Каспий теңізіндегі қайғылы оқиға: үкіметтік комиссия құрылды

Каспий теңізіндегі қайғылы оқиға: үкіметтік комиссия құрылды
Фото: depositphotos.com

Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапты. Әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында көз жұмған әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.

Комиссия құрамына қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор, сондай-ақ, шекара қызметінің өкілдері кірді.

"Премьер-министр Олжас Бектенов комиссия төрағасы Қанат Бозымбаевқа оқиға орнына шұғыл барып, әскери қызметшілердің қазасының себептерін тергеп-тексеруді қамтамасыз етуді және қаза тапқандардың отбасыларына көмектесуді тапсырды", - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты әскери қызметшілер суға кеткен.

Алдын ала мәлімет бойынша 19 әскери қызметші суға кеткен. Оның 9-ы қайтыс болды. Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандары іздестіріліп жатыр. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget