Мемлекет басшысының Жарлығымен әскери борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ әскери қызметші "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Ерлігі үшін" медалімен марапатталғандар:
- Қуандық Бекет Бақтыбекұлы – 29011 әскери бөлімінің матросы (атқышы);
- Темірхан Ақжол Тимурұлы – 29011 әскери бөлімінің матросы (атқышы);
- Удалов Никита Александрович – 29011 әскери бөлімінің маманы (санитариялық нұсқаушысы).
Бұған дейін Мемлекет басшысының Жарлығымен әскери борышын өтеу кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Қазақстанның мемлекеттік наградаларымен (қайтыс болғаннан кейін) Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер марапатталды.
Маңғыстаудағы трагедия
24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты әскери қызметшілер суға кеткен.
Нақтыланған мәліметке сәйкес 17 адам суға кеткен. Оның ішінде 14 әскери қызметші қаза тапты, үш әскери қызметші құтқарылған.

Бас прокуратура мәліметінше, Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған.
Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында көз жұмған әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.
Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты көңіл айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажет шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмектесуді тапсырды.
Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде әскери қызметшілер қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды.
Тергеу барысы
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабы 2-бөлігі ("ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау") және 465-бабы ("кеме жүргізу қағидаларын бұзу") бойынша қылмыстық істер қозғалған (соталды тергеу басталған - еск.).
Сонымен қатар, Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасына қатысты іс бойынша Қорғаныс министрлігі жүйесінен бес лауазымды тұлға ұсталды. Олардың барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz