2026 жылғы 25 қыркүйек - Қазақстан Республикасында Жалпыұлттық аза тұту күні

Маңғыстаудағы трагедия: үкіметтік комиссия отырысы өтті

Маңғыстаудағы трагедия: үкіметтік комиссия отырысы өтті
Фото: gov.kz

Маңғыстаудағы төтенше жағдайға байланысты күдіктілер анықталып, қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетіліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен үкіметтік комиссия отырысында бірінші кезектегі тергеу нәтижелері және болған оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау жөніндегі кезекті қадамдар қаралды.  

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтың айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабы 2-бөлігі ("ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау") және 465-бабы ("кеме жүргізу қағидаларын бұзу") бойынша қылмыстық істер қозғалған (соталды тергеу басталған - еск.).

"Тергеу барысында әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оқу-жаттығуларды ұйымдастыруға және құтқару іс-шараларын жүргізуге байланысты заңбұзушылықтарға жол берді деген күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталды. Олардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі", - деді Санжар Әділов.

Осы оиғадан кейін құтқарылған әскери қызметшінің жағдайы туралы мәселе жеке қаралды. Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановтың айтуынша, әскери қызметшінің жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Әскери қызметші есін жиып, барлық медициналық көмекті алып жатыр. Жанында ата-анасы бар.  

Отырыс барысында қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына жан-жақты қолдау көрсету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Бұл мақсатта арнайы қор ашылды. Қор қызметін Маңғыстау облысының әкімдігі тұрақты бақылауға алды.

Маңғыстаудағы трагедия

24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты әскери қызметшілер суға кеткен.

Нақтыланған мәліметке сәйкес 17 адам суға кеткен. 14 әскери қызметші қаза тапты, үш әскери қызметші құтқарылған. 

Бас прокуратура мәліметінше, Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған. 

Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында көз жұмған әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты көңіл айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажет шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмектесуді тапсырды.

Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде әскери қызметшілер қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget