- Негізгі бет
- Тарих
- АҚШ доллары туралы...
АҚШ доллары туралы қызықты деректер
АҚШ доллары — әлемдегі ең көп сұранысқа ие валюта. Оның кең таралғандығы соншалық, кез келген адам бір көргеннен-ақ жазбай таниды. Ал оның тарихы, әлемдік нарықтағы ықпалы туралы көбіміз біле бермейміз. Мысалы, АҚШ доллары банкнотасының көлемі оның номиналына байланысты өзгермейді. Кез келген номиналды дайындауға орташа есеппен 5,7 цент жұмсалады.
1. АҚШ доллары тек АҚШ-та ғана ұлттық валюта емес
АҚШ-тың ұлттық валютасы Сальвадор, Шығыс Тимор, Эквадор, Зимбабве және Маршалл аралдары сынды елдерде де ресми қолданылатын ақша бірлігі. Сонымен қатар, Гуам, Палау және Пуэрто-Рико елдері де АҚШ ақша бірлігін өзінің ұлттық валютасы етіп алу үшін келіссөздер жүргізіп жатыр.
Әлемнің барлық дерлік елінің нарығында АҚШ доллары қолданылады. Дегенмен өзге елдер оны амалсыздан өз нарығына енгізіп отыр. Себебі АҚШ доллары дамыған елдерде халықаралық валюта деп қабылданған. АҚШ валютасын ресми мойындағысы келмегендер де экономикалық нарықтың әсерінен доллармен саудаласуға мәжбүр.
2. «Бакс» жаргон сөзі қайдан шыққан?
Ағылшын тілінде «buck» сөзі «бұғының терісі» мағынасын береді. Бұғының терісі Американың байырғы тұрғындары үндістердің ең басты сауда бірлігі болған. Олар теріні айырбастау арқылы сауда жасаған. Өзге деректерде bucks сөзін көне грек мифологиясындағы шарап дайындау құдайы Бахустың атынан шыққаны келтіріледі.
3. Долларды басып шығару стандарты 1929 жылдан бері өзгермеген
АҚШ доллары номиналдарының дизайны 1929 жылы бекітілген. Сол кезде ақшаның алдыңғы бетінде президент портреті, ал артқы жағында тарихи ескерткіштер орналасуы тиіс деп белгіленеді. Доллар бетіне әйел портреті тек бір рет қана түскен. Нақтылап өтсек, 1886 жылы басылған 1 долларлық банкнотаға Марта Вашингтонның портреті қойылады.
4. Ең үлкен номинал – $100 000
100 000 долларлық банкноталар 1969 жылға дейін қолданылған. Президент Ричард Никсон ақшаның құнсыздануын болдырмау үшін 100 долларлықтан үлкен сомадағы ақша бірлігін баспауға қаулы шығарады. Ал сол жылға дейін басып шығарылған $100 000 банкноталарды Федералды қаржы жүйесінде ауыстырып алуға мүмкіндік берілді.
5. «Доллар» сөзі неміс тілінен енген
Голланд саяхатшылары немістің «талер» деп аталған валютасын қолданатын болған. Олар оны Шотландияға жеткізеді. 1567-1571 жылдары Шотландия территориясында негізгі валюта қызметін атқарған ақша атауы «доллар» деп өзгереді. Қазіргі Нью-Йорк қаласын XVII ғасырда отарлаған голландтар талерді нарыққа енгізеді. Ал 1794 жылы «доллар» тәуелсіз мемлекеттің ресми валютасы болып бекітіледі. Ақша атауын Томас Джефферсон ұсынады.
Ж. Өрісбай