Ораза 2023. Арақ ішкен адам 40 күнге дейін ораза ұстай алмай ма?

Ораза 2023. Арақ ішкен адам 40 күнге дейін ораза ұстай алмай ма?
Фото: ru.freepik.com

"Жауабы бар" хабарында ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлі оразаға қатысты ең өзекті сауалдарға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Арақ ішкен адам 40 күнге дейін ораза ұстай алмай ма? Рамазан айы басталарда адам арақ ішіп қойса, оның оразасы дұрыс бола ма және сауабы бола ма? Маман бұл жерде сауабының болуы немесе болмауы оның тәубе етуіне байланысты екенін ескертті.

"Жалпы хадисте арақ ішкен адамның 40 күнге дейін намазы қабыл болмайды делінген. Тағы бір аятта Пайғамбарымыз арақ ішуге байланысты былай дейді: арақ ішкен адамның 40 күн намазы қабыл болмайды. Егер ол одан кейін тәубе ететін болса, Алла оның тәубесін қабыл етеді. Екінші рет ішетін болса, тағы 40 күн намазы қабыл болмайды. Одан кейін тәубе етсе, Алла тағала тәубесін қабыл етеді. Үшінші рет те солай. Төртінші рет егер тағы солай арақ ішетін болса, оның 40 күн намазы қабыл болмайды. Егер тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етпейді дейді. Оны тозақтағы бір тозақтықтардың іріңінен жиналған сусыннан сусындандырады дейді. Енді осы жерде Имам Науауи "намазы қабыл болмайды" деген сөзді "намазы мойнынан түседі, бірақ сауабы болмайды" деп түсіндірген.

Енді ораза да дәл сол секілді. Яғни, рамазан айы басталмай жатып, бір-екі күн бұрын арақ ішіп қоятын болса, ол соңынан тәубе етсе, оның оразасы дұрыс болады әрі сауабы да беріледі. Себебі бұл жерде сауабының болуы/болмауы оның тәубе етуіне байланысты. Сондықтан егер тәубе етіп, оразасын бастап жатқан болса, оразасы да дұрыс болады, оның сауабы да мол болады. Егер тәубе етпейтін болса, оразасы мойнынан түседі, бірақ сауабы болмай қалуы мүмкін", - деді маман.

Биыл Ораза 23 наурызда басталды. Ораза 2023 кестесін мына жерден көре аласыздар.

Еске салайық, бұған дейін биылғы пітір садақа мөлшері белгіленгені хабарланған болатын. Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен ораза айт намазына дейін беруге болады.

А. Жапатова