CES 2015. Жасанды санаға ие алғашқы робот таныстырылды

CES 2015. Жасанды санаға ие алғашқы робот таныстырылды

Жасанды санамен бағдарламаланған робот сіздің жеке көмекшіңіз, айта кетсек, сіздің стилистіңіз, тележобалаушыңыз немесе фотографыңыз бола алады. Осы тектес концептіге ие әмбебап темір адам Лас-Вегас қаласында өткен халықаралық көрмеде (CES 2015) таныстырылды. Personal Robot құрылымын жасаушы инженерлер өз өнімінің қазіргі заман технологиясын жаңа сатыға алып шығатынына сенімді болып отыр.

Personal Robot Нью-Йорк қаласының инженерлері құрған Robotbase стартап-компаниясына тиесілі. Робот ғаламторға қосылу арқылы Google Nest термостаты және Facebook, Twitter және Amazon-дай интернет алыптарының қосымшаларымен жұмыс істей алады. Құрастырушылардың айтуынша, мобильді қосымшаларға қосыла алатын аппарат жасанды санасының көмегімен өз қожайынына тағам сатып алып, тұтынған тамағының калориясын анықтап, тіпті такси шақырып бере алады екен. Сонымен қатар, адам оған күлімсіреп қарағанда автоматты түрде суретке түсіреді.

«Бұл белгілі бір әрекеттерді ғана орындай алатын робот емес. Ол адам секілді тәуелсіз ойлану қабілетіне ие. Робот адамның сөйлеген сөздерін ұғынудан бөлек, қоршаған ортаны біз көргендей пайымдай алады. Көңіл-күйіңіз төмен болса оны көтеруге демеу болады. Сонымен қатар, көшедегі ғимараттар мен таныс адамдардың бет-келбетін тану арқылы бағыт көрсетеді. Сондай-ақ, тоқтаусыз әр түрлі функцияларды үйрену арқылы үнемі дамып отырады», – дейді Robotbase қызметкері.

Расында Robotbase роботтық технологияда жасанды сананы қолданған алғашқы стартаптардың бірі. Инженер мамандардың айтуынша, Personal Robot компьютерлік көру, бетті айқындау, көңіл-күйді білдіру мен кейіп таныту сынды функцияларын бір ғана алгоритммен жасайды екен. Одан бөлек, Personal Robot платформасына Wi-Fi және Bluetooth модульдері енгізілген. Ол аталған модульдердің көмегімен қоршаған ортаны бақылауда ұстайды және балаларға ертегі оқып бере алады.

Алдын ала тапсырыс берушілер ақылды көмекшіні сатып алу үшін 1000 АҚШ долларын жұмсайды. Ал түрлі мүмкіндіктеріне байланысты бағасы $1 995 сомаға дейін көтеріледі екен. Personal Robot-тың алғашқы нұсқаларын ағымдағы жылдың желтоқсан айында сатылымға шығару жоспарланған. 

Сурет: www.kickstarter.com

Оқи отырыңыз:

CES 2015 көрмесінде қандай техно өнімдер таныстырылмақ?

CES 2015. Жүргізушісіз қозғалатын көлік концепті

CES 2015. Kodak брендімен шыққан алғашқы смартфон

CES 2015. Әлемдегі ең кішкентай компьютер таныстырылды

CES 2015. Виртуалды көзілдіріктің әмбебап үлгісі

CES 2015. Балаларға арналған ең үлкен планшет таныстырылды

CES 2015. G Flex 2 – LG ұсынған дөңес смартфон

CES 2015. Жасанды санаға ие алғашқы робот таныстырылды

Ж. Өрісбай