Төреғали Төреәлі есірткіге мас болып ұсталған (видео)

Әлеуметтік желіде әнші Төреғали Төреәлі Алматыдағы көшелердің бірінде ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Полиция осы дерекке қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматы қалалық Полиция департаменті 14 маусымда Майлин көшесінің бойында, солтүстік бағытта, жергілікті полиция қызметінің мамандандырылған батальонының экипажы 1992 жылы туған А. есімді азаматтың басқаруындағы Lexus автокөлігін тоқтатқан.

"Жүргізушінің мінез-құлқы өрескел болып көрінді: ол агрессив болды, полицияның заңды талаптарына бағынбады, тұрақта тұрған Chevrolet көлігіне зақым келтіріп, ұсталған орнынан қашып кетпек болды.

Құқықбұзушының жолы бұғатталды. Патрульдік полиция қызметкерлері оны ұстап, медициналық тексеріске алып барды. Сараптама нәтижесінде А. есімді азаматтың есірткіге мас екендігі белгілі болды", - делінген полиция хабарламасында.

Ведомство мәліметінше, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 3-бөлігі, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 613-бабы 1-бөлігі, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 599-бабы 1-бөлігі, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 596-бабы 3-бөлігі, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 600-бабы 1-бөлігі және ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 230-бабы 2-бөлігі бойынша хаттамалар толтырылған.

Көлік мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды. Өндіріс материалдары шешім шығару үшін сотқа жіберілетіні хабарланды.

Айта кетейік, Алматыда танымал әнші Төреғали Төреәлі ұсталған видео тарады. 

Еске салайық, бұған дейін TikTok-та әнші Төреғали Төреәлі белгісіз ер адамды ұрып тастаған делінген видео тарағаны хабарланған болатын. Кейінірек Алматы облысы Полиция департаменті бастығының тергеу бойынша орынбасары Рустам Әбдірахманов бұл іске қатысты пікір білдірген еді. Cонымен қатар, әнші уақытша ұстау изоляторына қамауға алынғаны белгілі болды.

Кейін әншінің өзі де жанжал неден шыққанын түсіндірген. Оның айтуынша, жаңа клиптің түсірілімі барысында жанжал шыққан. Жәбірленуші олардан көзін алмай, жұмысына кедергі келтірген. Нәтижесінде жанжал соңы әнші тарапынан төбелеске ұласқан. Ал кейін Төреғали Төреәлі соққыға жыққан жігітпен татуласқаны белгілі болды. Сонымен қатар, іс тоқтатылды.

"Төреғали Төреәліге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 1-бөлігі негізінде тіркелген қылмыстық іс бойынша тараптар татуласқанын хабарлаймыз. Нәтижесінде қылмыстық іске қатысты тергеу тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылады", - делінген Полиция департаменті хабарламасында.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!