Ораза-2024: қалалар бойынша кесте жарияланды

Ораза-2024: қалалар бойынша кесте жарияланды
Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Қасиетті айлардың бірі әрі бірегейі - Рамазан айы. Биыл оның ұзақтығы - 30 күн. Рамазан айының ерекшелігі сол – мүміндер бұл кезде бір ай бойы ораза ұстайды. Рамазан – мейірімділіктің, қайырымдылықтың, сабырлықтың, кешірімділіктің, тақуалықтың және нәпсіні тәрбиелеу, өз-өзіңе есеп беру айы. Осымен қатар, Рамазан Құран айы, тақуалық пен тәрбие айы ретінде байыпталады. Рамазан – айлардың сұлтаны, күнәлардың кешірілетін, мың айдан да қайырлы Қадір түні бар шоқтығы биік ай, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ораза қашан басталып, қашан аяқталады?

Мұсылман күнтізбесі ай күнтізбесіне негізделген, сондықтан жыл сайын Рамазан айының басталу және аяқталу күндері өзгереді. Ортақ пәтуаға сәйкес, қасиетті Рамазан айы 11 наурызда басталады. Ал сәуір айының 5-нен 6-на қараған түн – қасиетті Қадір түні. 10 сәуір – Ораза айт мерекесі.

Уақыт белдеуінің ауысуына байланысты Ораза кестесіне өзгеріс енгізілді. 

Қазақстанның қалалары бойынша Ораза кестесі

Астана Ораза кестесі

Астанадағы Ораза кестесі

 Алматы Ораза кестесі

Алматыдағы Ораза кестесі

Шымкент Ораза кестесі

Шымкенттегі Ораза кестесі

Семей Ораза кестесі

Семейдегі Ораза кестесі

Көкшетау Ораза кестесі

Көкшетаудағы Ораза кестесі

 Ақтөбе Ораза кестесі 

Ақтөбедегі Ораза кестесі

Қонаев Ораза кестесі

Қонаевтағы Ораза кестесі

Атырау Ораза кестесі

Атыраудағы Ораза кестесі

Өскемен Ораза кестесі

Өскемендегі Ораза кестесі

Тараз Ораза кестесі

Тараздағы Ораза кестесі

Талдықорған Ораза кестесі

Орал Ораза кестесі 

Оралдағы Ораза кестесі

Қарағанды Ораза кестесі

Қарағандыдағы Ораза кестесі

Қостанай Ораза кестесі

Қостанайдағы Ораза кестесі

Қызылорда Ораза кестесі

Қызылордадағы Ораза кестесі

Ақтау Ораза кестесі

Ақтаудағы Ораза кестесі

Павлодар Ораза кестесі

Павлодардағы Ораза кестесі

Петропавл Ораза кестесі

Түркістан Ораза кестесі

Жезқазған Ораза кестесі

Жезқазғандағы Ораза кестесі

Басқа қалалар мен елді мекендердің өзгертілшен кестесін ҚМДБ ресми сайтынан жүктеп ала аласыздар. 

Ораза кезіндегі амалдар

Рамазан айында мұсылмандар мүмкіндігінше сауапты істер жасап, садақа таратып, Құран оқып, Алла Тағаланы еске алып, қонақ шақырып, мүміндерді зиярат етіп, жамағатпен намаз оқулары керек.

Ораза ұстағандар кешке ауыз ашады, содан таңғы ауыз бекіткенге дейін тамақ ішуіне болады. Рамазан айында жұмыс істеуге тыйым салынбайды, бірақ мұсылман елдерінде бұл кезеңде іскерлік белсенділік әдетте төмендейді.

Кімге Ораза ұстамауға болады?

Рамазан айында ораза ұстау барша мұсылмандарға парыз және Исламның тіректерінің бірі. Дегенмен, денсаулық жағдайына байланысты оны орындай алмайтын бірнеше санаттағы адамдар бар. Ең алдымен бұлар:

• балалар,

• жүкті және бала емізетін әйелдер,

• жағдайы нашарлауы мүмкін қарттар мен науқастар,

• жолда немесе үйден 100 шақырымнан астам қашықтықта жүрген саяхатшылар,

• босанғаннан кейінгі кезеңде әйелдер. 

Пітір садақа деген не және оның мөлшері қандай?

Пітір - оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа. Биыл пітір мөлшері 640 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. 

Ауызды не үшін құрмамен ашады?

Нутрициолог Лаура Сейітбек оразада ауызды құрмамен ашудың сырын айтқан еді. Маманның айтуынша, құрманың құрамында қант мөлшері көп болғандықтан, ол аузы берік адамның әлсірегенін басып, қуаттандырады. Құрмада калий мөлшері өте көп. Ол жүректің қалыпты жұмыс істеуіне пайдалы. Бұл жүрек аурулары мен талмасының алдын алады. Бауырды токсиндерден тазалауға көмектеседі. Сондай-ақ, цирроздың алдын алады. Бауыр фиброзы белгілерін жеңілдетеді. Аш қарынға желінсе, ішек пен бауырдағы құрттарды өлтіреді.

Ауыз аштыру және сауап

Имамдардың айтуынша, Рамазан айында ораза ұстаған адамның аузын аштырсаңыз, оның 4 түрлі сауабы болады. 

Хадистерде ауыз аштырудың 4 түрлі сауабы бары айтылған. Олар: 

1.      Ораза ұстаушының сауабы беріледі. 

2.      Күнәлары кешіріледі.

3.      Рамазан айы бойына періштелер ауыз аштырған кісіге Алладан жарылқау тілеп тұрады.

4.      Тозақ отынан азат болады.

Осы орайда ауыз ашар беруге шамасы келмейтін немесе уақыты тығыз болып, уақыт таба алмаған кісілер ораза ұстаған кісіге бір түйір құрмамен болса да немесе бір жұтым сумен болса да ауыз аштырса, оларға да бұл аталмыш жақсылықтардың берілері сөзсіз. Осыдан да Рамазан айының қаншалықты берекелі ай екендігін ұғынуға болады. 

Ораза ұстамағандарға ауызашарға баруға бола ма?

Кей адамдардың ойынша, ораза кезінде ауыз бекітпеген адамның ауызашарға баруына болмайды. Ол жерден дәм татқан адамның асы арам болады деген де пікірлер кездеседі. Бұл қаншалық дұрыс? Бұл сұраққа Әзірет Сұлтан мешітінің имамы Бағдат Ахмедалиұлы жауап берді

"Ораза ұстамаған адам ауызашарға келіп, дәм татса, оның жеген асы арам болады деген сөздің ешқандай қисыны жоқ. Керісінше, біз бұл нәрсені тереңінен ойлап қарауымыз керек. Биылғы оразада бір кісінің ауызашарында ораза ұстамаған бір кісі келіп, сол жерде ораза ұстаған адамдармен отырып, жақсы, діни әңгімелерді естісе, оразаны ұстау керек екенін, Алла тағала тарапынан парыз екендігін естіп сол жерде өзіне рухани азық алса, ол мұсылман бауырымыздың келесі жылғы Рамазанда ораза ұстамасына кім кепіл", - деді ол.

Ауыз ашқаннан кейін темекі шегуге бола ма?

"Күндіз ауыз берік кезде темекі шегу - оразаны бұзады, әріберіден соң, шеккен адамның ішкі құмарлығын қанағаттандырушы ерекшелігіне қарап, Ханафи ғалымдары "кәффарат өтеуді керек етеді" деген. Ауыз ашқаннан кейін тартқан жағдайда, күндіз ұстаған оразаңыз бұзылмайды, қаза немесе кәффарат керек емес. Алайда ауыз ашқаннан кейін болса да, темекі тартқаны үшін оразаның сауабы кемуі мүмкін екенін ескерген жөн. Өйткені темекі дінімізде тыйым салынған. Оның харамдығы жөнінде ғалымдар арасында талас жоқ", - деді Islam.kz сарапшылары.

Кәффәрат деген не?

"Рамазан айында күндізгі уақытта әдейілеп өзінің әйелімен төсек қатынасын жасаса немесе әдейілеп тамақ ішсе, су ішсе, дәрі ішсе, тіпті, бұршақты жұтып қоятын болса, оның оразасы бұзылады. Соны оның қазасымен қоса, кәффаратын өтейді. Енді кәффарат дегеніміз – бір құлды азат ету, оған шамасы келмесе, 2 ай арасын үзбей ораза ұстау, оған шамасы келмесе, 60 міскінді тойдыру", - дейді мамандар. 

Күйеуі рұқсат бермесе, әйелі ораза ұстай алмай ма?

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы бұл сұраққа жауап берді. 

"Әйел адам күйеуіне бойсұнуға міндетті. Сол сияқты балалар да өзінің ата-анасын құрметтеуге, бойсұнуға шариғатымызда бұйырылған. Енді оразаның өзі парыз, нәпіл (қосымша) болып бөлінеді. Нәпіл оразаны әйел адам негізі күйеуінің рұқсатымен ұстау керек. Яғни, күйеуінен рұқсат сұрап барып, кейін ұстау керек", - дейді ол. 

Оразаны арықтау үшін ұстауға бола ма?

"Оразаны тек арықтау үшін немесе денсаулығым жақсарсын деп, яки көппен бірге ұстау дұрыс емес. Әуелі ниетті түзеп, бір Алланың ризалығы және парыз болғандығы үшін ұстайды. Сонда Алланың разылығын да алады, денсаулығына да оң әсері тиеді. Кез-келген құлшылықтың қабыл болуы ниетке байланысты. Себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисте: "Амалдардың барлығы ниетке байланысты", – деген. Олай болса, біздің Рамазан айында жасаған құлшылықтарымыз да ниетімізге байланысты мың құлшылыққа пара-пар болмақ. Кім қандай ғибадат жасаса да, оны шын ықыласпен орындауы тиіс. Әйтпесе, жасаған құлшылықтан еш пайда болмайды", - деп жауап берген Muslim.kz сарапшылары.

Арақ ішкен адам 40 күнге дейін ораза ұстай алмай ма?

"Жалпы хадисте арақ ішкен адамның 40 күнге дейін намазы қабыл болмайды делінген. Тағы бір аятта Пайғамбарымыз арақ ішуге байланысты былай дейді: арақ ішкен адамның 40 күн намазы қабыл болмайды. Егер ол одан кейін тәубе ететін болса, Алла оның тәубесін қабыл етеді. Енді ораза да дәл сол секілді. Яғни, рамазан айы басталмай жатып, бір-екі күн бұрын арақ ішіп қоятын болса, ол соңынан тәубе етсе, оның оразасы дұрыс болады әрі сауабы да беріледі. Себебі бұл жерде сауабының болуы/болмауы оның тәубе етуіне байланысты. Сондықтан егер тәубе етіп, оразасын бастап жатқан болса, оразасы да дұрыс болады, оның сауабы да мол болады. Егер тәубе етпейтін болса, оразасы мойнынан түседі, бірақ сауабы болмай қалуы мүмкін", - деді маман.

Оразада ауыздан шығатын жағымсыз иістен қалай арылуға болады?

Адам күні бойы аш жүргеннен кейін ауыз қуысында сілекей бөлінбейді. Сондықтан ауыз құрғап, жағымсыз иіс шыға бастайды.

1. Тісті күніне 2 рет жуу;

2. Мисуак қолдану;

3. Суды көбірек ішу;

4. Жеміс-жидектерді көбірек жеу;

5. Жағымсыз иіс шығаратын тағамдардан аулақ болу;

6. Темекіден бас тарту. 

Ал арнайы спрейлер шашуға бола ма?

"Оразада аузы берік кезде ауыз қуысындағы жағымсыз иісті кетіретін спрей қолдану мәкруһ болады. Бұл дегеніміз, аса қажетті кездерде болмаса, оразада қолданбаған абзал дегенді білдірмек. Өйткені ауызға шашылған заттың жұтылып кету қаупі басым, шашылған зат жұтылса оразаны бұзады, бір күн қазасын өтеу керек болады. Сондықтан да, маңызды кездесулерге барғанда немесе маңызды келіссөздерге барғанда аузындағы жағымсыз иістен ыңғайсызданған мұсылман аз мөлшерде ғана сеуіп, бірақ жұтпай түкіріп тастаса, оразасы бұзылмайды дейтін дін мамандары бар. Дегенмен, себілген заттың жұтылып кету қауіпі басым болғандықтан мүмкіндігінше қолданбағаны абзалырақ", - деді Islam.kz сарапшылары.

Ораза кезінде система салдыруға бола ма?

"Қазіргі дін ғалымдарының тоқтамы бойынша, емдік сипаттағы дәрілер мен ауруды басатын дәрілерді тамырға екпе арқылы немесе система арқылы салудың оразаға зияны жоқ. Мысалы, инсулин, пенициллин, валтир. Ал бірақ салынатын дәрі денеге қуат берер азық сипатында болса (мысалы, глюкоза) немесе денеге рақаттық берер сипатта болса, ондай дәріні салдырудың оразаға тигізер зияны жөнінде бүгінгі дін ғалымдары екі түрлі болжам білдіреді", - делінген Islam.kz сайтының сұрақ-жауап айдарында.

Жолға шыққан адам қандай жағдайда ораза ұстамаса болады?

Рамазан айында жолаушыға ораза тұтпауға рұқсат етілгенін білеміз. Мұндай жағдайда қандай кеңестер беріледі? 

"90 шақырым қашықтыққа жолға шыққан адам жолаушы болып саналады. Жолаушыға шариғатымызда аузын ашуға рұқсат етіледі. Алла Тағала Құран Кәрімде "кім Рамазан айында ауру немесе жолаушы болса, оның орнын басқа күндері толтырады" деген. Сапарға шыққан адамдар бірінші мынаған мән беру керек. Сапарға шығу үшін жолға таң атпай жатып шығып кету керек. Егер таң атып кететін болса, оған сол күннің оразасын ұстау міндеттеледі. Егер сол тұрғылықты уақытта аузын ашып қойса, онда ол оразасы бұзылып, қазасымен қоса, кәффаратын өтейді. Ал сапарға шыққаннан кейін бұзып қойса, тек қана қазасын өтейді", - дейді мамандар

Ауыр жұмыс істейтін адам ораза ұстамаса бола ма?

"Ауыр жұмыс істейтін адамдар қатты шөлдеп немесе қатты қарны ашып, есінен талып, тіпті өлімге дейін алып баратын жағдайға тап болатын болса, осындай жағдайда ғана оған аузын ашуға рұқсат етіледі. Соңынан сол күннің қазасын ғана өтейді. Ал енді ешбір себепсіз, өзін әлсіретіп, тіпті, ол аузын ашуға дейін алып баратын болса, мұндай жағдайда ешқандай зәрулік жағдай орын алмағандықтан, оның оразасы бұзылып, сол күннің қазасымен қоса кәффаратын да өтейді", - деді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлі.

Ораза кезінде төсек қатынасында болып қойса, не істеу керек?

"Бір Рамазанда бірнеше күн, мысалы, әдейі тамақ ішіп қойды, әйеліне жақындап қойған болса, егер ешқандай кәффарат өтемесе, онда оған бір кәффарат жеткілікті. Бір Рамазанға бір кәффарат жеткілікті. Егер мысалы осы Рамазанда әдейі бірнеше рет ашып қойды, одан кейін ешқандай кәффарат өтемеді, тіпті, келесі жылдың Рамазанына келіп қалса, сол Рамазанның ішінде де кейбір күндерін солай әдейі ашып қоятын болса, онда әр Рамазанға жеке-жеке кәффараттан өтейді", - деді маман.

Оразадан дұрыс шығу жолдары

Превентив дәрігер Нұрғожаева Назира  оразадан дұрыс шығудың мынадай жолдарын ұсынды:

  • Ең алдымен, өте маңызды әрекетіміз - су ішу нормасын қолға алу. 30 күн бойы құрғап қалған ағзамыздың сусыздануын қалыптандыру. Себебі 21 күннен аса су ішпегенге ағзаңыз қалыпты санап, шөлдеу реакциясын сезбеуіңіз мүмкін. Шөлдемесеңіз де күнделікті 1 келі салмақ үлесіне 30 миллилитр су ішіп отырыңыз;
  • Тамақ мөлшерін ақырындап арттыру. Бірден ауыр, майлы, құнарлы тамақтарды жемегеніңіз дұрыс. Әсіресе, "Айт" дастарханынан тоя жеп ауырсынуға жол беріп жүрмеңіз;
  • Тамақты май, ақуыз, көмірсу тепе-теңдігі үйлестірілген болуы керек;
  • Базалық дәрумендер қабылдаңыз. Иммунитетіңіз біршама әлсірегендіктен, ағзаға қолдау білдіру маңызды. С, Д3, цинк дәрумендерін қабылдасаңыз болады;
  • Оразадан кейін асқынуды болдырмас үшін дұрыс тамақтануды қолға алып, ағзаны қосымша 2-кезеңді тазарудан өткізіңіз. Сол кезде ағзада 100% тазару жүріп, денсаулығыңызда оң өзгерістер жылдам көрініс береді. Көп жағдайда оразадан кейін созылмалы сырқаттар асқынып кетіп жататынын ескеріңіз.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек