Төреғали Төреәліден соққы жедім деген жігіт әншімен татуласты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы әншінің өзі Instagram-парақшасында айтты.
"Адамзаттың тарихы тыйым еткен жемісті жеймін деп қателесіп, артынша бірден тәубесіне келген Адам атаның тарихынан басталмай ма? Біз де сол ашуланса да, шаттанса да, соңы немен бітерін болжай алмайтын, пайда, зиянды өлшей алмай қалатын пенденің біріміз. Сахнадан көрген адамын періштедей пәк санайтын қазақ халқының таза пейілі ғой.
Ал, сол сахнадағы адамның пенделік кем-кетігін көрсе, қалған көңілі қатқан мұздай болатыны да баладай аңғалдығы емес пе? (...) "Ер шекіспей, бекіспейді" деп Бекарыс бауырымызбен мәмілеге келдік. Қарапайым адамға да, өнер адамына да ортақ республикамыздың заңымен құзырлы органдардың тексерісінен өтіп, ресми бітімге келдік. Сүрінгенде сүйеу болған, түңілгенде тіреу болған Алаш жұртына көп рақмет! Қызық болғанда, бүгін Бекарыс бауырымыздың дүниеге келген күні екен. Ғұмыры ұзақ, өмірі берекелі болсын!", - деп жазды әнші.
Еске салайық, бұған дейін TikTok-та әнші Төреғали Төреәлі белгісіз ер адамды ұрып тастаған делінген видео тарағаны хабарланған болатын. Кейінірек Алматы облысы Полиция департаменті бастығының тергеу бойынша орынбасары Рустам Әбдірахманов бұл іске қатысты пікір білдірген еді. Cонымен қатар, әнші уақытша ұстау изоляторына қамауға алынғаны белгілі болды.
Кейіннен әншінің өзі де жанжал неден шыққанын түсіндірген. Оның айтуынша, жаңа клиптің түсірілімі барысында жанжал шыққан. Жәбірленуші олардан көзін алмай, жұмысына кедергі келтірген. Нәтижесінде жанжал соңы әнші тарапынан төбелеске ұласқан.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!