- Негізгі бет
- Сырлы әлем
- Кореяға барғың келе...
Кореяға барғың келе ме? (II бөлім)
Оқырмандарымыздың сұранысы бойынша, Корея еліне саяхат жасауды бастаған болатынбыз. Оңтүстік Кореяның ең көрікті әрі бетке ұстар жерлерімен таныс болсаңыз, Солтүстік Кореяға қарай ат басын бұрайық!
Солтүстік Корея – тамыры терең тарихтың қасиетті иісі аңқып, "Суық соғыстың" ізі қалған, сан мыңдаған ғасырлардың куәгері болған, коммунизмнің ең соңғы "қорықтарының" бірі. Таза әрі жинақы астанадан алыстағы ауыл-аймаққа дейін көз тартар көріністі иемденген Солтүстік Корея кез келген заманауи туристің алыстан іздеп келетін мекені. Оңтүстік Кореяға қарағанда, мұнда ұлттық саябақтардың қатары көп.
Елдің астанасы Пхеньян өзгелер үшін үлгі боларлықтай ретпен тұрғызылған. Сіз бұл жерден өзге қалаларға тән шуылды, көздің құртындай болған жарнамаларды, лашықтардағы саудагерлерді, қаптаған кептелісті, саны жоқ велосипедтерді көре алмайсыз. Қала Тэдонган өзенінің жағасына салынған. Осы өзенде 150 метрлік әлемдегі ең ұзын субұрқақ орналасқан.
Астананың ең көрікті орындарының бірі – Чучхе мұнарасы. Ұзындығы 170 метрді құрайтын "ине" Тэдонган өзенінің шығыс жағалауынан орын тепкен.
Тізімімізді Триумфалды Қақпа толықтыра алады. Дәл осы жерде 1945 жылы Ким Ир Сен ұлт тәуелсіздігін жариялаған болатын. Бұл жерде сізге құрылыстың Париждегі ұқсасынан үш метр биік екендігін жиі қайталап айтатын болады.
Ким Ир Сен атындағы стадион (әлемдегі ең үлкен стадиондардың бірі) мен Шолиме Мүсіні (өркендеу мен дамудың нышаны) назар аударуға тұрарлық орындар. Негізінен қалада Ким Ир Сеннің құрметіне құрылған мұражайлар мен ескерткіштер өте көп.
Ертеден келе жатқан Чилсонг және Тидонг атты қос қақпа және Ұлттық әскер басқаратын Мемлекеттік Цирк туристердің соқпай кетпейтін жерлері деуге болады.
Сонымен қатар, метро станциясына да бас сұғуға кеңес берер едік. Ғимарат мұражайдан кем безендірілмеген. Хрустальді аспашамдар, қола мүсіндер, фрескалар, мозаикалар көздің жауын алады.
Хэджу – Пхеньянның оңтүстігінен 130 шақырым алыс жерде жатқан портты қалашық. Сізге бұл жерден жалға қайық алып, шағын аралдар мен Канхваман бұғазында, Сары теңізде еркін серуен құруға болады. Ешбір жерден кездеспейтін ерекше құмдарды зерттеуге қалай қарайсыз?
Сьянгсан тауы (945 м) осы порттан 8 шақырым алыс жатыр. Елдегі демалысқа арналған ең негізгі аймақтардың бірі.
Кувольсан ("Тоғыз айлы тау") тауы Нампхо қаласының аумағында орналасқан. Бұл жерден бірнеше сарқырамаларды, ыстық бұлақтарды, көненің көзі саналатын қорғандар мен Чрсон әулетінен қалған сарайларды көруге болады. Таудың оңтүстігінде Самсонг атты Солтүстік Кореяның жазғы шипажайы бар. Бұл аймақтағы Волъйонгс шіркеуінің Корея тарихында алар орны ерекше.
Кэсон – ұзын көшелерге ие заманауи қала. Қала заманауи үлгіде жабдықталғанымен, тарихи жәдігерлер мен ескерткіштерге өте бай. Дәстүрлі корей ғимараттары жүздеген жылдар бойы өз қалпында сақталып келеді. Осы қалада 1216 жылы салынған Сонджук көпірі әлі күнге дейін халыққа қызмет етіп тұр.
"Негізгі ақ басты тау" деген мағынаны білдіретін Пэктусан жанартауы мен "аспан өзені" аталып кеткен Чонджи өзенінің табиғаты сізді таң-тамаша қылдырады.
Пэктусан әрбір корей үшін аса қасиетті мекен. Олардың айтуынша, дәл осы жерде алғаш рет корей патшалығы құрылған. Кезінде Ким Ир Сен осы аумаққа өзінің бас штабын ұйымдастырған көрінеді. Пэктусан мемлекет қорғауына алынған.
Суреттер:rutraveller.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева