Мемлекет басшысы қорғаныс министрінің орынбасарларын қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президент – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы Айтқұрман Омарбековті және қорғаныс министрінің орынбасары Татьяна Савельеваны қабылдады.
Мемлекет басшысы Қарулы күштердің қазіргі қызметі мен жауынгерлік әзірлігі, әскери даярлық іс-шараларын қаржылай қамтамасыз ету, Қорғаныс министрлігі бюджетінің орындалуы туралы есепті тыңдады.
Жоғарғы Бас Қолбасшыға жауынгерлердің жай-күйі мен әскерді жұмылдыру дайындығы, сондай-ақ, ведомство органдарына және сарбаздарға жүктелген міндеттердің орындалуы туралы баяндалды.
Президентке әскердің қажеттіліктерін қаржыландыру және армияны дамыту бағдарламасы туралы мәлімет берілді. Сондай-ақ, әскери әзірлік міндеттерін ескере отырып қаражатты қайта бөлу, инфрақұрылымды жарақтандыру және бөлімшелердің күнделікті қызметін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Әскерді басқару жүйесін жетілдіру, шешім қабылдау жеделдігін арттыру және сарбаздың маманданған бағытына қарай міндеттерді орындау дайындығына айрықша мән берілді.
Бұдан бөлек, мобилизацияны жоспарлау және әскери резервті дайындау, жоспарланған шығындарды негіздеу, бюджет тәртібін сақтау, бөлінген қаржыны пайдалану тиімділігін арттыру мәселелері, сондай-ақ, қаржылық бақылау мен шығындардың нәтижелілігін бағалау тәсілдері қарастырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қарулы Күштер сақадай сай болуына және әскери әзірлік сапасына қатысты, сонымен қатар, армияның ең басты қажеттіліктерін қаржылық тұрғыдан өтеу және бюджет қаражатын ұтымды пайдалану мәселелері бойынша бірқатар міндет жүктеді.
Маңғыстаудағы трагедия
24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты 17 адам суға кеткен. Соның ішінде 14 әскери қызметші қаза тапты, үш әскери қызметші құтқарылды.
Бас прокуратура мәліметінше, Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған.
Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында көз жұмған әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.
Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты көңіл айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажет шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмектесуді тапсырды.
Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде әскери қызметшілер қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды.
Тергеу барысы
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабы 2-бөлігі ("ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау") және 465-бабы ("кеме жүргізу қағидаларын бұзу") бойынша қылмыстық істер қозғалған (соталды тергеу басталған - еск.).
Сонымен қатар, Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасына қатысты іс бойынша Қорғаныс министрлігі жүйесінен бес лауазымды тұлға ұсталды. Олардың барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сондай-ақ, Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы ұсталды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова