Ораза 2023. Ауыр жұмыс істейтін адам ораза ұстамаса бола ма?

Ораза 2023. Ауыр жұмыс істейтін адам ораза ұстамаса бола ма?
Фото: ru.freepik.com

"Жауабы бар" хабарында ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлі оразаға қатысты ең өзекті сауалдарға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазақстанда әртүрлі кәсіпте жұмыс істейтін адамдар бар. Солардың бірі - ауыр жұмыс істейтін адамдар. Оларға ораза ұстамаса бола ма?

"Ауыр жұмыс істейтін адамдар қатты шөлдеп немесе қатты қарны ашып, есінен талып, тіпті өлімге дейін алып баратын жағдайға тап болатын болса, осындай жағдайда ғана оған аузын ашуға рұқсат етіледі. Соңынан сол күннің қазасын ғана өтейді. Ал енді ешбір себепсіз, өзін әлсіретіп, тіпті, ол аузын ашуға дейін алып баратын болса, мұндай жағдайда ешқандай зәрулік жағдай орын алмағандықтан, оның оразасы бұзылып, сол күннің қазасымен қоса кәффаратын да өтейді", - деді Бауыржан Әбдуәлі.

Маман ауыр жұмыс істейтіндерге еңбек демалысын алдын ала рамазан айына жоспарлауға кеңес берді.

"Адамдардың "мен ауыр жұмыс істеймін, мен бәрбір аузымды ашып қоямын, одан да ораза ұстамай-ақ қояйын" деп ойлауы дұрыс емес. Міндетті түрде ұстау керек. Аузын бекіту керек. Одан кейін жаңағыдай басы айналып немесе қарны ашып, өлімге дейін барып жатқан болса, сол кезде ғана ашуға рұқсат. Оған дейін рұқсат жоқ. Енді сондықтан да мұндай ауыр жұмыс істейтін адамдар негізі жаңағы еңбек демалысын алдын ала осы рамазан айына жоспарлап алса болады. Немесе мүмкіндік болса, жұмыстарын кішкене қысқартып, қиындатпай, ораза ұстауға әрекет еткен дұрыс", - деді Бауыржан Әбдуәлі.

Биыл Ораза 23 наурызда басталды. Ораза 2023 кестесін мына жерден көре аласыздар.

Еске салайық, бұған дейін биылғы пітір садақа мөлшері белгіленгені хабарланған болатын. Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен ораза айт намазына дейін беруге болады.

А. Жапатова