2026 жылғы 25 қыркүйек - Қазақстан Республикасында Жалпыұлттық аза тұту күні

Маңғыстаудағы трагедиядан кейін Данияр Хайрушев ұсталды

Маңғыстаудағы трагедиядан кейін Данияр Хайрушев ұсталды
Фото: gov.kz

Қарулы күштер Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушев ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кімдер ұсталды?

Бұған дейін ІІМ қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу бойынша ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқықбұзушылықтар жасады деген күдікпен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жоғары және аға командалық құрамындағы бес лауазымды тұлға ұсталғанын хабарлады.

Министрлік олардың аты-жөнін атаған жоқ. Ұсталғандар қатарында ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары - штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, сондай-ақ, теңіз жаяу әскері ротасының және "Қайсар" катерінің командирлері бар.

Данияр Хайрушев туралы не белгілі?

Қорғаныс министрлігінің ашық мәліметіне сүйенсек, ӘТК бас қолбасшысының бірінші орынбасары лауазымын Данияр Хайрушев атқарады. 2026 жылғы мамырда ведомство мемлекеттік наградалармен марапатталған әскери қызметшілер тізімінде оны дәл осы лауазымда көрсеткен.

Кейінгі жылдары оның жұмысының негізгі бағыттарының бірі Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік дайындығы болған. Ал 2026 жылғы мамырда Данияр Хайрушевтің лауазымы жоғарылаған.

Сол кезде Қорғаныс министрлігі оны Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары деп жариялаған.

Маңғыстаудағы трагедия

24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлауы және жел күшеюіне байланысты әскери қызметшілер суға кеткен.

Нақтыланған мәліметке сәйкес 17 адам суға кеткен. Оның ішінде 14 әскери қызметші қаза тапты, үш әскери қызметші құтқарылған. 

Бас прокуратура мәліметінше, Ақтау гарнизонында оқу-жаттығу барысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған. 

Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығулар өткізу барысында көз жұмған әскери қызметшілердің қазасын тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссия құрылды.

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысында әскери қызметшілер қаза табуына байланысты көңіл айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтік комиссияға оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажет шаралар қабылдауды және қайтыс болған жандардың отбасына көмектесуді тапсырды.

Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндетін атқару кезінде әскери қызметшілер қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды.

Тергеу барысы

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 453-бабы 2-бөлігі ("ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау") және 465-бабы ("кеме жүргізу қағидаларын бұзу") бойынша қылмыстық істер қозғалған (соталды тергеу басталған - еск.).

Сонымен қатар, Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасына қатысты іс бойынша Қорғаныс министрлігі жүйесінен бес лауазымды тұлға ұсталды. Олардың барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget