"Күншығыс елі" шақырады!

"Күншығыс елі" шақырады!

Достар! Әлемнің ең үздік елдеріне жасаған виртуалды саяхатымызды одан әрмен жалғастыратын боламыз. Бүгін сіздерді Жапонияға саяхат жасауға шақырғым келеді.

Өзінше бай мұрасы бар заманауи ел Жапония бірнеше жылдардан бері туристердің арасында танымал болып келеді. Елге жасалатын саяхат ғаламшарымыздағы ең қымбат бағыт болғанымен, алыстан арбалап келетіндердің саны ешқашан төмендеген емес.

Жапония – Шығыс Азиядағы аралды мемлекет. Оның құрамындағы ең негізгі төрт арал: Хоккайдо, Хонсю, Сикоку, Кюсю, бұдан басқа 4000 ұсақ арал бар. Жапония аймағы 47 префектруаға бөлінеді, оның әрбірінің жеке астанасы бар. Жапонияның төрттен үш бөлігі таулы аймақтар құрайды, адамдар жердің 10%-на ғана шоғырланған, қалған жерді ауылшаруашылығы алып жатыр. Астанасы – Токио.

Жер көлемі –  377,8 мың шаршы шақырым. Халық саны – 127 076 183. Орташа өмір сүру жасы: ерлер – 78.8, әйелдер – 85,62. 

Жапониядағы саяхат сіздің жадыңызға мәңгі естен кетпес естеліктерді қалдырады. Жапонияның Атақты Фудзи тауы, Беппу ыстық бұлақтары, Хиросимадағы атақты мемориал, Джигокудани атты маймылдар саябағы, Киемидзудера ғибадатханасы, Химэдзи сарайы, Токио мұнарасы, Алтын павильон сынды көрікті орындары кез келген саяхатшының талғамын қанағаттандыра алатындығына сенімдіміз. Сондай-ақ, елде өте мықты қалыптасқан дәстүрлер мен технологияның жоғары дамуы бар. Жаңа технологияларға қызығатындардың барлығы дерлік Жапонияға келіп жатады. Бұл сала әсіресе, Роппонги, Акихабара және Синдзюку сынды токиолық аудандарда жақсы дамыған.

Жапонияның басқа да көрікті жерлерін төмендегі видеодан тамашалай аласыздар:

Жапонияны көбіне "Күншығыс елі" деп атап жатады. Жапониялықтардың өздері елдерін «Nippon» немесе «Nihon» деп атауды дұрыс көреді. Бұл сөзді біздің тілімізге аударғанда "Күннің шығуы" деген мағынаны білдіреді.

Жапонияның ұлттық туы "хиномару" деп аталады. Онда ақ фонға қызыл дөңгелек бейнеленген. Бұл қызыл дөңгелек күннің шығуын нышандайды. Мемлекеттік әнұран "кимигае" деп аталады. Бұл "Императордың құдіреті" деген мағынаны береді. Әнұран сөздері ІХ ғасырда жазылған.

Жапонияда жер сілкінісі өте жиі болып тұрады. Орташа есеппен жыл сайын 1500 жер сілкінісі болады.

Жапония аумағында 200-ден астам жанартаулар бар.

Жапондықтардың көпшілігі таңғы, түскі, кешкі асқа күріш жейді.

Жапония қалаларының әрбір бұрышында сауда автоматтары орнатылған, сіз бұл жерден күнделікті керек заттарыңыздың барлығына қол жеткізе аласыз.

Жапонияда жемістер өте қымбат тұрады. Сіз алма мен шабдалының бір данасы үшін 2$ төлейсіз.

Жапондықтар дәнді дақылдар мен майонез қосылған пиццаны сүйіп жейді.

Хайку – жапон поэзиясының жанры, ол 3 қатардан тұрады.

Әрбір жапондық үйге кірер алдында аяқ киімін шешеді. Бұл бірінші кезекте тамақ ішетін кезде отыратын татамидің тазалығы үшін керек.

Жапондықтар тағамды "хаси" деп аталатын таяқтармен жейді.

Жапондықтар біздер секілді азық-түлікті бір айға алып қою дегенді білмейді. Олар етті, балықты, жеміс-жидекті күн сайын сатып алады.

Мисо-сорпа – жапондықтардың ең сүйікті асы. Оны барлық мезгілде жей береді. Тағамның ингредиенттері – соялық бұршақтар, сорпада ерітілген балдырлар.

Көптеген әйелдер 10-15 см биіктіктегі платформаларды киеді.

Жапонияда жергілікті пойыздардан басқа барлық жерде темекі шегуге рұқсат берілген. Пойыздардың өзінде темекі шегуге арналған арнайы орындар бар.

Жапония – жол транспортпен жол жүруде сол жақпен жүреді, алайда, көлік рөлі оң жақта орналасады.

Жапония ауылдарында үйлену тойға, жерлеу рәсіміне шақыру деген ұғым жоқ. Мұндай оқиғалардың барлығы қоғамдық іс саналғандықтан, бүкіл ауыл қол ұшын беріп, атсалысады.

Тамақты сапылдатып, тамсанып ішуді ұнатасыз, бірақ достарыңыздан, отбасыңыздан, әріптестеріңізден ұялатын болсаңыз, Жапонияға барыңыз. Мұнда сұйық тағамды дауыс шығара жемесеңіз, қожайын ұнатпады деп ойлап, ренжіп қалады.

Жапондықтар өте сыпайы халық. Көмек сұрай қалсаңыз, барлық шаруасын тастап, сізге қарай асығады.

Жапондықтар өздерінің тілінде екі ауыз сөз айтқанда адамды қатты құрметтейді. Себебі, олардың сөзін жаттап алу өте қиын.

Жапон тіліндегі ең дөрекі сөздер: "ақымақ" ("бака"), "нақұрыс".

Олар тамақ үстінде ылғи сөйлеп отырады, тағамды мақтайды, кемшілігін айтады. Дастарқан басында oishii (дәмді) сөзін айтпау – әдепсіздікке жатады.

Жапондар дельфин етін жейді. Одан дәмді сорпаларды, кәуаптарды жасайды, ірімшікпен бірге жейді. Жалпы олардағы тамақтану реті өте жақсы қалыптасқан. Артық салмақты адамдардың тым аздығы –  бұл сөзімізді дәлелдей алады.

Жапондықтар өте адал адамдар. Метрода әмияныңызды жоғалта қалсаңыз, 90%-ға жуық адам бөлімшеге әкеліп тапсырады. Жер сілкінісі кезінде де ондай қылмыстар сирек орын алады.

Жапондықтар өте ұялшақ келеді, олар өз сезімдерін жеткізуде қиналады. Көпшілік үшін "Мен сені сүйемін" деп айтудың өзі нағыз батылдық саналады.

Жапон полициясы ешқашан пара алмайды. Егер сіз маңызды қылмыс жасап қойсаңыз, қорғаушысыз 30 күн қамалып отырасыз.

Токио – әлемдегі ең қауіпсіз мегаполис. Қауіпсіздігі соншалықты, алты жасар бала қоғамдық көліктерде жалғыз жүре береді.

Жапондықтар мен ішімдік – үйлеспейтін ұғымдар. Олардың көпшілігі бір стақан ішімдіктен кейін қызара бастайды.

Аға мен қарындастың мүлде сөйлеспеуі немесе бір-бірінің ұялы телефондарын білмеуі – Жапонияда қалыпты жағдай.

Жапондықтар таза халық болғанымен, отбасы мүшелері суды ауыстырмастан бір ваннаға түсе береді. Оның алдында бәрі жеке душ қабылдайды.

Жапондықтар қонаққа шақыру дегенді білмейді. "Бір күні үйге келіп кет" деген шақыруды ести қалсаңыз, жәй сыпайылық үшін айтылды деп ойлай беріңіз.

Жапондықтар – сұмдық еңбекқор халық. Олар 15-18 сағат бойы үзіліссіз жұмыс істей береді.

Жұмысқа дәл уақытында келу – өте ұят қылық. Олар бару керек жерге жарты сағат ерте жетеді.

Жапонияда зейнетақы өте төмен көлемде төленеді. Қарияларға төленетін зейнетақының ең жоғарғысы 300 доллар ғана. Оларда әркім өзінің кәрілігін қамтамасыз ету керек деген ұғым бар.

Жапонияның солтүстік қалаларындағы жаяу жүргінші жолдарында жылытқыштар қойылған, сондықтан ешқашан мұз қатпайды.

Жапонияның көшелерінен қолшатыр салынған сауыттарды (ваза) көре аласыз. Жаңбыр басталғанда оның бірін алып, тоқтағанда жақын жердегі ыдыстың біріне қайта салып кетесіз.

Жапония көшелерінде қоқыс жәшіктері жоқ. Олар барлық қоқысты үйлеріне әкетеді де, төрт түрге сорттайды: әйнектер, мыжылатындар, мыжылмайтындар, өңделетіндер.

Жапония Империя лауазымын сақтап қалған әлемдегі соңғы ел.

Жапонияда транспорт бағасы өте қымбат. Метроға ең арзан билет 140 йен (200 теңге).

Жапонияда қашанда ер адамдарға бірінші қызмет көрсетіледі. Мейрамханада ер адам бірінші тапсырыс береді және оған бірінші әкелінеді. Дүкендерде ең алдымен ер кісімен амандасу керек.

Жапондықтар көбіне үлкен көлемді көліктерді айдайды.

Жедел пойыздарда кондуктор есіктен кіргеннен кейін иіліп сәлем береді, содан кейін барып билет тексереді.

Жапон метросында әйелдерге арналған жеке вагондар бар. Бұл қыздардың қауіпсіздігі үшін жасалған.

Әрбір екінші жапондық суретті жақсы салып, ән айтады. Бала тәрбиесіне келгенде, олар алдымен сурет салу мен ән айтуды, одан кейін барып сөйлеу мен жазуды үйретеді екен.

Жапонияда оқу жылы сәуір айында басталады. Айтпақшы, жапон тілінде ай аттары жоқ, оның орнына реттік сандарды қолданады.

Төмендегі елдер туралы ең қызықты деректерді "Әлемтану" айдарынан оқи аласыз:

Испания

Германия

Америка

Канада

Египет

Корея

 

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vk.com