- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Куба – дәрігерлері...
Куба – дәрігерлері мен бишілері көп ел
Кариб теңізінде орналасқан Куба көпшілік қауымға Бостандық аралы деген аңыз атпен кең таралған. Бұл ел туристер қауымын қайталанбас сұлулығымен, өмірге құштар адамдарымен, ыңғайлы климатымен, таңғажайып жағалауларымен баурап алып жүр. Куба – жылдың кез келген маусымында баруға болатын туристік аймақ.
Бүгін әлем елдерін таныту мақсатындағы жобамызды жалғастыра отырып, Куба және оның халқы туралы қызықты мәліметтермен таныстырғымыз келеді.
1959 жылдан бері Кубаның бейресми атауы Бостандық аралы болып келеді. Кубаның аты саяхатшы Христофор Колумбтың есімімен тығыз байланысты. Ол 1492 жылдың 12 қазанында алғаш рет осы жерге аяқ басқан. Сол уақыттан 1898 жылға дейін арал Испания Әмірлігіне тиесілі болып келді. Яғни, осы жылы мемлекет өз тәуелсіздігін алды. Мемлекеттің ең үлкен қаласы әрі астанасы Гавана болып табылады. Қаланың негізін 1519-1521 жылдары испандық конкистадор Д. Веласкес қалаған екен. Кубадағы үлкен-кіші аралдардың барлық саны – 4000. Елдің жалпы алып жатқан аймағы – 111 мың шаршы шақырым, батыстан шығысқа қарай 1250 шақырымға созылып жатыр. Халқының тығыздығы – шаршы шақырымға 102 адам. Әйелдердің саны шамамен 5, 58 млн, еркектердің саны 5, 60 млн.
Куба – Кариб бассейніндегі халқы ең тығыз орналасқан мемлекет саналады.
Кубадағы ең ұзын өзен – Кауто. Оның ұзындығы 370 шақырымға жетеді. Сондай-ақ, ең үлкен нүктесінің Пико Туркина ( 2005 метр) екендігін де айта кетейік.
Кубада адам баласына өлім қаупін төндіретін өсімдік те, жануар да жоқ. Алайда, Бостандық аралының ішкі суқоймаларынан кубиндік қолтырауындарды ұшырастыруға болады.
Бостандық аралында өмірінің көп бөлігін өткізген америкалық жазушы Эрнест Хемингуэй Кубаны "Жердегі жұмақ" деп атаған екен.
Куба әлемде жер көлемі жөнінен 104-орында тұр.
Кубада әлемдегі ең кішкентай құс колибри өмір сүреді. Оның салмағы – 1,6 грамм ғана.
Мемлекеттің ресми тілі – испан тілі. Тұрғындардың басым бөлігі ағылшын тілінде сөйлей алады. Ұлттық валютасы – песо. Сенімдері – христиан діні (католицизм).
Кубаның туын 1850 жылы Испаниядан тәуелсіздікті талап еткен көтерілісшілер ойлап тапқан. Үш бірдей көк жолақ аралдың бөлшектелуін көрсетсе, ақ түс бостандықты нышандайды. Ұқыпты орналасқан үшбұрыш Кубаның бостандығы, теңдігі, бауырластығы үшін қойылған. Ал қызыл түс тәуелсіздік үшін төгілген қанды кезеңді нышандайды.
Кубаның экономикасы социалистік тәртіппен басқарылады. Өндірістің басым бөлігін де үкімет басқарады, адамдар мемлекетке жұмыс істейді.
Кубада жеткілікті дәрежеде мұнай бар. Бірақ, байлық сәтсіз жерде (Варадеро жағалауының туристік аймағы) орналасқандықтан, өңдеу жұмыстары жүргізілмейді.
Өндірістің негізгі салалары: мұнай, табак, никель, цемент, болат, ауыл шаруашылығы техникасы, фармацевтикалық өнімдер, қант т.б.
Әйелдердің саны шамамен 5, 58 млн, еркектердің саны 5, 60 млн.
Кубадағы ғаламтор өте қолжетімсіз. Ғаламтор қостыру үшін мемлекеттің арнайы рұқсаты керек. Рұқсат болмаған жағдайда 5 жыл түрмеге қамалуыңыз мүмкін.
