CES 2015. G Flex 2 – LG ұсынған дөңес смартфон

CES 2015. G Flex 2 – LG ұсынған дөңес смартфон

Дәтүрлі гаджеттерді ұнатпайтындар үшін жақсы жаңалық. Алдын ала болжанғандай, LG компаниясы Лас-Вегас қаласына G Flex 2 смартфонын алып келді.

Өнімнің бәсекелестерінен артықшылығы оның ерекше пішінінде болып отыр. Сондай-ақ, майысу мүмкіндігі таныстыру кезінде тұтынушылардың қызығушылығын арттыра түсіпті. Бұл G Flex сериялы смартфондардың екінші ұрпағы болып келеді. Ендеше бірінші өнімнің кемшіліктері мен дамытуды қажет еткен функциялары ескеріліп, жаңа флагманды өнім құрастырылған.

Техникалық мінездемесіне келер болсақ, G Flex 2 аппараты LG G3 девайсынан кем түспейді. Смартфон 5,5-дюймді P-OLED технологиясы негізінде жасалған дисплейге ие. Жедел жадысы 2 ГБ, ал қосалқы жадысы 32 ГБ-ты құрайды.

Смартфонның сенсорлы экранында өзін-өзі тіктеу құрылымы дамытылған. Бұрын дисплейдегі кішігірім сызықтардың кетуіне бірнеше минут қажет болған болса, қазір небәрі 10 секундта қайта қалпына келеді алады.

G Flex 2 смартфоны осы айдың соңына қарай сатылымға шығатын болады. Әзірге оның нақты бағасы айтылмады.

Сурет: analogindex.ru

Ж. Өрісбай