2026 жылғы 25 қыркүйек - Қазақстан Республикасында Жалпыұлттық аза тұту күні

14 әскери қызметшінің қазасы: Қорғаныс министрлігінен бес лауазымды тұлға ұсталды

14 әскери қызметшінің қазасы: Қорғаныс министрлігінен бес лауазымды тұлға ұсталды
Фото: Видео кадры

Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасына қатысты іс бойынша Қорғаныс министрлігі жүйесінен бес лауазымды тұлға ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу бойынша ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқықбұзушылықтар жасады деген күдікпен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жоғары және аға командалық құрамындағы жауапты лауазымды тұлғалар ұсталған.

"Ұсталғандар қатарында ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары - штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, сондай-ақ, теңіз жаяу әскері ротасының және "Қайсар" катерінің командирлері бар. Олардың барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп жазылған хабарламада.

"Хазар Қорғаны - 2026" оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілер қаза табуына байланысты ІІМ-нің әскери тергеу бөлімшесі соталды тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.

"24 қыркүйекте Каспий теңізі жағалауында, Ақтау қаласынан 43 шақырым жерде оқу-жаттығу барысында "Қайсар" катерінен жеке құрамды түсіру кезінде қолайсыз метеорологиялық жағдайда әскери қызметшілерді теңіз ағысы алып кеткені анықталды. Тергеу барысында оқу-жауынгерлік міндетті ұйымдастыру және орындау кезінде шешімдер қабылдануы, қауіпсіздік талаптары сақталуы, гидрометеорологиялық жағдай ескерілуі, катердің техникалық жай-күйі, сондай-ақ, оқу-жаттығуды өткізуге және жеке құрамның қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеті зерделеніп жатыр. Барлық күдікті адамның әрекетіне заңда белгіленген тәртіппен құқықтық баға беріледі", - деді ІІМ өкілдері.

Соталды тергеп-тексеру барысы Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның ерекше бақылауында.

Маңғыстаудағы трагедия

24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты әскери қызметшілер суға кеткен.

Нақтыланған мәліметке сәйкес 17 адам суға кеткен. 14 әскери қызметші қаза тапты, үш әскери қызметші құтқарылған. 

Бас прокуратура мәліметінше, Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған. 

Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында көз жұмған әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты көңіл айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажет шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмектесуді тапсырды.

Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде әскери қызметшілер қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget