Жаһандық жылыну қаупін алғаш кімдер білген?

Жаһандық жылыну қаупін алғаш кімдер білген?
Фото: hi-news.ru

Жер бетіндегі температура ақырындап көтерілі, соның салдарынан мәңгілік мұздар жыл сайын еріп жатыр. Жаһандық жылыну кесірінен жер бетіндегі теңіз деңгейінен төмен мекендер жоқ болып кетеді деп ғалымдардың дабыл қаққанына көп болған жоқ. Соның дәлелі ретінде Гавай архипелагына кіретін "Валака" аралы жер бетінен жоқ болып, су астына кетті.

Ал биыл Жер бетіндегі ыстық рекордтық дәрежеге жетті. Ғалымдар мұздың еруі жылдан жылға жылдамдап бара жатқандығын айтып та, дабыл қағуда. БҰҰ-ның мұздардың еруі бойынша жасаған есебіне сәйкес, 2005 жылдан бері теңіз деңгейі XX ғасырға қарағанда 2,5 есе тез көтеріліп келеді. Климат бойынша БҰҰ сарапшылар тобы егер көмірқышқыл газы осы деңгейде (CO2) шығарылатын болса, мұздың еруі 2100 жылға қарай төрт есе артатынын ескертті.

Соның айғағы ретінде биыл Антарктидадан әлемдегі ең алып мұз бөлініп шықты. Ал, іргеміздегі Сібір орманындағы 3 миллион гектар жер де температураның көтерілуінен жанып кетті. Мұхиттың арғы бетіндегі Калифорния ормандарының өртенуі де осы ауа райының ыстық болуынан. Жалпы жаһандық жылыну салдарынан орын алып жатқан табиғи апаттар аз емес. Бірақ бұл бүгін немесе кеше пайда болған мәселе ме?

Адамзат климаттың өзгеруі туралы өтккен ғасырдың 90-жылдарынан бастап айта бастаған. Бірақ жақында бұл проблема ХХ ғасырдың басында да өзекті мәселе болғаны белгілі болды. 

60-шы жылдардағы америкалық журналдардағы мақалаларға сүйенсек, қоршаған ортаны ластайтын кейбір компаниялар бұл проблеманы бұрыннан біліп келген, бірақ табиғатты қорғау үшін ештеңе жасамай өз қызметтерін жалғастыра берген. 

Мұндай мәліметті HuffPost басылымы Climate Files мәліметтер базасында жарияланған ескі журналдардың үзінділеріне сілтеме жасай отырып мәлімдеген. Ескі бизнес журнал нөмірлерін Ноксвиллдегі Теннесси университетінің инженері Крис Черри тапқан. 1965 жылғы тамыздағы конгресс-журналында ауаның ластануы туралы мақала жарияланған. Оның авторы – ауаның тазалығын тексеретін Bituminous Coal Research компаниясының жетекшісі Джеймс Гарви.

Ғаламдық жылыну қашан белгілі болды?

Өз мақаласында Джеймс Гарви парниктік эффект тудыруы мүмкін көміртегі диоксиді шығарындылары мәселесін алғашқылардың бірі болып көтерген. Ол көмір сияқты жанатын отын біздің планетамыздың атмосферасындағы көмірқышқыл газының мөлшерін едәуір арттыратындығы туралы дәлелдер бар екенін айтқан. Егер ауаға көп мөлшерде көмірқышқыл газы шығарыла берсе, Жердің климаты үлкен өзгерістерге ұшырайтынын ескерткен.

“Планета температурасының жоғарылауы полярлық мұз қабаттарының еруіне себеп болуы мүмкін, бұл өз кезегінде көптеген жағалаудағы қалаларды, соның ішінде Нью-Йорк пен Лондонды су басуына әкеледі”, - деп жазған автор.

Time басылымы Ақша Қорының профессорлары жақында киттердің көмірқышқыл газын сіңіру қабілетінің бар екенін анықтағанын айтады. Олардың есептеулеріне сәйкес, үлкен кит түрлерінің әрқайсысы шамамен 100 жыл өмір сүру кезеңінде шамамен 30 тонна көмірқышқыл газын сіңіреді. Сонымен бірге бір ағаш бір жылда 22 келі көмірқышқыл газын бейтараптайды, яғни бір ғасырда 2,2 тоннадан аспайды. Осы көрсеткіштерді салыстыра отырып, киттердің ғаламдық жылынуға қарсы күресте өсімдіктерден гөрі едәуір маңызды рөл атқаратындығы белгілі болғанын “Жаһандық жылынудан ағаштар емес, киттер құтқарады” атты қызықты мақаламызда айтып өткен болатынбыз.

Т. Раушанұлы