Жаһандық жылынуға қатысты биылғы жылдың басты жаңалықтары

Жаһандық жылынуға қатысты биылғы жылдың басты жаңалықтары
Фото: kp.kz,

2019 жыл несімен есте қалды?

Биыл әлемдік жаңалықтар арасында жаһандық жылыну ең маңызды мәселе болды десек, артық айтқанымыз емес. Соның салдарынан Жер бетіндегі мәңгілік мұздар еріп жатыр. ХХ ғасырға қарағанда ауа-райының орташа температурасы 0,74 градусқа көтерілген. Қазіргі қолданылатын жеңіл шаралар (Өндіріс қоқыстарының азайтылуы, орман көлемінің артуы) жалғасын тапса, Жер шары бұрынғыдан 2 градусқа ғана ыстық болады, егер осындай шаралардың өзі қолданылмайтын болса, онда ауа-райының орташа температурасы 4 градусқа дейін артады. Соның нәтижесінде теңіз жағалауындағы қалалар су түбіне батып, адам өлімі жиілеп, табиғи апаттар күрт артады.

Ғалымдар мұздың еруі жылдан жылға жылдамдап бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. БҰҰ-ның мұздардың еруі бойынша жасаған есебіне сәйкес, 2005 жылдан бері теңіз деңгейі XX ғасырға қарағанда 2,5 есе тез көтеріліп келеді. Климат бойынша БҰҰ сарапшылары тобы көмірқышқыл газы қазіргідей деңгейде (CO2) шығарылатын болса, мұздың еруі 2100 жылға қарай төрт есе артатынын ескертті.

Сонымен, 2019 жылы жаһандық жылынуға қатысты елеулі жаңалықтар:

1. 2019 жылдың шілде айы адамзат тарихындағы ең ыстық айлардың бірі болды.

2. Қатты ыстық салдарынан шілде айында Гренландиядағы мұз қалқанының 160 миллиард тонна мұзы еріп кетті. Салыстыру үшін айтатын болсақ, бұл көлемі "Астана Арена" стадионындай 160 миллион бассейнге тең.

3. Осы ыстық салдарынан Антарктидадан соңғы 50 жыл ішіндегі ең үлкен айсберг бөлініп шықты. Оның салмағы – 315 миллиард тонна, аумағы – 1636 квадрад шақырым.

4. Ресейдің Сібір аймағында 26 шілдеде алапат өрт басталды. 31 шілдедегі деректер бойынша, 3 миллион гектарға жуық жер өртеніп кеткен. Өрттің түтіні Қазақстанның 7 облысында байқалды.

5. АҚШ-тың Калифорния штатында алапат өрт болды.

6. Гавай архипелагына кіретін "Валака" аралы жер бетінен жоқ болып, су астына кетті. "Валака" солтүстік-батыстағы атоллдар ішіндегі үлкендігі жағынан екінші арал болатын. Оның ені 120 метр, ұзындығы 1 шақырым. Жоғалып кету қаупі төніп тұрған (ұзындығы 80 сантиметрден 1,4 м дейін жететін, салмағы 600 келі болатын) жасыл теңіз тасбақаларының дүние жүзі бойынша жартысынан астамы осы аралда өмір сүретін еді.

Бұл әлі толық тізім емес. Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымы жариялаған есеп бойынша, соңғы он жыл тарихтағы ең ыстық жылдар болған. Зерттеушілер климаттың өзгеруі адамзаттың оған бейімделу қабілетін арттырады деген қорытындыға келген. Сонымен қатар, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) биыл жаһандық температура 1850-1900 жылдардағы орташа деңгейден 1,1 ℃ жоғары екенін мәлімдеді.

Сібір орманындағы өрт

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, парниктік газдан шығатын жылудың 90 пайызын мұхиттар өзіне сіңірген. Соның салдарынан мәңгілік мұздар еріп жатыр. Теңіз деңгейі көтеріліп адамдар өміріне қауіп төндіруде. Қазан айында теңіздің орташа деңгейі рекордтық дәрежеге жетті, “мұның бәрі Гренландия 12 айда жоғалтқан 329 миллиард тонна мұз салдарынан” дейді мамандар. Мысалы, Венецияда биыл су деңгейі жылдағыдан 2 есе көп (жылда 110 см көтерілсе, биыл 195 см көтерілген) көтеріліп, қаланың басым бөлігін су  басып қалған.

Климаттың өзгеруінен босқындар саны артты

Соңғы төрт онжылдықтың әрқайсысы алдыңғы кезеңмен салыстырғанда ыстық болды. Климаттың өзгеруі – болашақ ұрпақтың алдында тұрған күрделі мәселе. Бүгінде жаһандық жылынудың салдарынан миллиондаған адамдар зардап шегуде. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында 10 миллионнан  адам өз елдерінің ішінде босқын болған – олардың жеті миллионнан астамы дауыл, су тасқыны және құрғақшылық сияқты төтенше ауа райы құбылыстарына байланысты. Жылдың аяғында Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы ауа райының қолайсыздығынан босқындар саны 22 миллионға жетуі мүмкін деп мәлімдеді. Ғасырда бір рет болған аптап ыстық пен су тасқыны бүгінде тұрақты құбылысқа айналды. Естеріңізге сала кетейік, биыл Африканың оңтүстік-шығысында қатты дауыл тұрып, Еуропа қатты ыстықтан зардап шекті, ал Аустралия, Калифорния, Ресей және Бразилияда орман өрттері табиғатқа өз зиянын тигізіп жатыр.

Біз климаттың өзгеруіне бейімделе аламыз ба?

Қазіргі уақытта Мадридте әртүрлі елдердің өкілдері 2015 жылы Париж климаттық келісімін аяқтауға бағытталған маңызды келіссөздер жүргізуде, бұл елдерді жаһандық температураның одан әрі көтерілуіне жол бермеу үшін жұмыс істеуге міндеттейді. Сонымен, өткен жылы Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық комиссия (IPCC) парниктік газдар шығындарын азайту және жаһандық экономиканың жаңартылатын энергия көздеріне көшу қажеттілігі туралы айтты. Алайда қоқыстар көбеймесе азайған жоқ. Мадрид демекші, Мадридтің "Реалы" соңғы "Эспаньолға" қарсы кездесуде жаһандық жылынудың алдын алуды қолдап, жасыл түсті жейдемен алаңға шықты. 

Қорыта айтқанда, ғалымдар жаһандық жылынуға бейімделуді емес, оның алдын алудың түрлі жолдарын қарастырып жатыр. Егер адамзат алдағы 17 жыл ішінде жер бетіндегі ауа-райына деген көзқарасын өзгертпесе, Жер атмосферасындағы өзгерістерді кейін тоқтата алмайды. Ал ауаның орташа температурасы + 2 градустан асып кетуінің алдын алу мүмкін емес болып қалады. Бұл туралы Утрехт университеті ғалымдары "Earth System Dynamics" журналына көлемді мақала жариялады.

Біз жаһандық жылынудың алдын алуға болатын ғалымдардың түрлі тұжырымдарын жазған едік. Онымен мына сілтемелер арқылы таныс бола аласыздар:

Ғалымдар: жаһандық жылынудың алдын алу үшін жасанды қыс қажет

Жаһандық жылынудан ағаштар емес, киттер құтқарады

БҰҰ: соңғы он жылдық – ең ыстық кезең

Жасанды еттен дайындалған бургер: айырмашылығы, құрамы, бағасы

Т. Раушанұлы