Алматы – ғашықтар қаласы

Алматы – ғашықтар қаласы

Көктемнің алғашқы мерекесі 8 наурызды да, ұлттық мейрам 22 наурызды да атап өтіп, енді екеуі де үндескен сезім мерекесі 15 сәуірде тілегімізді ерекше жеткізуге тырысып, ұжым болып дайындаған арнайы құттықтауымызды жолдаған болатынбыз. «Махаббат – дүниедегі барлық күштің көзі, барлық қуаттың бұлақ-бастауы. Онсыз еш жерде жеңіс жоқ» деп Ә.Нұршайықов айтқандай, ғашықтардың атаулы күні өтіп кетсе де, Ару қала сезімнің куәсі болудан бір сәт те қапы қалған емес.

Бүгін де кездесуге барамыз, ерекше кездесудің бас кейіпкерлері  –  ғашық жандар Сұлтан мен Айым. Кездесу 16.00-де Орталық саябақта болмақ.

Сағат 15.55. Әзірге жолдан әлдекімді күткен тек Айымды ғана көріп отырмыз. Сұлтан жігітіміз 5 минут ішінде үлгерер ме екен, әлде кешіге ме?

5 минуттың соңғы секундтарын санап тұрғанда, арғы жақтан Сұлтан бейнесі де көрінді. 

Екеуі қол ұстасып саябақ ішіне қарай жүріп келеді. Ғашықтардың келуімен саябақ әдемілігі тағы арта түскен сыңайлы.

Талай махаббаттың басы басталған, талай ғашықтың куәсі болып, сырын арқалаған саябақ орындықтары Сұлтан мен Айымды да құшақ жая қарсы алған тәрізді. 

Көктемнің көңілді күндерінде саябақ орындықтарында сыр шертіскен ғашықтардан асқан әдемілік жоқ, сірә.

Осы кезде Сұлтанның телефоны шырылдады, бірақ, әлденені жасырғандай әңгімені қысқа қайырып, жәй ғана жымиды.

Ғашықтарымыз көп ұзамай сыртқа бет алды. Ойлары – қаламыздың көрікті жерлерін аралап қайтпақ екен.

"Тау баласы, тауға қарап өседі" демекші, таулы "Медеу" мұз айдынына қарай жол тарттық. Бүгінгі кездесудің алғашқы орны – осы жер. 

Міне, айтылған жерге де келіп жеттік. Нағыз қызық енді ғана басталды.

Күтпеген жерден жасалған сыйлық кімді де болса қуантары анық. Айымның жүзінен де сол қуаныш анық байқалып тұрған сыңайлы.

Ғашықтарды көріп, аспанның да көңілі босағансып, жауынын төге бастады. Ғашықтарға ауа райы да өзінің тосын сыйын арнап жатқандай.

Қос ғашықтың сезімі ағып жатқан бұлақ суындай тасқынды екені байқалады.

Таудың таза ауасымен тыныстап, осылай қол ұстасып жүргенге не жетсін?! Қыдыру әлі аяқталмады, тағы да баратын жерлер бар сияқты.

Қаламыздың көркіне көрік қоса түскен ғимараттардың бірі – "Достық" жастардың да жиі бас қосатын орны. Қалада қыдырған жандардың бұл ғимаратқа кірмей кететіндері кемде-кем. Бірақ дәл осы жерден ғашықтарды жалғыз қалдыруды жөн санап, қимай-қимай қоштастық.

Бізді де қол бұлғай шығарып салған ғашықтар "кішкентай" құпияларымен бөлісуге бел буыпты. Ия, ол құпия - екі жас мамыр айында шаңырақ көтеріп, ақ отау тігеді екен. Ақ адал сезімдері мен көңілдері жарасқан қос ғашық бізді қуанышты сәттің куәсі болуға шақырды. Алатау да бірін-бірі аялаған осындай ғашықтардың куәсі болып, оларға ақ батасын беріп жатқан болар. Қол ұстасқан ғашықтардың сезімдерінің мәңгілік болатынына біз де шын қуанып, бақыт тілеп жөнімізге кеттік. Жол үстінде "Әлемді махаббат қана құтқара алады" деген даналық сөз ойға оралды. Сол себепті, қаламыз бен ғаламымызды махаббатымызбен сусындатайық, ағайын! 

Сурет: massaget.kz