Жігіттерді жылатқан фильм

Жігіттерді жылатқан фильм
Фото: rudaki.ru

1935 жылдың 8 наурызында тарихымыздағы ең қайғылы оқиғалардың бірі болып өткен. Сибуя станциясының жанынан Хатико атты иттің мәйіті, ал иттің асқазынынан якиторидің төрт таяқшасы табылған. Осы күні халық қара жамылатын болды. Бұл оқиғаны үнемі еске алып, көңіл айтамыз. Кей адамның оқиғадан бейхабар екені өкінішті. Ал бар оқиға төмендегідей еді...

Хидэсабура Уэно атты профессордың Хатико есімді иті болған. Хатико иесін станцияға дейін шығарып салып, оны күнделікті бір уақытта күтіп алатын. Арада күндер өтіп, профессор қайтыс болады. Ал иті оны 9 жыл бойы станцияда күтіп отырады. Оны мейірімді адамдар бағып алғысы келсе де, өзгенің қауқарына көнбей әлек болады. Айналасындағылар тамақтандырып жүреді. Ақырында Хатико қайтыс болған соң махаббаттың нышаны ретінде Сибуя станциясына ескерткіш орнатылады.

Жоғарыда баяндалған оқиға шынайы өмірде болған. Фильм «қарапайым» бюджетпен түсірілсе де, жүректі шымырлатпай қоймайды. Тіпті жігіт атаулысының өзі оны көрген кезде, көзіне жас алып, өмірде махаббат пен адалдық атты құдіретті күштің бар екенін мойындайды.

Енді фильмді азды-көпті талдап көрелік. Жапонияда болған оқиға Голливудте түсірілгендіктен, біраз өзгерістер енгізілген. Жапон мәдениеті туралы көріністер жоқтың қасы десек те болады. Бұл тарихи оқиға болғандықтан, оның қай елде, қай уақытта жүзеге асып жатқандығы нақты көрсетілуі тиіс . Мұнымен қатар, бұл туралы деректердің бар екенін де ескеруіміз керек.

Көрермен көзіне жас алып, денесі түршігетіндей сәттерді күтті. Нәтижесінде күткенін алды. Өйткені фильмде көңіл көтеріп, еріксіз күлдіретін сюжеттер аз.

Аталған жобаның саундтрегі айтарлықтай үлкен рөл атқарады. Өзге кинолардан сонысымен ерекшеленеді. Фортепиано мен скрипканың дуэті құлаққа жағып, оркестрлік концертте отырғандай әсер сыйлайды.

Фильмде әйгілі актерлер аз. Десе де барлығы өз рөлін қажет деңгейде алып шыққан. Ричард Гир иттерді жақсы көретін қарапайым шалдың рөлін ойнайды. Фильмге түсірілетін иттермен оңай тіл табысады. Үнемі сабырлық танытып, болмашы дүниелерге бола алаңдамауды жөн көреді. Ешкімге дауыс көтермейді. Нағыз мейірімді жанның образы. Осы қабілеті үшін оған «Жылдың үздік актері» аталымын беруге болар ма еді? Ол нағыз мамандардың үлесіндегі дүние.

ХХІ ғасырда кез келген жанрдағы сапалы фильмді табуға болады. Бірақ олар бізге, бізден кейінгі ұрпаққа қандай тәрбие беруде? Осы орайда «Хатико» фильмі жасы үлкеннің де, кішінің де көңілінен шығып, адам баласын тек ізгі қасиеттерге тәрбиелейтін фильм деп атасақ болады. Ешбір жүлдеге ие болмаса да, жыл үздігі деген атқа лайық. Аниме түрін түсірсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Сөз соңында фильмдегі мағыналы цитаталарды назарларыңызға ұсынамыз:

Ол саған доп алып келсе, оның маңызды себебі болғаны.

Ол мені адалдықты бағалауға, сүйген жандарымды жадымда ұстауға үйретті.

Арада бір жыл өтіп кетті ме? Кейде ояна салысымен жан досым Паркер туралы ойлай бастаймын. Хачи, Паркер қайтып келмейді. Бірақ Хачико күткісі келсе, оның күткені жөн. Сен мұны қалайсың ғой?

Музыкада жазуға келмейтін дүние бар. Өмірдегіні, жүректегіні жазу мүмкін емес. Кей сәтті сезініп те үлгермейміз.

Өмірде ешнәрсе де мәңгілік емес.

Оны өмір бойы күтсем де, қайтып келмей ме?

Сегіз санының ерекше құдіреті бар. Жартысы аспанға, екінші бөлігі жерге тартылып тұрады.

Мен көшеде жүрген кезімде, жаратқаннан хаттар алдым. Әрқайсысында оның қолтаңбасы бар.

Думан құрса құс біткен жиылып ап,

Үндемейді, монтиған бұйығы бақ.

Қиын, қиын өмірде күтіп өту,

Ал күтпеу ше?! Одан да қинырақ, - демекші тағдырға күтуді жазбасын. Жазса да, сағынышымызды басатын сәтке жеткізсін.

Құрметті оқушылар, жазғы демалыстарыңыз қызықты өтсін!

Өлең жолдары Есенғали Раушановтікі 

Қ. Бүйенбай