Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #3

Массагет тілшілері ҰБТ-ны қалай тапсырды? #3

ҰБТ-ны Массагет тілшілерінің барлығы тапсырды. Сынақ болған күн артта қалса да, күні кеше аудиторияда дұрыс жауап таңдап, қолымыздан келгенше сыныптастардан көмегімізді аямаған немесе өзгеден көмек сұраған сәтіміз әлі есімізде.

Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруға небары бірнеше ай қалды. Сәуір айы тәмамдалысымен, мектеп бітіру салтанатына дайындық басталады. Бұл – ҰБТ-ға дайындалу үдерісі тоқтайды деген сөз. Уақыттың аз қалғанын ойлаған сайын жүрегіңіз алып-ұшып, арасында күйзеліп те жүрген боларсыз. Сол себепті біздің айтарымыз сізге көмек болар деген ниетпен басымыздан өткен оқиғаларымызды баяндамақпыз. Бүгінгі кейіпкеріміз – Өмірбек Сансызбай.

Тұрсынбек Қабатов айтқан «Ұлы біркүндік төңкеріске» аса қатты дайындалдым деп айта алмаймын. Негізінен бар күш-жігерімді таңдау пәнімді игеруге жұмсап, қалғандарын арасында ғана оқып жүрдім. Ұстаздарым «Алтын белгі» үміткерлігіне ұсынды. Өзімнің есеп-қисапқа осал екенімді біліп, бұл ұсыныстан бас тарттым.

Шынымда айтсам, ҰБТ-ға жетпей ЖОО-ға түсу грантын ұтып алуды ойладым. 9-11 сыныптар аралығында түрлі олимпиадаға қатысып жүргендіктен, жүлделі орын алу арқылы ЖОО-ға түсу грантына ие болуға болатындығын білетінмін. 11 сынып оқып жүргенімде облыстық олимпиаданың жеңімпазы атандым. Бірінші орынды қанжығама байлап, Сүлеймен Демирел атындағы университетте тегін оқу мүмкіндігіне ие болдым. Шәкіртақы алмасам да, осының өзі жеткілікті болып көрінді.

Облыстық сайыстан кейін қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша республикаға жолдама алдым. Қостанай қаласында өткен жарыста бағыма орай өзім білетін сұрақтар келіп, республикалық деңгейдегі қола жүлдегер атандым.

Жоғарыда айтқан Алтын белгі үміткерлігінен бас тарту ұсынысына ұстаздарым қарсы шықты. Іштей үміттерін ақтай алмай қаламын ба деп жүрексіндім.

Үнемі тақырып бойынша дайындалып жүрдім. Артынша ҰБТ тапсыруға 3-4 ай ғана қалғандықтан, амалсыз тест жаттауға кірістім. Ақырында «Алтын белгімді» ақтап шықтым. Ендігіде алдымда республикалық олимпиада жүлдегері немесе алтын белгі иегері ретінде конкурсқа қатысамын деген таңдау тұрды. Екеуін қатар белгілеуге тыйым салынатын. Алтын белгі иегерлерінің конкурсына қатысуға мүмкіндіктің жоғарылығы әсер етті.

Тамыз айында шығатын қорытындыны барлығымыз да асыға күттік. Газетті алып қарағанымда әл-Фараби атындағы университеттің грант иегері болып тізімге іліккен екенмін.

Дәл қазір ЖОО-ларға грантқа түсуге мүмкіндік беретін олимпиадалардың өтіп жатқандығын оқушыларға айтқым келеді. Ол мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысу керек.

ҰБТ туралы тек 10 сыныптан бастап ойлана бастадым десем де болады. Бастапқыда тақырыпты кітаптың көмегімен толықтай меңгеріп, артынша тест жаттауға кірістім. Бір сұрақтың жауабын жаттау арқылы бірнеше сұрақтың жауабын білуге болады.

Математика пәнінен алғашқы 10 сұрақ оңай болады. Жоғарыда есепке шорқақтығым бар екенін айтқан болатынмын. Есеп-қисапқа икемді сыныптасым екеуіміз бір аудиторияға түсіп, бір-бірімізге қолымыздан келгенінше көмектестік. Ол маған білмеген есептерімді шығарып берсе, мен өз кезегімде қазақ тілі пәнінің сұрақтарына жауап бердім. Сынақтан шыққан соң өзге аудиторияларда мұндай мүмкіндіктің болмағанын білдік.

ҰБТ-ға бір күн бұрын ұстаздарымыз әдеттегідей уақыт таяп қалғанда дайындалмауға кеңес берді. Арамызда қорыққандар да, шпор алып кіруге талпынғандар да болды. Көкейімде ерекше қорқыныш сезімі болды деп айта алмаймын. Сынама тест тапсырып жүргендей әсерде болдым.

Сынақ аяқталған соң көз жасын төккендер де, қуаныштан жүрегі алып-ұшып тұрғандар да болды. Алайда менің сыныптастарымды жинаған балдары қанағаттандырды. Өкініштісі, мамандықты дұрыс таңдамай, грантқа түсу мүмкіндігінен айырылғандардың болуы.

Өзім жоспарлағандай ҰБТ-дан 110 балл алдым. Мүмкіндіктердің барлығын пайдаландым дегеннен гөрі жолым болып кетті десем де болады.

ҰБТ тапсыруға аз ғана уақыт қалды. Ең алдымен, адамда өзіне деген үлкен сенім болуы керек. Сенім бар жерде, жоғары межені бағындыру мүмкіндігі де болады. Алдыда келе жатқан сынақта әрбір қазақстандық түлектің жоғары балл алуына тілектеспін!

Сурет: Massaget.kz

Қ. Бүйенбай