CES 2015. Әлемдегі ең кішкентай компьютер таныстырылды

CES 2015. Әлемдегі ең кішкентай компьютер таныстырылды

Intel корпорациясы CES 2015 халықаралық көрмесі аясында әлемдегі ең кішкентай компьютерді таныстырды. Intel Curie атауына ие моноблок түйменің көлемінен аспайды.

Curie 32-битті Intel Quark SE SoC процессоры негізінде құрылған. Сонымен қатар, флеш-жадысы 384 КБ, ал қосалқы жадысы 80 КБ көлемді құрайды. Одан бөлек, құрылғының құрылымына сенсорлық басқару тетіктері және гироскоп, акселерометр қызметтерін атқаратын модульдер орналастырылған. Бастысы смартфонға қашықтан қосып, ақпаратты жылдам өңдеу үшін қажет болатын Bluetooth модулі де іске қосылған.

Аталған өнім RTOS (Real-Time Operating System) жедел жүйесімен жұмыс істейді. Оған қоса компанияның инженерлері құрастырған IQ Software Kits базасы арқылы компьютерге әртүрлі қосымшаларды жүктеуге болады. Құрастырушылардың айтуынша, Curie адамның өмір сүру жағдайын жеңілдететін гаджеттердің біріне айналмақ.

«Intel Curie әмбебап модулі күнделікті қолданылатын функциялардың жиынтығы болмақ. Тұтынушы оны сақина, сырға, сөмке, фитнес-трекер немесе қарапайым түйме үлгісінде пайдалана алады», - дейді Intel өкілі.

Intel Curie компьютерін 2015 жылдың екінші жартысынан бастап жаппай өндіру жоспарланған. 

Сурет: newsroom.intel.com

Ж. Өрісбай