіндіктерді пайдалануды да ұмытпау керек.

Биыл барша түлекке ҰБТ-дан жоғары бал алуларын тілеймін. Адамды алға жетелейтін ұлы арман болғандықтан, армандаудан жалықпаңыздар деймін! Және ҰБТ-ның өткінші екенін ұмытпаңыздар!

Сурет: Massaget.kz

Оқи отырыңыз:

Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды?
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #2
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #3
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #4
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #5
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды?#6
Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #7

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Қосылған күні: 26 ақпан 2015, 07:06

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.