Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар!

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар!

Жас жеткіншектерді жазғы демалыстарын пайдалы етіп өткізуге баулитын, сонымен қатар блог жазуға үйрететін "Мақсатыңа Массагетпен бірге жет" байқауы да басталып кетті. Қатысушылар топ-топқа бөлініп, алғашқы блогтарын жариялап үлгерді. Мен сіздерге "Жүйрік болсаң, алдағыны басып оз! Мықты болсаң, арттағыны жеткізбе!" деген сөзді ұран етіп алған "Сәйгүлік" тобын таныстырмақпын.

Бұл топтың құрамы аралас — ұлдар да, қыздар да бар. Алдарына қойған мақсаттары да әралуан. Десе де көбі өнерге жақын, шығармашылықты сүйеді. Ендеше, бастайық!

Жапон өнертапқышы Момофуку Андо: "Жер бетінде бейбітшілік орнату үшін өмірімді жаңа дүниелер ойлап табуға жұмсадым", - деген екен. "Сәйгүлік" тобындағы бейбітшіліктің нышаны іспеттес болған Нұрай Қалдарбек осы тұлға 89 жылдық мерейтойын атап жатқанда, яғни 1999 жылдың 5 наурызында дүниеге келген. Анасына еліктейтін ол сурет салуды, салған суреттері арқылы жансыз заттарды "тірілткенді" ұнатады. Бос уақытын қашанда пайдалы іске жұмсауды жөн көреді.

Француз математигі Жорж-Луи Леклерк: "Жақсы жаза алу — білімнің, жанның, талғамның көрінісі", - депті. Әйгілі тұлғаның туғанына 292 жыл толғанда, яғни 1999 жылдың 7 қыркүйегінде дүниеге келген Зарина Мәлік жазу арқылы өз ойын жақсы жеткізе алатындардың қатарында. Ол қазақ болғанына, Қазақстан атты мемлекетте тұрып жатқанына зор мақтанышпен қарайды. Болашағын бухгалтер мамандығымен байланыстырса да жаны шығармашылыққа жақын Зарина байқаудың арқасында өз қабілеттерін шыңдауды мақсат тұтады.

"Адам әдетте жеңіліске емес, жеңіске деген үміттің сөнгеніне күйзеледі", - деген екен жазушы Жюль Верн. Байқаудағы алғашқы блогын "Осы сәтпен өмір сүр!" деген атаумен жариялап, жеңіске деген үмітін ешқашан сөндірмейтінін жеткізген Үкілай Алмас әлем жұртшылығы француз жазушысының 174 жылдығын тойлап жатқан күні, 2002 жылдың 8 ақпанында өмір есігін ашыпты. Сурет салып, ән айтып, би билеуді ұнататын ол болашақта актриса болуды армандайды.

"Танымалдылық керемет, мен одан ләззәт аламын", - депті актриса әрі әнші Николь Шерзингер. Америкалық жұлдыздан тура 26 жасқа кіші Рудный қаласының тұрғыны Анжела Жарақұлова да болашақта танымал болғысы келеді. Сол жолда ол қазірден бастап тынбай еңбек етуде. Кәріс дорамаларын үзбей қарайтын жеткіншек болашақта Қазақ Елін әлемге танытатын үздік телехикая шығаруды мақсат тұтады.

Американдық актер әрі режиссер Жан-Клод Ван Дамм бір сұқбатында: "Мен "жеңілу" деген сөздің мағынасын ешқашан түсінген емеспін", - деген көрінеді. Бұл сөздің ("жеңілу") мағынасын Ван Дамм 44-ші туған күнін тойлап жатқанда, яғни 2004 жылдың 18 қазанында Алматыда дүниеге келген Жанерке Зекей де түсінбейді. Биыл бесінші сыныпты үздік бітірген ол 2 жасынан сурет салуды, ал 3 жасынан атқа еркін отыруды үйренген. Жанерке байқаудың барынша қызықты өтуіне тілектес жандардың бірі.

"Не істесең де, сеніміңді жоғалтпа. Өзгелердің сөзі туралы көп ойланба", - депті қашанда өз ұстанымына берік болған футболшы Дидье Дрогба. Ол өзінің 20 жасқа толған туған күнін "Ле Ман" клубында ойнайтын әріптестерімен тойлап жатқанда, яғни 1998 жылдың 11 наурызында дүниеге келген Ержан Күзембаев та Дидье секілді өз ұстанымына берік. Ержан болашақта автослесарь болмақ. Осы мамандықты меңгеру үшін көп ізденіп, біраз кітап оқыған. Бүгінде автослесарь болуды көп бала ойлай бермейді, сол себепті таңдаған мамандығы Ержанның өзгелерден қаншалықты ерекше екенін көрсетіп тұрса керек.

"Соңына дейін күрес. Ауыртпашылық уақытша, атақ мәңгілік!", - деген ұстанымы бар американдық боксшы Рой Джонсты одан тура 31 жасқа кіші Ғасырбек Төлегенов те қолдайды. "Мүмкін емес нәрсенің бәрі мүмкін" дейтін ол өмірде ешкімге еліктемегенді жөн санайды. Өйткені әр адам жеке тұлға, түпнұсқа болуы керек деп есептейді. Бос уақытында техникалық құралдарды жөндеп, өз қолымен зат құрастырғанды ұнататын Ғасырбек мақсатына жетіп, өзгелерге үлгі болғысы келеді.

Американдық актер Джонни Депп: "Басымнан өткерген жамандықтардың арқасында мен жақсылықтың не екенін түсіндім", - депті. Әлемге "Джек Торғай" деген атпен танымал болған тұлға 37 жасқа толған күні, 2000 жылдың 9 маусымында өмірге келген Думан Серікбаев "Өмірдің әр сәтінен сабақ ал" деген қағиданы ұстанады. Думанның қызығушылықтары ерекше. Ол бос уақытын биология, химия, физика бағытындағы зерттеулер жүргізуге арнайды.

"Шыңға жету қашанда қиын. Алайда онда ұзақ уақыт тұру одан да қиын" — бұл боксшы Владимир Кличконың нақылы. Украиндық өзінің 29 жасқа толған туған күнін тойлап жатқанда дүниеге келген Ерсұлтан Ерболған да жоғарыда айтылған ойды дұрыс санайды. Бағындырар шыңында ұзақ тұру үшін ол қазірдің өзінде тынбай еңбектенуде. Бұйырса, шыңға апарар алғашқы белестерді осы жазда аспақ.

Y. Almabek