Міне қызық, елдегі дәрігерлер саны жөнінен әлемдегі бірінші орынды алады екен. Медицина қызметкерлерінің көптігі соншалықты, оларды маман жетіспейтін басқа елдерге жіберіп отырады.
Кубаның көрікті жерлерін тамашалауға шетелден жыл сайын 2 млн. адам келеді. Олардың көпшілігі Канада мен Еуропадан келетін көрінеді.
Куба өзінің сапалы темекісімен және кофесімен мақтана алады. Өзге елдер де Кубаның осы екі өніміне жоғары баға береді. Сондай-ақ, Кубадан шығатын қант дымқылдылығымен, ашыған иісімен ерекшеленеді.
Кубада әлі күнге дейін «Libreta» деп аталатын карточка жүйесі сақталған. Яғни, тұрғындар карточка арқылы күріш, май, құрғақ сүт, бадана сынды тағамдарды қолжетімді бағаға ала алады. Мемлекет 6 жасқа дейінгі балаларға тегін сүт береді. Егер, балаңыз жоқ болса, сүтті базардан сатып алуға тура келеді. Теңіз өнімдері мен сиыр еті бойынша өз бетінше сауда жасауға да тыйым салынған.
Кубада ыстық су жүйесі жақсы дамымаған. Кубалықтар көбіне суық суға немесе күн көзіне ысытылған суға жуынады. Оларда соңғы уақытқа дейін электр шәйнегіне, тостерға тыйым салынып келді.
Кубалықтардың ең сүйікті әрі дәстүрлі тағамы – «Congri». Тағам күріш пен баданадан дайындалады. Олар мұны аптасына 4-5 рет етпен не етсіз жейді. Жемістер арасында банан кең таралған.
Кубалықтардың ең сүйікті спорты – бейсбол. Спорт әлемінде кубалық бейсболистер жоғары бағаланады және америкалық командалармен бәсекелеседі.
Әлем халқы кубалық балет мектебін сыйлайды. Ел аузында "Орыс балеті шеберлігімен, француз балеті эмоционалдылығымен, рухани байлығымен баурап алса, кубалық балет екеуін де қамтиды" деген сөз бар.
Билей алу қабілеті өмірге келген әрбір кубалыққа тән. Ырғақты әуенді естіген кез келген тұрғын, мейлі ол жұмыста, далада болсын, еркінен тыс билеп кетеді.
Кубада білім беру жүйесі өте әлсіз десе де болады. Бір кездері мықты маман болған адамдар қазір зейнеткер жасына келген. Мектептерде білімі төмен жоғары сынып оқушылары сабақ береді. Биология, география, химия сынды пәндер "Ciencias naturales" деп аталатын бір пәнге бірігіп кеткен.
Кубада ақысыз білім беру жүйесі ғана бар. Кез келген ЖОО-на тапсыру үшін Куба тарихы, испан тілі және математикадан емтихан тапсырылады.
Кубадағы кез келген медициналық қызмет (тіс дәрігері, гинеколог т.б.) тегін көрсетіледі.
Кубалықтар тазалықты өте қатты ұстанады. Олар күніне екі рет душ қабылдап, парфюмдерді белсенді қолданады.
Кубаның көшелерінен ішімдікке тойған адамдарды көре алмайсыз.
Кубалықтар жаңбырлы күні далада жүруді ұнатпайды. Олар жауынды күндері жұмысқа, мектепке бармайды. Ал ыстық күндері міндетті түрде қолшатыр ұстап жүреді.
Әйелдердің ең сүйікті киімі – джинсы шортылар. Қыздар қысқасын кисе, ересек әйелдер тобықтан келетінін киеді.
Кубалықтар өте ашық, жайдарлы, тез тіл табысқыш келеді. Тұрғындар көңіл-күйі жақсы болса, көшедегі кез келген адаммен танысып, достасып кетеді.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: exotiktravel.com.ua, factroom.ru, slon.ru, my-cuba.ru, vivificar.blogspot.com
Оқи отырыңыз: