Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты көңіл айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Мемлекет басшысы үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажет шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмек көрсетуді тапсырды.
Маңғыстаудағы трагедия
24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты әскери қызметшілер суға кеткен.
Алдын ала мәлімет бойынша 19 әскери қызметші суға кеткен. Оның 9-ы қайтыс болды. Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандары іздестіріліп жатыр.
Бас прокуратура мәліметінше, Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған.
Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында көз жұмған әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова