Ораза кезінде төсек қатынасында болып қойса, не істеу керек?

Ораза кезінде төсек қатынасында болып қойса, не істеу керек?
Фото: ru.freepik.com

"Жауабы бар" хабарында ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлі оразаға қатысты ең өзекті сауалдарға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ораза кезінде әйелімен әдейілеп төсек қатынасында болып қойса немесе тамақ ішіп қойса, кәффарат өтеу керек болады. 

Кәффарат деген не?

"Рамазан айында күндізгі уақытта әдейілеп өзінің әйелімен төсек қатынасын жасаса немесе әдейілеп тамақ ішсе, су ішсе, дәрі ішсе, тіпті, бұршақты жұтып қоятын болса, оның оразасы бұзылады. Соны оның қазасымен қоса, кәффаратын өтейді. Енді кәффарат дегеніміз – бір құлды азат ету, оған шамасы келмесе, 2 ай арасын үзбей ораза ұстау, оған шамасы келмесе, 60 міскінді тойдыру.

Енді бұған байланысты Пайғамбарымыздың хадисінде бір кісі күндізгі уақытта әйеліне жақындап қояды, сонда Пайғамбарымыздан осының пәтуасын сұрағанда Пайғамбарымыз бір құл азат ет деді. Оған шамам жоқ дейді, сонда Пайғамбарымыз екі ай ораза ұста деді. Оған да шамам жоқ дегенде, 60 міскінді тойдыр деді.

Енді әдейі тамақ ішіп қойғанға байланысты хаятта Пайғамбарымыз Рамазан айында күндізгі уақыт әдейі тамақ ішіп қойған адамға бір құл азат етуді немесе 2 ай ораза ұстауды немесе 60 міскінді тойдыруды әмір етті деп келеді", - деп түсіндірді маман.

Бір Рамазанда бірнеше рет тамақ ішіп қойса немесе әйелімен жақындасса, қанша кәффарат өтейді?

"Бір Рамазанда бірнеше күн, мысалы, әдейі тамақ ішіп қойды, әйеліне жақындап қойған болса, егер ешқандай кәффарат өтемесе, онда оған бір кәффарат жеткілікті. Бір Рамазанға бір кәффарат жеткілікті. Егер мысалы осы Рамазанда әдейі бірнеше рет ашып қойды, одан кейін ешқандай кәффарат өтемеді, тіпті, келесі жылдың Рамазанына келіп қалса, сол Рамазанның ішінде де кейбір күндерін солай әдейі ашып қоятын болса, онда әр Рамазанға жеке-жеке кәффараттан өтейді", - деді маман.

Еске салайық, биыл Ораза 23 наурызда басталды. Ораза 2023 кестесін мына жерден көре аласыздар.

Еске салайық, бұған дейін биылғы пітір садақа мөлшері белгіленгені хабарланған болатын. Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен ораза айт намазына дейін беруге болады.

А. Жапатова