Антарктидадан соңғы 50 жыл ішінде ең үлкен айсберг бөлініп шықты

Антарктидадан соңғы 50 жыл ішінде ең үлкен айсберг бөлініп шықты
Фото: on-desktop.com, news.bigmir.net

Ғалымдар мұздың еруі жылдан жылға жылдамдап бара жатқандығын айтып, дабыл қағуда. БҰҰ-ның мұздардың еруі бойынша жасаған есебіне сәйкес, 2005 жылдан бері теңіз деңгейі XX ғасырға қарағанда 2,5 есе тез көтеріліп келеді. Климат бойынша БҰҰ сарапшылар тобы егер көмірқышқыл газы осы деңгейде (CO2) шығарылатын болса, мұздың еруі 2100 жылға қарай төрт есе артатынын ескертті.

Олардың пікірінше, егер ғаламшарымыз жаһандық жылыну деңгейін индустрияға дейінгі деңгейден 2 градусқа жоғары ұстап тұрса, бұл өсу көрсеткішін тұрақтандыруы мүмкін. Жалпы, БҰҰ арнайы баяндамасына сәйкес, теңіз деңгейі соңғы 200 жылда 1 метрге көтерілген.

Мысалы, жақында Антарктидадан соңғы 50 жыл ішіндегі ең үлкен айсберг бөлініп шықты. Оның салмағы 315 миллиард тонна, аумағы 1636 квадрад шақырым.

“Жақында Антарктидадан соңғы 50 жылдағы ең үлкен айсберг бөлініп шықты. Оның көлемі Шотландияның Скай аралымен тең. Мұз тауға D28 деген ат берілді” делінген таралған хабарларда. 

Аталған айсберг мұз құрлықтың шығысындағы Эмери жағалауынан бөлініп шыққан. Бұл жерден кіші мұзтаулар жиі бөлініп, мұхитқа саяхаттап тұрады. 


Ғалымдар аталған мұзтаудың бағытын жасанды жер серіктері арқылы мұхият зерттеуде. Себебі, ол кемелерге қатер төндіруі мүмкін. 

Айта кетейік, шілде айының өзінде Гренландия мұз қалқанының 160 миллирад тонна мұзы еріп кеткен. Салыстыру үшін айтатын болсақ – бұл көлемі "Астана арена" стадионындай 160 миллион бассейнге тең.

Біз осыған дейін “Гренландия мұздығы ерісе не болады?” атты қызықты мақаламызда Гренландия мұздығы Күн сәулесін шағылыстырып, ғарышқа қайтаратыны, осылай ғаламшарымызды ысып кетуден сақтайтыны туралы жазған едік.

Т. Раушанұлы