- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Өркениеттің бесігі...
Өркениеттің бесігі
Египет – тарихқа өзінше бай, қойнауы құпияға толы сұлу ел. Ежелгі Египетті өркениеттің бесігі деп атау дәстүрі қалыптасқан. Бүгінде үш жүз жылдан астам уақыт Нілдің ұлы жағалауында өркендеген мемлекет саяхатсүйер қауымның үлкен сұранысына ие болып отыр. Перғауындардың таңғажайып әлемі мен мәңгі пирамидалардың құшағына сапар шегуді сіздің де армандайтындығыңызға сенімдіміз. Ендеше, танылмаған, ашылмаған әлем туралы қызықты мәліметтер Әлемтаудың бүгінгі жазбасында...
Замануи Египет. Тарихтың иісі аңқып жатқан мекенде бүгінде сонау римдік құлдыраудан бері келе жатқан араб халқы өмір сүреді. Египеттің жалпы халық саны 60 млн. адамды құраса, оның 20 млн-ы ел астанасы Каирда тұрады. Халықтың ең тығыз орналасқан жері – Ніл өзенінің жағалауы.
Египеттің заманауи үлкен қалалары: Каир, Луксор, Александрия, Асуан көне қалалардың орнына орналастырылған. Сондықтан да, аталған қалалардан ежелгі ғибадатханалар мен табыттардың қалдықтарын көре аласыз. Каир көшелерінің автокөлікке толы болатындығы соншалықты, кешқұрым кептеліске тұрып қалмас үшін 20 минут та жүре алмайсыз. Автокөлік маркалары әртүрлі: біз білетін "Волга", "Жигулилерден" бастап, "Мерседестермен" аяқталады. Қала ішінен атпен, есекпен кетіп бара жатқан адамдарды да көре аласыз. Алайда, мұның бәрі де тұрғындарға мейірімді, сабырлы болуға кедергі бола алмайды.
Каирлық тұрғындардың ең сүйікті жерлері – Гиза шоқысы. Мұнда планетамызға мәшһүр Хеопс, Хефрен және Микерин пирамидалары бар. Сондай-ақ, Египеттегі Сфинкс мүсіні (арыстан басты), Джосер пирамидасы, Синай тауы, Карнака аталатын ғибадатханалар кешені, Асуан тоғаны, Мейдумдағы Сонофру пирамидасы, Дашура пирамидалары, Каирдағы цитадель, Александр бағанасы сынды таңғажайып ескерткіштер сіздің қызығушылығыңызды оята алады.
Хеопс Пирамидасы – "Әлемнің жеті кереметінің" ішіндегі бүгінге дейін сақталған жалғыз мұра. Пирамида биіктігі – 137,2 метр. Хеопс пирамидалары 2,3 миллион шаршы тастан 203 қабат болып орналастырылған екен. Мұндағы бір тастың өзі 2,5 тоннаға жетеді, кейбірі тіпті 15 тоннадан да асып жатады.
Хеопс пирамидаларына кеткен материалдарды 17 есе басып озатын Асуан бөгеті – әлемнің ең үлкен құрылыстарының бірі. Осының әсерінен Насера өзені пайда болып отыр. Бұл – әлемдегі ең үлкен жасанды су қоймасы болып табылады.
1869 жылы тұрғызылған Суэц каналы – әлемдегі ең үлкен канал. Ол Жерорта теңізі мен Қызыл теңізді қосып тұр. Бәрімізге жақсы таныс Панама каналы Суэц каналынан екі есе кішкентай келеді.
Египет – аграрлы ел. Тамаша климат бұл жерде жылына үш рет астық жинауға мүмкіндік береді, сондықтан да, бұл жерде жемістер мен көкөністердің түр-түрін оп-оңай әрі арзанға таба аласыз. Египеттің 95%-ын құм алып жатыр. Ал ауыл шаруашылығымен айналысатындардың басым бөлігі Ніл ауданында қоныстанған. Ніл өзені Египетті екіге бөледі: Төменгі Египет және Жоғарғы Египет.
Мемлекет негізгі кірісті баж салығынан көреді, кіріс әкелуде екінші орында тұрған мұнай болса, үшінші орынды туризм алып отыр.
Халықтың өмір сүру ұзақтығы: әйелдер – 93 жас, ерлер – 87 жас.
Египетте ең алғаш рет құлып пен кілт, шаштараз өнері, тарақ пен қайшы, макияж бен дезодрант, тіс щеткасы мен тіс пастасы, жазу мен қағаз, сия, тас толтырылған жастықтар, цемент, сыра, әйнек, жасанды шаш (парик), хат таситын құстар, 24 тәулік пен 365 күнтізбелік күн ойлап табылды.
Көп адамдар шараптың отаны Франция деп санаса да, ең алғашқы шарап қоймалары Египеттен табылып отыр. Египеттің ежелгі тұрғындары өздерінің туған күндерін жасыратын болған. Тарихшылар мұның себебін әлі күнге дейін білмей келеді.
Египеттегі көптеген үйлердің шатырлары соғылып бітпеген, кейбірінде тіптен жоқ. Египет заңына сәйкес шатыры жоқ үй әлі соғылып бітпеген үйге жатады, сондықтан адамдар оған салық төлемейді екен.
Арабтардың шөл даласында жаратылысы өте қызықты адамдар өмір сүреді. Халық оларды бәдәуилер деп атайды. Бәдәуилер жерден жерге көшіп жүреді, олар мемлекетке, заңға, шекараға назар аудармайды. Олардың төлқұжаты да, ақшалары да жоқ. Балалары мектепке бармайды. Бүгінде оларды отырықшыландыру жұмыстары қолға алынған. Бәдәуилерге арналып үй соғылып, мектеп ашылып жатыр. Солай болғанымен, олардың көпшілігі көшпелі өмірін өзгерткілері келмейтіндігін айтып, көмектен бас тартып отыр. Көптеген туристік фирмалар тұрмысы ерекше халықпен келісімге отырып, көшпелі өмірді тамашалату үшін туристерді әкеледі.
Египетте жылына 2-3 см ғана жауын-шашын түседі (Каир аумағында 28 мм). Кейбір аудандарда жылына 100 мм ғана жауын-шашын байқалады.
Египет аймағында әлемдегі ең үлкен шөл дала жатыр. Сахараның аумағы – 8700000-9000000 шаршы шақырым аралығында, оның 70%-ы – қиыршық тас, 30%-ы – құм. Сахарада жылына 100 000 сағым байқалады.
Елдегі көптеген отбасы кедей өмір сүреді. Олар ауыл шаруашылығымен айналысады екен.
Араб асханасы өте ерекше келеді. Мұнда ащы да, тәтті де тағамдарды жей аласыз. Ұлттық тағамдары: дәмдеуіштер қосылған аса үлкен емес котлеттер, құймақтарды еске салатын жұқа қамырлар, фулл деп аталатын жұмсақ тағам. Бұл елде экзотикалық жемістер өтімді келеді.
Дәстүр бойынша, араб қыздарына өзге ұлтқа тұрмысқа шығуға қатаң тыйым салынған, ал араб жігіттері өзге ұлттың қызына үйлене береді. Египетте дүниеге келген нәрестеге әкесінің тегі берілетіндіктен осындай жағдайлар орын алады.
Көп әйел алу жағына да белгілі бір ережелер бекітілген. Соғыс кезінде асыраушысынан айырылған әйелдерді тоқалдыққа алуға болады. Және ер азаматтың екі әйелді асырай алатын жағдайы болу керек. Көбіне қыздар тұрмыс құрғаннан кейін жұмыс істемейді.
Жігіт үйленер алдында қалыңдықтың ата-анасымен келісімге келуі керек. Егер, бәрі ойдағыдай болса, жігіт жағы пәтер, жиһаз алып, қалың мал төлейді. Қалың малдың мөлшері жағдайға байланысты әртүрлі болады. Қалыңдық жақ тек қана ас үйге арналған жиһаз береді.
Дүкенге жол тарта қалсаңыз, Египетте дүкеннен керек затыңызды бірден сатып алуға болмайтындығын біле жүріңіз. Сатушылар шәй ішіп отырып саудаласқанды жақсы көреді. Заттардың бағасы қымбат болғанымен, сауда барысында төмен бағаға түсіріледі.
Египеттегі қоғамдық көліктердің қимыл-әрекеті өте қызықты. Олардың автобустарында есік жоқ және олар аялдамасыз қатынайды. Осыған орай, жолаушылар, өздеріне керек жерге келгенде автобустан секіріп түсуі керек. Бұл жағдайға Египеттің егде жастағы тұрғындары да бейімделген. Себебі, автобустар өте төмен жылдамдықта жүреді.
Ғашықтарға қоғамдық орындарда құшақтасуға тыйым салынған. Тіпті, анайы емес құшақтасулардың өзі көзден таса жерде орын алуы керек. Қол ұстасып жүруге ғана рұқсат беріледі. Бұл ережеден бейхабар туристерге қатаң ескерту беріледі.