- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Төреғали Төреәліге тағайындалған...
Төреғали Төреәліге тағайындалған жазаға танымалдығы әсер етуі мүмкін бе? Заңгер жауап берді
Танымал әнші Төреғали Төреәлі кеше Алматы көшелерінің бірінде ұсталды. Әлеуметтік желілерде тараған видеода ұлы дала баласының полицейлерге қарсыласып жатқаны көрінеді. Кейінірек оның есірткіге мас болғаны анықталды. Сондай-ақ, 20 тәулікке қамауға алынды. Алайда бұл өнер иесі қамауға алынған бірінші жағдай емес. Massaget.kz тілшісі заңгер Думан Көпбаевпен сұхбаттасып, әншінің танымалдығы оған тағайындалған жазаға қалай әсер еткенін, бұған дейінгі даулы істері жазаны ауырлататын мән-жай ретінде қаншалық ескерілгенін сұрады.
Заңгердің сөзінше, өнер иесіне заң бойынша дұрыс жаза тағайындалған.
"Төреғали Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 3-бөлігімен жауапқа тартылып отыр. Ол 20 тәулікке қамауға алынды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 62-бабына сәйкес, егер әкімшілік құқықбұзушылық жасаған адам сол құқықбұзушылықты бір жылдың ішінде тағы жасайтын болса, ауырлататын мән-жай деп ескеріледі немесе есірткіге, ішімдікке мас күйде құқықбұзушылық жасайтын болса, бұл да ауырлататын жағдай саналады. Төреғалиға 20 тәулік берілуі - нақты объективті, яғни заң бойынша дұрыс жаза. 20 тәулікке бас бостандығынан және 7 жылға көлік жүргізу куәлігінен айырылды", - деді Думан Көпбаев.
Өнер иесіне мінез-құлқы өрескел көрініп, полицияның заңды талаптарына бағынбады, сондай-ақ, тұрақта тұрған Chevrolet көлігіне зақым келтіріп, ұсталған орнынан қашып кетпек болды деген айып тағылды. Заңгер осы жайттар оның 20 тәулікке қамалуына әсер еткенін жеткізді.
"Бұл жерде 608-баптың 3-бөлігімен тартылып отыр. Егер біреудің көлігін соқпаса, зиян келтірмесе, 1-бөлігімен тартылуы керек еді. Онда 15 тәулікке бас бостандығынан, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Бұл жерде қатаң әкімшілік жауапкершілікке тартылып отыр. Яғни 20 күнге бас бостандығынан, 7 жылға көлік жүргізу куәлігінен айырылды. Бұл қылмыстық жауапкершілік емес, сондықтан қатаң жаза қолданылмайды, 20 тәулік жеткілікті", - дейді заңгер.
Сондай-ақ, осы баптың үшінші бөлігінде көзделген әкімшілік жаза мерзім өткеннен кейін бір жыл ішінде қайта жасалса, жиырма бес тәулікке әкімшілік қамаққа алу және тоғыз жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылады.
Айта кетейік, кеше Алматыда танымал әнші Төреғали Төреәлі ұсталған видео тараған болатын. Кейінірек оның есірткіге мас болып ұсталғаны белгілі болды.
"Тілімді қышытпаңдар". Төреғали Төреәлінің қарындасы ағасына шаң жуытпай отыр
Сондай-ақ, өнер иесі 20 тәулікке қамауға алынды. Төреғали Төреәлі өз ісіне өкініп отыр.
Полиция Төреғали Төреәлінің ұсталған сәті анық көрінетін видеоны жариялады
Еске салайық, бұған дейін TikTok-та әнші Төреғали Төреәлі белгісіз ер адамды ұрып тастаған делінген видео тарағаны хабарланған болатын. Кейінірек Алматы облысы Полиция департаменті бастығының тергеу бойынша орынбасары Рустам Әбдірахманов бұл іске қатысты пікір білдірген еді. Cонымен қатар, әнші уақытша ұстау изоляторына қамауға алынғаны белгілі болды.
Кейін әншінің өзі де жанжал неден шыққанын түсіндірген. Оның айтуынша, жаңа клиптің түсірілімі барысында жанжал шыққан. Жәбірленуші олардан көзін алмай, жұмысына кедергі келтірген. Нәтижесінде жанжал соңы әнші тарапынан төбелеске ұласқан. Ал кейін Төреғали Төреәлі соққыға жыққан жігітпен татуласқаны белгілі болды. Сонымен қатар, іс тоқтатылды.
"Төреғали Төреәліге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 1-бөлігі негізінде тіркелген қылмыстық іс бойынша тараптар татуласқанын хабарлаймыз. Нәтижесінде қылмыстық іске қатысты тергеу тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылады", - делінген Полиция департаменті хабарламасында.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова