Жазғы демалысыңды Massaget-пен бірге өткіз

Жазғы демалысыңды Massaget-пен бірге өткіз
Фото: Massaget.kz

Көптен бері сағындырған жаз да келіп жетті. Оның асыр салып ойнауға мүмкіндік беретін шуақты күндерін қатты аңсаған едік. Енді сөмкемізге керек-жарағымызды салып алып, ауылға тікесінен жол тартуымызға болады. Бар қызық сол ауылда секілді. Құнарлы қара топырағына аунап, атаңа мал бағуға көмектесіп, әжеңе құрт жасасып қолғабыс еткенге не жетсін?! Ауыл балаларымен ойнайтын ақсүйек, ақсерек-көксерек, аударыспақ сынды ойындар ше?

От жаққанда шығатын қидың иісі, шөліңді қандыратын биенің сүті ерекше тамсандырады. Қазақ – мал баққан елміз демекші, төрт түлік малдың соңында жүріп, ешбір жасандылығы жоқ табиғатты көрудің өзі бақыт. Мұндай бақыт екінің біріне бұйыра бермейді. Заман талабына сай ауылдағы туысқандарымызды қалаға көшіруге асығамыз. Алайда жазғы демалысты қалада да қызықты етіп өткізуге болады. Уақытымызды үнемдеп, әрбір тағатымызды қызықты етіп өткізуге тырысайық. Олай болса, іске сәт!

Бәрінен де бастау қиын. Сол себепті, ең алдымен, жоспар құрып алсақ, барлығы оңай болады. Алдымызға айқын мақсаттар қояйық. Мысалы, қыз балалар жоспарын төмендегідей етіп құруларына болады.

Менің жазғы жоспарым:

1. Алматының ең әсем жерлерін аралап шығамын.

2. Бес түрлі жаңа тағам әзірлеп үйренемін.

3. Жақсы әдеттер қалыптастырамын.

4. Анама әдемі сырға жасаймын.

5. Он кітапты оқып бітіремін.

Осы секілді жалпылама жоспар құрып алған соң әрқайсысына жеке-жеке тоқталыңыз. Алматы қаласын шартты түрде алдым. Оны өзіңіз тұрып жатқан өлкеңізбен алмастыруыңызға болады. Бұл үшін сізге Нұрбол тілшіміз жүргізетін сайтымыздың Әлемтану айдары мен Ерболат есімді сері жігітіміздің фоторепортаждары көмекке келеді.

Ал екінші мақсатыңызды жүзеге асыру үшін Анар, Айгерім, Сәния, Қарлыға есімді журналистеріміздің мәзірін қарауыңызға болады. Ол жерде барлығы түсінікті етіп жазылып, тағамды әзірлеу әдісі суреттің көмегімен көрсетілген.

Үшіншіден, жақсы әдеттер қалыптастыру үшін Бойжеткен айдарының кеңестеріне жүгіне аласыз. Есіңізде болсын, біз әдеттен арыла алмаймыз. Оны тек басқасымен алмастырамыз. Сол себепті, өзіңіздің кемшіліктеріңізді анықтауға тырысыңыз. Мысалы, қолыңызбен көзіңізді ұстай беретін болсаңыз, қолыңызға кішкене сөмке немесе беторамал ұстап жүріңіз. Таңертең тұрып жүгіруге ерінсеңіз, кешкі мезгілде жүгіруге дағдыланыңыз. Қандай әдет болсын оны үзбей 21 күн бойы қайталау арқылы өмірлік етіп қалыптастыра аламыз. Бұл үшін сізге Мейіргүл, Ақерке, Фариза есімді тілшілеріміздің кеңестері көмекке келеді. 

Төртінші мақсатыңызды жүзеге асыру үшін handmade, қолөнер бұйымдардың жасалу жолына жүгінуіңізге болады. Ақтоты, Назерке есімді аруларымыз бірнеше бұйымдардың жасалу үлгісін ұсынған болатын. Ол бұйымдар сырға, шашбау, жүзік, білезік болуы мүмкін. 

Бесіншіден, Әдебиет айдарында заманауи жазушылар мен ақындардың туындылары беріліп отырады. Мұнымен қатар, классикалық туындыларға қатысты ара-тұра рецензия да жазылады. Мейіргүл мен Шерхан әдебиетке қатысты сапалы туындылар мен жаңалықтарды үзбей ұсынуға тырысады. Абай жолының қысқаша мазмұны да бар. 

Енді ұлдарымызға келейік. Оларға төмендегідей мысал ұсына аламыз:

1. Жазда 100 фильм көремін.

2. Бір спорт түрін меңгеремін.

3. Ағылшын тілінің жалпы грамматикасын үйренемін.

4. Домбырада ойнауды үйренемін.

5. Талғамымды тәрбиелеймін.

Фильмдердің барлығын көріп шығу мүмкін емес шығар. Сол себепті апта сайын қызықты деп таныған, балаларға арналған фильмдер мен мультфильмдерге тұрақты түрде рецензия жазып тұратын боламыз. Оның қысқаша мазмұнын оқып, трейлерін көру арқылы шешімді өзіңіз қабылдайсыз.

Спорт түрін меңгеру үшін Massaget TV айдарындағы Сабақтар бөліміне өтіңіз. Сол жерде ер балаларға лайықталған қорғаныс тәсілдері бар. Оны Ернар мен Бауыржан есімді тілшілеріміз ретке келтіріп отырады. Бұдан өзге Өмірбек есімді тілшіміздің арқасында Спорт айдарында отандық, әлемдік деңгейдегі спортқа қатысты жаңалықтар тұрақты түрде шығып отырады. 

Ағылшын тілін үйрену үшін де жоғарыдағы бөлімнен жалпы грамматика сабақтарын қарай аласыздар. Әр тақырып тиянақты етіп түсіндіріліп, кей сабақтарда тапсырмалар берілген. Жолдас есімді тілшіміздің көмегімен уақытыңызды да, курсқа беретін ақшаңызды да үнемдейсіз.

Естеріңізде болса, Алдаспан тобының домбырашысы Бақытжан Желдербаев домбыра үйрену сабақтарын ұсынған болатын. Егер үйде аталған аспапты меңгеруге көмектесетін адам болмаса, осы сабақтардың көмегіне жүгіне аласыз.

Әрдайым мінсіз көрініп, өзгелерге жағымды әсер қалдыру үшін талғамымыз биік болуы тиіс. Әрине, өзгелерге ұнау үшін өмір сүрмеймін деп айтуыңыз мүмкін. Бірақ, психолог мамандар көңіл күйіміздің тікелей қоршаған ортаның бізге деген қарым-қатынасымен байланысты екенін айтады. Талғамға қатысты пайдалы кеңестерді Бозбала айдарында Ербол, Жасұлан есімді тілшілеріміз ұсынып отырады.

Жоғарыдағы мақсат пен жоспарды тек шартты түрде ғана ұсынудамыз. Оны өзіңіздің талғамыңызға, қалауыңызға сай құрастыра аласыз. Егер төменде пікір ретінде жазып, бөлісер болсаңыз, біз қолдан келген көмегімізді аямаймыз.

Massaget.kz ұжымы әрдайым жаныңызда болады! Олай болса, іске сәт. Барлығы да сіздер үшін. Жазғы демалысыңыз қызықты өтсін!

Қ. Бүйенбай